17.05.2022, 9:59
Оқылды: 39

«Балалық шақтың әлемі»

 Дәл осындай атаумен сенбі күні Оралдағы орталық қалалық саябақта шеру өтті. Шеруге балабақша тәрбиеленушілері, «Бәйтерек»  қоғамдық бірлестігінің балалары,  облыстық арнаулы мектеп оқушылары, «Елбасы» медалінің иегерлері және ата-аналар қатысты.
BD9CA12A-321A-4897-B835-16E21E0B5C10

Халықаралық отбасы күніне арналған мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қатысты.  

– Бүгін таза ауа аясында балаларымыз ата-анасымен бірге, саябаққа демалуға келді.  «Отан - отбасынан басталады» демекші, еліміздегі әр отбасына амандық тілеймін. Балалар жылына орай өңірімізде біраз жұмыс жоспарлануда. «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мерует Санкаеваның бастамасымен өтіп жатқан бүгінгі іс-шара - Балалар жылына арналған шаралардың бір легі ғана.  Егемен еліміздің ертеңі – балаларымыз аман болсын. Ұл-қыз өсіріп отырған әр отбасының бақыты баянды болып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін, - деп сөзін сабақтаған Бақытжан Хаберұлы «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің өнерлі өреніне облыс әкімінің атынан ноутбук сыйға тартты.

Мерекелік іс-шарада  «Дарын» қосымша білім орталығы, Оқушылар сарайының өнерпаздары өз өнерін ортаға салды.  Ән-бимен өрнектелген іс-шара балаларға әдемі көңіл күй сыйлады. Тек өнерпаздар ғана емес, қатысушы балғындар да би билеп, қосыла ән шырқап, көңіл көтерді.

Балаларға арналған мерекенің көңілді өтуіне «Атамұра корпорациясы», «Мектеп» баспасы, «Шұғыла кітап», «Интер пресс Деструбишн», «Жаңа Толкын Орал»,  «Batys Sabi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Рахат» кондитерлік фабрикасы атсалысқан. Іс-шара соңында  шеруге қатысушы әр балаға сыйлыққа кітап және «Рахат» шоколады табысталды.

 Гүлжамал Жолдығали,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале