Өңірдегі балаларға арналған жазғы демалыс орындарында қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл жөнінде өңірлік баспасөз қызметі алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Мереке Жұмағалиев мәлімдеді.
Аталған басқарма басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде су айдындарында сақтық шараларына мән беру керектігін тілге тиек етті. Былтыр облыс аумағындағы 16 адам суға батып кеткен болса, соның 4-еуі балалар екен. Ал биыл жыл басынан бері су айдындарында 3 адам қаза болған және оның 1-еуі бала.
– Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төтеншеліктер мен полиция департаменттерінің қызметкерлері күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп жүр. Жыл басынан бері барлығы 657 рейд жүргізілді. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігіне мән берген дұрыс. Жаз мезгілінде балғындардың көбі дерлік демалыс орындарында болады. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталсам, бүгінде облыс бойынша 19 жазғы лагерь есепке алынды. Сондай-ақ 8 нысанда өрт қауіпсіздігіне байланысты профилактикалық бақылау жүргізіліп, 57 өрт қауіпсіздігінің бұзушылығы анықталды. Департаменттің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау жөніндегі мониторингтерге қатысып, 16 лагерьге қадағалау жүргізді, - деді басқарма бастығы Мереке Бауыржанұлы.
Қазіргі кезде облыс аумағында жұмыс істеп тұрған лагерлерьде төтеншеліктер балалар мен қызметкерлерге қауіпсіздікке қатысты түрлі сабақтар өткізіп жүр екен. Соның ішінде нысанда өрт шыққан жағдайда қандай әрекет істеу керектігін және суға батқан адамды құтқару мен алғашқы көмек көрсетудің ережелерін түсіндіруде.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева өңірдегі лагерлерьдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы сөз етті. Оның айтуынша, биыл облыс аумағында 17 жазғы сауықтыру ұйымы санитариялық-эпидемиологиялық оң қорытындысын алып, жұмыстарын бастап кеткен.
– Облыс әкімінің орынбасары – БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасымен «2024 жылға балалардың жазғы демалысы кезінде демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру» бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес облыстық білім басқармасымен бірге барлық сауықтыру ұйымында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу барысында ішек инфекциялары мен тағамнан уланулардың алдын алу мақсатында балалардың тамақтануына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсету мақсатында арнайы кабинет қарастырылуына, жүзуге арналған жағажайлардағы су сынамалары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болып, бассейндерде уақтылы тазалау және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуіне баса назар аударылып жатыр. Бұл ретте ата-аналар да балалардың демалысын қауіпсіз етіп ұйымдастыру үшін рұқсаты бар нысандарды таңдағандары дұрыс, - деді Гүлдана Қайыржанқызы.
Аманжол Исламғали
zhaikpress.kz