28.12.2016, 7:53
Оқылды: 34

Балалар байқауы қорытындыланды

 balalar-baykaui Жылдағы дәстүр бойынша облыстық «Орал өңірі» газетінің балалар шығармашылығына арналған байқауының қорытындысына орай шара өтті.

  «Жайық Пресс» медиахолдингінің баспасөз орталығында болған шараға осы байқауда үздік деп танылған оқушылар, ата-аналар, ұстаздар қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған биылғы байқауға да көптеген мақала-материал, өлең, жұмбақ, суреттер келген болатын. Жыл сайын өтетін аталмыш байқауға негізінен аудан-ауылдарға бүлдіршіндер белсенді қатысса, биыл қала мектептерінің оқушылары да олардан қалысқан жоқ.


   -Байқаудың басты мақсаты – балаларды әдебиет әлеміне жетелеу. Сол арқылы рухани бай, рухы мықты, намысқой қыз-жігіттерді тәрбиелеуге атсалысу. Байқау барысында балалардың тақырып таңдауына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Шынайы, табиғи түрде жазылған әңгіме, өлең, мақала, салынған сурет сол күйінде газет бетіне жарияланды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі, мұнда орын берілмейді. Баланың жазған тақырыбына байланысты аталым бойынша марапатталады,-деді шараны ашқан «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

   1 қыркүйекте жарияланып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қорытындысы шығарылған байқау нәтижесінде жеңімпаз болғандардың ішінде Жаңақала мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Ерасыл Жұпмағамбет («Азамат» аталымы бойынша), Қаратөбе ауданының Егіндікөл орта мектебінің 5-сынып оқушысы Кәмила Төлегенова («Болашақ чемпион» аталымы), Орал қаласының №19 мектебінің 2-сынып оқушысы Бекнұр Шатлан («Жасай бер, Қазақстаным» аталымы), №47 мектебінің 2-сынып оқушысы Ақерке Жылқайдар («Тәуелсіздікке тарту» аталымы бойынша) бар.

   Айта кетейік, байқауға «Мақсат» медицина колледжі (директоры Мақсот Берген), «Казконтракшнгрупп» ЖШС (Құсайын Бақтиярұлы) және Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясы демеушілік етті.

Мәди ЫҚЫЛАС

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале