25.08.2022, 9:30
Оқылды: 102

Балабақшада тәртіп босаңсымасын!

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орал қаласындағы бірді-екілі жеке балабақшада тәрбиешілердің балаларды ұрғаны туралы хабарлады. Басқа аймақтарда да ата-аналар тәрбиешілердің балаларға қол жұмсау, денсаулығына зиян келтіру, сондай-ақ балабақшадағы сапасыз жағдай және кейбір жекеменшік ұйымдардың жосықсыз жұмысына қатысты шағым түсірген. Арыз иелері балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етуде.

2

Фото: egemen.kz

Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты тартып қалып, соның кесірінен оның сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші қызметтен босатылды, ал балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Министрлік сайтында жарияланған ақпаратқа сай мұндай оқиға Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да болған, онда тәрбиеші кішкентай қызды соққыға жыққан. Ата-аналардан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түсті. Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып шағымданған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, оларды бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген.

Балалар тәрбиешісінен қорыққандықтан осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпай келген. Оның балаларды қатаң жазамен қорқытқаны белгілі болды. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Құқықбұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды мектепке дейінгі сапалы оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуге мүдделіміз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат  Көбенова.

Министрліктің мәлімдемесіне байланысты мән-жайды білу үшін Орал қаласының білім бөліміне хабарластық. Орал қаласының білім бөлімінің баспасөз қызметі биыл бір ғана арыз тіркелгенін хабарлады. «Жыл басына бері Орал қаласының білім бөліміне 1 жеке балабақша тәрбиеленушісінің ата-анасынан тәрбиешінің баланы ұрғаны туралы шағым түсті. Шағым бойынша қалалық білім бөлімі балабақша директоры мен тәрбиешінің және ата-аналардың қатысуымен жиналыс өтті. Жиналыс кезінде қыз баланың әкесі болған жағдайды толық баяндап, құқық қорғау құрылымдарына арыз жолдағанын айтты. Басқа ата-аналар тәрбиешінің қыз баланы сызғышпен ұрғанын балаларынан естіген. Тәрбиеші балаларға айқайлап сөйлегенімен, оларға қол көтермегенін мәлімдеді. Жиналыс соңында ата-аналар тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін тәрбиешіні жұмыстан шеттетуді және педагог қызметімен айналысуға тыйым салуын талап етті. Бөлім басшысының орынбасары А.Даумова балабақша директорына тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін тәрбиеші жұмыстан шеттету қажет екенін ескертті. Ал ата-аналарға педагог қызметімен айналысуға тыйым салу сот құрылымдарының құзыретіне кіретінін түсіндірді», – делінген білім бөлімінің баспасөз қызметі жолдаған хабарламада. Кейбір бұқаралақ ақпарат құралы ата-ана мен тәрбиеші арасындағы дау «Тимошка» балабақшасында тұтанғанын атап көрсеткен. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ғабдушевке сұрау салғанымызда, ол аталған деректермен таныс екенін, екінші балабақшадағы оқиға былтыр болғанын, бірақ мораторийге байланысты тексеріс жүргізуге құқы жоқ екендерін айтты.

Орал қаласының білім бөлімі «Страна чудес» жеке балабақшасында орын алған жағдай бойынша мән-жайды хабарлады. «2021 жылдың ақпан айында «Страна чудес» жеке балабақшасы тәрбиеленушілерінің ата-аналары Орал қаласының білім бөлімі басшы­сының қабылдауында болып, аталған жағдай бойынша шағым түсірді. Өз кезегінде бөлім басшысы орын алған жағдайды анықтау мақсатында «Страна чудес» жеке балабақшасының директоры мен тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен кездесу ұйымдастырды. Бөлім басшысы ата-аналарға ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» №229 Жарлығына  сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау тоқтатылғанын түсіндірді. Осыған сәйкес, тәрбиеленушілерінің ата-аналарына аталмыш жағдай бойынша құзырлы құрылымдарға арызбен жүгінуге кеңес берілді. Сонымен қатар білім бөлімі де ата-аналар арызын тіркеп, БҚО полиция департаментіне аталған балабақшада орын алған мәселені  қарау бойынша 04.02.2021 жылғы №1-10/507 шығыс хатын жолдады»,  – делінген ресми хабарламада.

Қалалық білім бөлімі баспасөз қызметінің дерегіне сай 2022 жылы қала бойынша мемлекеттік білім тапсырыс аясында 84 жеке балабақшаға 6331 бала орналасты. Мемлекеттік білім тапсырысы бір балаға 1 айға 41 197 теңгеден қарастырылған. Биыл мемлекеттік білім тапсырысын алуға  27 (15 жаңа және 12-сі бұрынғы балабақшаларда орын санының көбейтілуі)  жеке балабақшадан 2308 баланы қаржыландыруға өтінім келіп түсті. Осыған орай облыстық білім басқармасына қосымша қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жіберілген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылып отырған жеке балабақшаларға қатысты мәселе шаш-етектен екені анық. Ғимараттың тарлығы, санитарлық талаптың сақталуы, ұжымның жауапкершілік деңгейі және бұдан басқа сан ережені бұлжытпай орындауына қатысты сұрақ көп. «Бала – адамның бауыр еті» демекші, әрбір әке-шеше бөбегінің жағдайына ұдайы алаңдайтыны мәлім.

Мәні бөлек мораторий түпкілікті тексеруге қолбайлау болып отыр. Бала қауіпсіздігі барлығынан маңызды болуы керек емес пе? Мемлекеттен қаражат алады екен, балабақшалар мен бөбекжайлар тұтынушыларға ашық есеп беріп отырғандары абзал.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале