Орал қаласында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, «Respublica» партиясының облыстық филиалы мен мемлекеттік қызметтегі еріктілердің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балаларға арналған арнайы мерекелік іс-шара өтті.

Мерекеге №32 жалпы білім беретін мектептің және Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат-коледж тәрбиеленушілері мен еріктілер қатысты. Шараның басты мақсаты – балалардың жүрегіне қуаныш сыйлау, оларды қоғаммен етене араластыру және өмірге деген сенімдерін нығайту болды. Балалар үшін бұл күн шаттық пен мейірімге толы мерекеге айналды. Мерекелік бағдарлама аясында музыкалық және би қойылымдары, түрлі ойындар, қолөнер шеберлік сағаттары өтті. Балалар үшін ерекше қызығушылық тудырған бөлім — арнайы қызметтердің техникаларын таныстыру болды.
Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар, полиция департаменттері және газ қызметі өздерінің арнайы көліктерін, құрал-саймандарын, қорғаныс жабдықтарын көрсетті. Балалар құтқарушылардың және полиция қызметкерлерінің формасын киіп, көліктерге отырып көрді. «Осындай техникаларды көргенде өзімді нағыз өрт сөндіруші сезіндім», – дейді 15 жастағы қатысушы Мерей. Мамандар балаларға қауіпсіздік ережелерін, жедел қызметтерге хабарласу жолдарын және өз өмірін қалай қорғай білу керектігін түсіндірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам болып табылады.

«Біз үшін әр баланың күлкісі – ең үлкен марапат. Ерекше балалардың қуанышқа бөленуі – барша қоғамның ортақ жетістігі», – деді Департамент басшысы Мұрат Байсалов.
Балаларға тәттілер мен сыйлықтар табысталды. Ата-аналар мен тәрбиешілер алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың жиі өтуін тіледі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті