ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева TiJi, Nickelodeon каналдарының неліктен қазақшаға аударылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шетелдегі танымал мультфильм каналдардың өнімдерін қазақ тіліне аудару жобасын жылдың басынан бастап кеттік. Олар: TiJi, Nickelodeon мультфильм каналдары. Олармен келіссөз өткізіліп, қазір «Қазақфильм» базасында аударуға кірістік. Жылдың соңында бұл жұмыс бітеді. Бұл дегеніміз Nickelodeon мен TiJi мультфильмдері қазақша сөйлейді деген сөз. Бұл өте маңызды. Не үшін? Қазақ тілі отбасынан басталады. Бүгінде таза қазақ тілді отбасылардағы балалардың, кішкентай бүлдіршіндердің тілі орысша шығып жатқаны ешкімге де жасырын емес. Бұл - сол мультфильмдердің салдары. Өкінішке орай, тілді тек ата-ана ғана емес, экранда қалыптастыратын заман болды. Тілі таза қазақша шыққан баланың сол мультфильмнің ықпалымен ары қарай орысша шүлдірлеп жатқаны рас. Сондықтан осы телеарналарды келіссөзге шақырып, 800 сағат өнімін қазақ тіліне аударып жатырмыз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, барлық бүлдіршін сүйіп қарайтын «Маша и медведь» мульфильмнің 1 маусымын түсіруге 2 млрд теңге жұмсалады екен. Ол не бәрі 2-ақ сағаттық өнім. Ал біз танымал мультфильм каналдардың 800 сағаттық өнімін 4 есе арзанға жасап жатырмыз. Өзіміз сапалы өнімдер жасайтын болсақ, онда ол үлкен қаражатты талап етеді. Ұзақ уақыт өтеді. Қазір әр уақытта тиімді пайдалануымыз керек. Сол себепті қазір бүлдіршіндеріміз көріп жатқан каналдардың бәрін қазақ тіліне аударсақ, балаларымыз қазақ тілінде көрсе, онда олардың қазақ тілінде сөйлетіндігі анық. Балаларымыз қазақ тілінде сөйлесін десек, экранды түзетуіміз керек. Экран қазақша болуы керек», - деді Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Министр балалардың бірнеше тілді білгені де дұрыс екендігін баса атап өтті.
«Бүгін Президент: «Көп тілді білу бала үшін, баланың болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер, деп жақсы айтты. Сондықтан балаларымыздың тілі қазақша орыс және басқа да тілдерді оңай үйреніп алады», - деді ол.