Балабақшаға кезекке қою мен жолдама алуға арналған Есепке алудың бірыңғай базасы құрылып жатыр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде аталған министрліктің басшысы Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясат әрбір балаға мектепке дейінгі сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған. 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымға 1 млн-ға жуық бала барады. 100 мыңға жуық педагог балабақшаларда тәрбие және оқыту мәселелерімен айналысады.
Балабақшалардағы кезек мәселесін шешу үшін жыл басынан бері 32,8 мың орындық 332 мектепке дейінгі ұйым ашылып, жыл соңына дейін тағы 48 мың орын қосылады», - деді Ғ. Бейсембаев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жолдама алуға арналған Есепке алудың бірыңғай базасы құрылып жатыр.
«Былтыр енгізілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі оң нәтиже бере бастады. Жеткіншектердің қауіпсіздігі үшін барлық мемлекеттік балабақша бейнебақылаумен жабдықталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіби мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артады және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады», - деді министр.
Сонымен қатар ол балабақшаның әр тәрбиешісі өз қарауындағы баланың мектепке дайын болып баруына жауапты екенін атап өтті.