13.08.2021, 9:23
Оқылды: 59

Балалық шақтан бір белгі

Өзбек режиссері Әли Хамраевтың «Жетінші оқ» («Седьмая пуля») фильмін жасы алпыстан асқандар жақсы біледі. 1973 жылы экранға шыққан туындыда Мағзомов басқаратын милиция жасағының басмашыларға қарсы шайқасы баяндалады. Киноны сол кезде көрген кәрі-жас кеңестік милиция жасағының басмашылардың көзін құртқанын, Мағзомов пен басмашылардың басшысы Хайролланың жекпе-жегінде қызыл командирдің жеңіп шығуына тілеулес болып отырды. Фильмнен Сүйменқұл Чокморовты көргенде киносүйер көрермендер сияқты біздің көзіміз жарқ етті. Қапсағай денелі, түрі қазақтан аумайтын қырғыз актердің 1969 жылы Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы»  хикаяты желісімен түсірілген кинода Бақтығұл­дың бейнесін келістіріп, керемет сомдағанына тәнті болсақ, 1972 жылы «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» атты картинада шекарашы Қарабалтаның рөлін де сәтті шығарғанына сүйсінген едік. Аталмыш фильмдерді қазір қарап отырсақ, сол кезде үлкен-кіші қызыға тамашалаған бұл туындылар голливудтық «экшн» бағытымен түсіріліпті.

КИНО222

Қандай тақырыпты да қамтыған кино туындыларын көп көргендіктен болар, бала кезімізде басмашылар туралы фильмдердің көпшілігі Орта Азия елдерінде, соның ішінде «Өзбекфильм» киностудиясында түсірілетінін аңғаратынбыз. Мәселен, біздің ауылда 1971 жылы «Қара консулдың күйреуі» және «Төтенше комиссар» фильмдерінің әрқайсысы қатарынан екі рет қойылды. Үлкендер жағы: «Мына өзбек ағайындар шебер, киноларын қанша көрсек те, тартады да тұрады. Өзіміздің қазақ режиссерлері осындай киноларды қашан шығарар екен?», – деп кейде  өкпе-назын да айтып жататын. Сол шақтағы алып державаның бір пұшпағы біздің ауылда болған осы бір елеусіздеу көріністің барлық шеткері аймақтар мен үлкен қалаларда қайталанғанын белгілі кино сыншы Федор Раззаков та растайды. Сыншының айтуына қарағанда «Өзбекфильм» киностудиясы 1967-1974 жылдар аралығына дейін кино шығарудан да, көрермен көңілінен шығудан да «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Тәжікфильм» және «Түркіменфильм» киностудияларынан оқ бойы озық тұрған. Мәселен, «Өзбекфильм» жыл сайын 10-12 кино шығарса, аталған орта азиялық киностудиялар тек 4-6 фильм шығарумен шектеліп, сапасы жағынан да өзбек әріптестерінен қалып қойған. Сол жеті жылдың ішінде өзбек кино шеберлерінің «Аққұтандар», «26-шыны атуға болмайды», «Ташкент тоқ қала», «Ғашықтар» секілді тамаша фи­льмдері экранға жол тартқаны көрермендердің жадында шығар деп ойлаймыз. Бұл фильмдер одақтас республикалардың, соның ішінде Ресейдің өзінде де көп көрермен жинады. Басқасын айтпағанда, «Қара консулдың күйреуі» мен «Төтенше комиссар» атты басмашылар туралы фильмдерді сәйкесінше 19 миллион 700 мың және 15 миллион 400 мың көрермен көрген. Өзбек киносының Орта Азия елдерінің арасынан суырылып шығып, көш бастауының бір ұшығы алпысыншы жылдардың басында Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың елдегі кинематография саласының өсіп-өркендеуіне ұдайы көңіл бөлгенді­гінде жатыр. Ол осы тұста «Өзбекфильм» киностудиясына арнап заманауи жаңа кешен салғызды. Оның бастамасымен 1968 жылдан бастап Ташкентте Азия және Африка елдерінің халықаралық кинофестивалі жүйелі өткізіліп тұрды. Тіпті 1966 жылы Өзбекстанның астанасында болған жер сілкінісі де бұл елдегі кинематографияның дамуына кедергі келтіре алмады. Кеңес халқы Ташкенттегі өте қатты жер сілкінісіне материалдық көмекпен бірге моральдық жағынан да қолдау көрсетті. Мысал үшін айта кетелік, Украинаның А. Довженко атындағы киностудиясында 1969 жылы түсірілген «Улица тринадцати тополей» атты фильмде  қаланы зілзаладан кейін қалпына келтіруге одақтас республикалардан келген жастардың өзбек халқына материалдық және моральдық  демеуші болып, кесапат кезінде талай жандарға көмектескендігі шынайы көркемдікпен суреттелген.

Өзбек кино шеберлері негізін қалап берген басмашылар жайындағы туын­дылардың көрермендерді ғаламат баурап, қатты әсер еткенін көріп, Орта Азия мен Закавказье елдері де 1969-1973 жылдардың аралығында осы тақырыпты қаузайтын фильмдерді түсіре бастады. Бұл тұрғыда «Ескі мешіттегі кездесу» («Тәжікфильм»), «Торуыл» («Қырғызфильм»), «Жеті бірдей ұлым» («Әзірбайжанфильм») және «Атаманның ақыры» («Қазақфильм») сияқты көпке танымал туындыларды айтсақ та жеткілікті.

Бүгінгі заман көшімен өлшегенде, басмашылар Орта Азияда Кеңес үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілген халық жасақшылары болып саналады. Ал өткен ғасырдың жетпісінші жылдары олар Кеңес үкіметінің қас жауы болып насихатталып, бұл тақырыптағы фильмдер маңызды идеологиялық сипат алды. Онда кеңес халықтары арасындағы интернационалдық достық қарым-қатынас мейлінше асыра дәріптелді. Сол жылдардағы басмашылар туралы қай киноны алып қарасақ та, қызылдар мен жергілікті тұрғындардың буржуазияға қарсы бірлесіп күрескені баяндалады. Мысалы, «Ескі мешіттегі кездесуде» азамат соғысына қатысқан Гусев деген командир басмашылардың ескі мешітте тығулы жатқан алтынды алу үшін қалаға шабуыл жасағалы жатырғанын  біліп қояды да, шағын жасақ жинап, қаптаған банданы құртады. Ал «Торуыл» («Засада») фильмінде шекарашылар бірнеше жұмбақ өлім мен арандатушылықтың айлакер әрі ақылды басмашы Бостан­құлдың қолымен жасалғанын сезеді. Бұл жағдайды тергеу үшін заставаға чекист Шпалов келеді.

Турасын айтқанда, басмашылар жайындағы фильмдердің ішінде тек бірен-сараны ғана тарихи шындыққа негізделгенімен, басым көпшілігінің оқиғасы ойдан шығарылғанын көзі қарақты көрермен салған жерден-ақ байқайды. Осы тақырыптағы кино туындыларда қым-қуыт атыс-шабыстың ауқымында тап күресі мен интернационализм идеясының жеңісі қашан да салтанат құрып отырады. Ал қарапайым көрерменді, соның ішінде балаларды кинодағы орта азиялық экзотиканың ғажайып көрінісі, қызған құм мен шөл даланың, ескі мешіт мұнараларының айналасындағы шым-шытырық қуғындар, атыстар қызықтырды. Оның үс­тіне бұл туындылардың осының алдында ғана үлкен де, кіші де қызыға көрген «Чингачгук – үлкен жылан», «Апачи» секілді «Дефа» (ГДР) кино шеберлері шығарған үндістер туралы және «Мосфильм» киностудиясында түсірілген 4 жасөспірімнің азамат соғысы жылдарындағы ерлігін суреттейтін «Ұстатпайтын кекшілдер» («Неуловимые мстители») фильміне тым ұқсастығымен де ұнай түс­ті. Сол себепті де біз, балалар, бұл киноларға қуана-қуана бардық. Алайда 70-жылдар­дың ортасына қарай «Өзбекфильм» мен басқа да орта азиялық басмашылар туралы фильмдердің басынан бағы тая бастады. Өйткені кеңестік кинопрокатқа «Золото Маккены», «Чистыми руками» секілді батыс елдерінің шытырман оқиғалы фильмдері енгізіліп, басмашылар жайындағы кинолардың қадірін түсіретін мезгіл де келді.

Қалай десек те, бұл кинолар біздің сонау алыстағы балалық шағымыздың жарқын күндерінің белгісі болып қала бермек.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале