5.04.2022, 11:00
Оқылды: 184

Балалар бау-бақша баптайды

Қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Жұлдыз» комьюнити орталығы 2008 жылдың шілде айында балалар аула клубы болып ашылды. Аула клубының алғашқы меңгерушісі –Альбина Аманжолқызы. Уақыт өте келе заманауи құрылғылармен жабдықталып, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылғы 29 желтоқсанда комьюнити орталық ретінде қайта ашылды. Жалпы, «Жұлдыз» құрылу уақыты жағынан бірлестікке қарасты аула клубтары менкомьюнити орталықтарының ең жасы саналады. 

316835e9-998f-4c81-99e9-f79861964152

Мұнда балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және өнерге, спортқа, сахна мәдениетіне баулу мақсатында жеті үйірме жұмыс істейді. «Жас ақындар», «Үстел үсті ойындары», «КТА» және «Әсем ән» (вокал), «Наз» (би), «Жас дүлдүл» (драма), «Нағыз қазақ» (домбыра) үйірмелеріне оқушылар асқан қызығушылықпен қатысады.

«Жұлдыз» комьюнити орталығының меңгерушісі Орынбек Меңдіқұловпен сөйлесіп, жас жеткіншектердің талпынысы, жеткен жетістіктері, ой-жоспары жайында ақпарат алдық. Оның айтуынша, орталық тәрбиеленушіге бай. Бүгінде үйірмелерге 7-16 жас аралығындағы жалпы саны 213 оқушы қатысады. Сабақты жоғары білімді жеті  қызметкер жүргізеді.

– Бізді тәрбиеленушілер санының артып келе жатқаны қуантады. Карантинде онлайн сипатта жұмыс істедік. Сол уақытта тәрбиеленушілерді бір жерге топтастырудың сәті түспеді. Балалармен бетпе-бет кездесіп, емін-еркін қарым-қатынас орната алмадық. Офлайн жұмысқа жететін ештеңе жоқ.

880cba96-6a79-4557-9783-c3d34abbf923

Ұрпақ тәрбиелеу – аса маңызды міндет. Ұйымшылдық танытып, жүйелі түрде жұмыстанудамыз. Қызметкерлер де, оқушылар да бір-біріне аса қамқор. Оқу­шылардың ішкі сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында «Көңілді тапқырлар алаңы» үйірмесін аштық. Басқа аула клубтары мен комьюнити орталықтарында мұндай үйірме жоқ. Балалар жылына және қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің 30 жылдық мерейтойына орай көптеген ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. «Берсең, балаға бер» демей ме, іс-шаралардың бәрі де балалардың қатысуымен оздырылады. Арық айтып, семіз шыққымыз келеді. Қандай бағытта өтетіні әзірге жұмббақ қалпында қала тұрсын. Бұл – біздің кішкентай құпиямыз, – деген Орынбек Нұрболатұлы «Жұлдыз» арқылы жұлдызы жанғандардың қатары көбейгенін тілге тиек қылды.

«Жас ақындар» үйірмесінің тәрбиеленушісі Әлішер Сүндетов Сырым ауданында өткен оқушылар мен студенттер айтысында Жүрсін Ерманның алғысхатына ие болып, алғашқы темір тұлпарын (велосипед) мінген. Сондай-ақ Дана Жақан жетекшілік ететін «Жас дүлдүл» драма үйірмесінің тәрбиеленушілері қалалық «Жас өрен» байқауында 3-орын алса, «Өнерлі ұрпақ – кемел келешек»  байқауында 1-орынды иеленген. Қалалық мәдени-ағарту бірлестігі жанынан құрылған «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданған аталмыш үйірменің қатысушылары көрерменді әлі талай керемет қойылымдарымен қуантады деген сенімдеміз.

Анарбек Жандарбекұлы жүргізетін «КТА» үйірмесі жанынан құрылған «Тренд» командасы «Ақжайық» жайдарман мектеп лигасында чемпион атанды. Қайрат Қарақойшиев баптайтын жас спортшылар да нақты нәтижеге қол жеткізуде. 20-ға тарта команда қатысатын жазғы және қысқы спартакиадаларда қанжығалары майланды.

– Нұрдәулет Салихов, Мерей Төлегенов, Хамза Асылбек, Наргиза Абзалқызы секілді болашағын спортпен байланыстырғысы келетін тәрбиеленушілеріміз жарыстарда жеңіс тұғырынан бірнеше мәрте көрінді. Олардың бапкері Қайрат Қайырболатұлы 2018 жылы «Үздік спорт әдіскері» атанды. Сондай-ақ оқушымыз Айару Асланбекқызы дәстүрлі ән айтудан алдына жан салмайды. Мерей Мәліков болса, мәнерлеп оқудың шебері. Айсәуле Шынболат өлең жазуға құмар. Ерсайын Айбатыр есімді тәрбиеленушіміз күйді керемет орындайды. Бұлардың бәрі де тартысты додаларда топ жарып жүр, – деді Орынбек Меңдіқұлов.

Орталық меңгерушісі де өнерден құралақан емес. Осы кезге дейін айтыс сахнасында танылған ол жуырда «Ән Star» байқауында бас жүлдеге ие болды.

«Жұлдыз» комьюнити орталығы осындай өнерлі шәкірттермен бірге біраз ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығымен бірлесіп, ұлттық домбыра күніне орай «Нағыз қазақ» атты іс-шара өткізді. Бұл жобаға үйірме қатысушылары және өңірімізге белгілі күйшілер мен әншілер, жас айтыскер ақындар қатысты. Сонымен қатар Қала күніне орай аула клубтары мен комьюнити орталықтары тәрбиеленушілері және жетекшілері арасында үстел теннисінен турнир өткізді. Жалпы, «Жұлдыз» облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді түрде араласады.

Аталмыш орталық қайырымдылық жасауға да баса назар аударады. 2021-2022 жылғы оқу жылы басталар тұста «Хафиз» шаруа қожалығының демеушілігімен 10 оқушыға оқу құралдарын табыс етті. Облыстық қазақ күресі ассоциациясының қолдауымен «Жұмадағы жақсылық» жобасы аясында апта сайын аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына және мүмкіндігі шектеулі балаларға дастарқан жайып, түрлі дәм ұсынады.

– Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлының бастамасымен «Менің аулам – менің бағым» жобасы жүзеге асты. Аула клубтары мен комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілеріне арналған «Жасыл желек әлемінде» атты бау-бақша лагеріне орталығымыздың тәрбиеленушілері белсене қатысты. Жаз бойы бау-бақша баптады. Уақтылы суарып, арамшөбін жұлды. Қызанақ, қияр, сәбіз өсірді. Кейін өнімді жинап, үйлеріне апарып, ата-аналарын, бауырларын қуантты. Лагерьдің жабылу салтанатында арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – еңбекке баулу жұмыстарының тамаша көрінісі, – деді Орынбек Нұрболатұлы.

Нұрдәулет Салихов, «Үстел  теннисі»  үйірмесінің тәрбиеленушісі:

– «Үстел теннисі» үйірмесіне қатысып жүргеніме үш жылдан асты. Қалалық жарыстарда жетістікке жеттім. Алдағы уақытта да түрлі турнирлерде бой көрсетіп, шаралардың жақсы өтуіне өз үлесімді қосамын. Орталықта біз бос уақытымызды көңілді өткіземіз. «Жұлдыздағы» қосымша сабақтардың бәрі де қызықты.

Әлішер  Сүндетов, «Жас  ақындар» үйірмесінің  тәрбиеленушісі:

– Үйірмеге бір жыл бұрын тіркелдім. Аз ғана уақыттың ішінде өлең құрылысы және ақындар, жазушылар жайлы біраз мәліметке қанықтым. Өлеңім «Ақ желкен» журналына жарияланды. Айтыста да бақ сынап жүрмін. Әлі талай биік белестерді бағындырамын деген ойдамын. Қатарластарымды «Жұлдыз» комьюнити  орталығындағы  үйірмелерге  жазылуға  шақырамын.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале