2.11.2022, 11:00
Оқылды: 136

Балаларға кәсіптік бағдар береді

«Атамекен» ҚР ҰКП БҚО филиалында білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар берумен айналысатын педагогтермен кездесу өтті.

Копия Изображение 140

Облыстық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Абулкаирова оқушыларды түрлі мамандықпен таныстырудың жолдарын баяндады. Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасы кәсіптік бағдар беруді үш бағытта жүргізеді. Біріншісі, үш айда бір рет «облыстық кәсіптік бағдар беру күнін» өткізеді. Бұл күні өңірдегі жоғары және кәсіптік білім беретін оқу орындарының өкілдері балаларды мамандықтармен таныстырады. Екіншісі, оқушыларды өнеркәсіптерге апарады. Яғни кәсіпкерлер палатасы саяхатты арнайы бекітілген кестеге сай өткізеді. Бұл іс-шараны мектептегі педагог-кәсіби бағдар берушілер де ұйымдастыра алады. Ең бастысы, өнеркәсіптерге баратын балалардың тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалу қажет. Үшіншісі, «История успеха» журналымен бірлесіп, өңірдегі  табысты кәсіпкерлермен кездесу өткізеді. Олар балаларға бизнес ашу, табысқа жетудің қыр-сыры жөнінде дәрістер оқиды. Сондай-ақ Айгүл Абулкаирова кәсіби бағдар беретін педагогтердің жұмысына арналған әдістемелік нұсқаулықтармен таныстырды.

Копия Изображение 096

Кездесу барысында облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиева «Педагог-кәсіби бағдар беруші» лауазымына тоқталды. «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР БҒМ-ның 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығында аталмыш педагогтің міндеттері мен біліктілігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Соған сәйкес педагог-кәсіби бағдар беруші мектепте кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастырады. «Бұл бұйрыққа министрдің 31 наурыздағы №121 бұйрығымен өзгерістер енгізілді. Қызмет барысында осы құжатты басшылыққа аласыздар. Сіздер балалардың өздері қалаған мамандықты таңдауына көмектесіп, жарқын болашаққа жол сілтейсіздер. Тек мамандық таңдатып қоймай, олардың адами тұрғыда өсіп-жетілуіне, отбасына, адамзатқа қамқор азамат болып қалыптасуына үлес қосасыздар. Сол үшін де бұл лауазымның жұмысы жауапты, арқалаған  жүгі ауыр. Сіздерді кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, маңызды міндетті ойдағыдай атқаруға шақырамын», – деді Луара Қайрекенқызы.  Оның айтуынша,  кәсіби бағдар беру орта білім беретін мектептерге ғана енгізілген. Бүгінде облыста  осы бағытта жұмыс істейтін 242 педагог бар.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Суретке түсірген О.Каткова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале