Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен VI Аймақтық «Жаңа білім беру мазмұнындағы оқушы үні» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Онлайн режимде барлық дәстүрлі форматтар сақталды: пленарлық отырыстар, секциялық жұмыс, зерттеу тәжірибесінің панорамасы.
Биылғы жыл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Балалар жылы» деп жарияланды, сондықтан педагогтер қауымы оқу үдерісінде оқушы үніне құлақ асудың маңызын бұрынғыдан да тереңірек түсінуі қажет.
– Қазір әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған қазақстандық білім беру жүйесінің жаңаша қалыптасуы жүріп жатыр. Бұл процесс тәжірибеде елеулі өзгерістермен жалғасын таппақ. Егер оқушы өз үнін тыңдайтынын сезінсе, мәселелерді шешуде өз пікірінің есепке алынатынына көзі жетеді. Мұғалім де оқушы үнін есту оқыту сапасын арттыратын байқай алады, – деді алғысөзінде облыстық білім басқармасы Дамыту орталығының директоры Гүлмира Кубашева.
Конференция спикерлерінің қатарында Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенгазы Имангалиев, Мәскеу қаласындағы «Жаңа мектеп түлектері» қорының директоры Кирилл Медведев, Назарбаев Университетінің Дайындық мектебі директорының орынбасары Уоррен Рокко, Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Виктор Сосин, М.Өтемісов атындағы БҚУ аға оқытушысы Қайрат Сағынов бар.
Сонымен қатар төрт секцияда қатысушылар білім саласының актуалды мәселелерін қарастырса, «Зерттеу тәжірибелері панорамасы» секциясында NIS-тің 54 мұғалімінің бейнезерттеулері қатысушыларға ресурс ретінде таратылды. ⠀
Конференцияны қорытындылаған мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев мен қатысушылар мектеп пен оқу процесінде оқушы үні ең маңызды, ал мұғалім – әркез естуші тұлға деген тұжырымға келді.
Айдана Хамидуллина,
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы