Орал қаласының солтүстік-шығыс ауданында салынған тоғыз қабатты тұрғын үйдің кілті салтанатты жағдайда иелеріне табысталды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көпқабатты бұл үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілді.
– Жаздың алғашқы күндері Орал қаласы бойынша 284 тұрғын баспаналы болмақ. Ал бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде 400-ге жуық бүлдіршін ата-аналарымен өз үйлеріне кіретін болады. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын. Өздеріңізге мәлім, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастаған еді. Бағдарламаның тиімділігі мол. Нақтырақ айтсақ, бұл жаңа үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге тұрады. Ал жеңілдіксіз нарық бағасымен алсаңыз, жаңа үйлердің бір шаршы метрі 180 мың теңге болады. Қалған 40 мың теңге ел қазынасынан субсидияланып отыр. Табыс-кірісі аз отбасылар үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1080 пәтер тапсырсақ, биыл 1800 пәтер берілмек. Ауылдар мен елді мекендерде де тұрғын үйлер салынуда. Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыздан құт-береке арылмасын,- деді салтанатты жиынға қатысып, қоныс той иелеріне кілтті табыстаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың айтуынша, солтүстік-шығыс шағын ауданында салынған екінші 104 пәтерлік үйдің кілті жуырда табысталатын болады. Жалпы биыл Орал қаласында көпқабатты сегіз үй пайдалануға берілетін болса, оның алтауы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына, екеуі тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берілмек.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали
Ботагөз Төлеуғалиева,
жаңа пәтер иесі:
– Осыдан төрт жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот аштым. Бүгін, міне, екі бөлмелі баспанаға қол жеткіздім. Қуанышымда шек жоқ. Осы күнге дейін отбасымызбен бір бөлмелі жатақханада тұрып келдік. Мәдениет саласында еңбек етемін. Пәтер құнының 20 пайызын жинаған соң, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысу үшін құжат тапсырдым. «Баспанаға өттіңіз» деп мамандар хабарласқанда жүрегім жарылардай қуанып, ұйықтай да алмай қалдым.
Светлана Джазкузиева,
жаңа пәтер иесі:
– Отбасымызбен Теректі ауданының Новопавлов ауылында тұрамыз. 2015 жылы тамыз айында Орал қаласына арнайы келіп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот аштым. Алдымен бір бөлмелі пәтерге ақша сала бастадық. Кейін отбасымызбен ақылдаса келе, қаражатты екі бөлмеге жинайтын болып шештік. Конкурстан өткенде қатты қуандық. Негізі бұл үйді бізге қазан айының 15-інде табыстайтынын айтқан еді. Алайда елдегі қазіргі ахуалға байланысты кейінгі шегерілді. Ештен кеш жақсы. Отбасымыз үшін бүгін сәтті күн болып тұр. Үш перзентіміз бар. Енді Орал қаласына көшіп келмекпіз.