2.06.2022, 10:15
Оқылды: 81

Балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейту бойынша пилоттық жоба басталды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында балабақшаларға қойылатын талаптар туралы жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220602085614014e

«Орнатылған бейнекамералардың арқасында қоғам балалардың құқықтары бұзылған фактілер туралы хабардар отыр. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымымыздың өзектілігін растайды. Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Ол қандай нәтиже берді? Жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін қамтылды. Бұл - жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті. Екі жыл бұрын біз лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасадық. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр», - деп жазды министр.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов балабақша тәрбиешілерінің жалақысы туралы айтты.

«Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр. Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Әрине, жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін түсінеміз. Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін», - деп толықтырды министр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале