1.02.2024, 18:00
Оқылды: 93

Балаңыз от баспасын десеңіз...

Жыл өткен сайын жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстар жиілеп барады. Әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген жағымсыз жаңалықтардың арасынан да ұрлық жасап, әлімжеттік көрсеткен жасөспірімдерді жиі байқап жүрміз. Былтыр, яғни 2023 жылы өңірдегі жасөспірімдердің қатысымен 125 қылмыс тіркелген. Бұл 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 30,2%-ға артқанын дәлелдейді.

Полиция ЖП

Ұл-қыздарын қызғыштай қорып, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-ана перзентінің дұрыс білім алып, жан-жақты, тиянақты маман, адал адам атануын тілейтіні сөзсіз. Балаларының бабы мен бар жағдайын жасап жүрген әке мен анаға солардың қоғамнан өз орындарын табуы маңызды. Алайда олардың ішінде үмітті ақтайтындары немесе бәрін керісінше жасап, үнемі ата-анасын ұятқа қалдырып жүретіндері жетерлік...

Жасөспірімдер де жымқырады

Сонымен кәмелеттік жасқа толмағандар неге қылмысқа бейім, олардың не себепті артып отырғаны туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Мерлан Қазекеновтен сұрадық. Оның айтуынша, 2024 жыл басталғалы жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиға тіркелмеген. Десе де, былтырғы 125 қылмысты жасағандардың ішінде 74-і – білім алып жүргендер. Олардың арасында 45-і колледждерде, 18-і орта мектептерде және 11-і жоғары оқу орындарында оқиды екен. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардан анықталған 125 қылмыстың 98-і мүліктік сипатта болған.  Атап айтсақ, ұсақ ұрлық – 6, ұрлық – 44, алаяқтық – 26, тонау – 15, бопсалау – 3 және көлік ұрлау – 4. Осы ретте бір сауалдың туындауы заңды. Байқасақ, бұл сандардың ішінде ұрлық деректерінің көп екені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Осы жөнінде баяндап отырған полиция майоры Мерлан Қазекенов бүгінде кей жасөспірімдердің ұрлық жасау арқылы өзгенің мүлкін иемденуге бейім екенін растады.

– Қазір кәмелеттік жасқа дейінгі балалардың қатысуымен болатын ұрлық көбейіп тұр. Дені тұрмыстық жағдайының төмендігінен өздерінде жоқ мүлікке қызығып, осындай қылмыстарға барады. Балаларды қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының дербес бөліністері кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге аса назар аударуда. Сондай-ақ 2023 жылы жасөспірімдердің құқықбұзушылықтары бойынша 7895 әкімшілік хаттама толтырылса, ҚР ӘҚБтК-ның 442-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) кәмелетке толмағандардың 4095 заңды өкілі жауапкершілікке тартылды. Былтыр құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін 7074 кездесу ұйымдастырылса, оқу орындарында 8542 әңгімелесу және дәрістер өткізілді. Сонымен қатар жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында облыс аумағында «Қолайсыз отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік», «Мектеп» секілді 16 жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, 984 профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді, – деді Мерлан Бөкенбайұлы.

Полиция майорының айтуынша, былтыр жасалған қылмыстың 39-ы түнгі уақытта, яғни сағат 22:00 мен 06:00 аралығында орын алған. Сол себепті тәртіп сақшыларының тарапынан әр аптада рейдтік жұмыстар жүргізіліп, кәмелеттік жасқа толмағандарды тәртіпке шақырып отырады. Бүгінде Полиция департаментінің профилактикалық есебінде девиантты мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған 125 бала тіркелген және 139 қолайсыз отбасында 160-қа жуық бала тәрбиеленуде. Тәртіп сақшылары «Тәуекел тобына» жататын құқықбұзушылыққа бейім балаларды анықтап, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында олардың ата-аналары мен өздеріне түсіндірме дәрістер өткізіп жүр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мектептер мен колледждердегі бопсалау, әлімжеттік көрсету деректеріне жол бермеу үшін де білім басқармасының өкілдерімен, қоғамдық ұйым мүшелерімен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруда.

Бос  уақытын  тиімді  өткізуі  тиіс

Ретті жерінде айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айынан бастап облыстағы мектептер мен колледждерде «Komek Stop Bullying» жобасы жүзеге асуда. Бұл қосымшаға оқушылар «QR» арқылы жеке басында туындаған қиындықтары мен қорқыныштарын ашық білдіре алады. Өтініш түскеннен кейін жергілікті полиция қызметкерлері аталған деректердің анық-қанығына көз жеткізіп, заң аясында жұмыстанады екен. Осы бойынша былтыр жасөспірімдерге қатысты 6 бопсалау дерегі тіркелген. Бұл – бір жағы балалардың, яғни мектеп оқушыларының қауіпсіздігі үшін, бір жағынан құқықбұзушылыққа барғандарды жедел анықтау мақсатында ұйымдастырылған жоба. Мұндай жобаның жүзеге асып жатқанын облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Фарида Сүлейменова да тілге тиек еткен еді. Өңірдегі 358 білім беру мекемесіне жә-
бірлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректеріне жедел ден қою мақсатында «IT
Group Kazakhstan» ЖШС-ның«Komek Stop BuIIying» жобасы пилоттық режімде енгізілген.

– Балаларды құқықбұзушылықтан аулақ жүруге тәрбиелеу, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және өз жауапкершілігі туралы хабардар ету мақсатында жергілікті құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен білім беру мекемелерінде әр тоқсан сайын арнайы сабақтар өткізіледі. 2022 жылы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен бекітілген «Тәлімгерлік» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын да айтуға болады. Жалпы балалардың, оның ішінде оқушылардың бос уақыттарын қаншалықты тиім-ді өткізіп жүргенін қадағалаған дұрыс. Сонда ғана олардың қылмыстық әрекеттерге бармайтыны, керісінше, пайдалы дүниелермен айналысатыны анық. Қазіргі таңда облыс бойынша 50 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 14-і музыка мектептері, 14-і туризм және экология орталықтары, 13-і мектептен тыс жұмыс орталықтары, 3-еуі балалар өнер мектебі, 2-еуі техникалық шығармашылық орталығы, бір-бірден көркемсурет мектебі, оқушылар сарайы және облыстық экологиялық-биологиялық орталық. Ал өңірдегі 63 227 бала қосымша бі-лім беру ұйымдарына барса, 28 118 бала мектеп жанындағы үйірмелерге қатысып жүр. Сонымен қатар 2023 жылдың жаз мезгілінде балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырудың түрлі бағыты бойынша 1-10-сыныптардың 103 134 оқушысы қамтылды. Бұл бағытта жұмыстар жыл сайын жалғасып отырады, – деді бөлім басшысы Фарида Ахмадиқызы.

Балалар бос уақытын тиім-сіз өткізсе немесе күнделікті жоспарлары болмаса, небір бәлелерге ұрынып, теріс әрекеттерге жол беруі мүмкін екені рас. Ал жалпы жасөспірім шақ – адамның жақсыны да, жаманды да тез сіңіріп алатын, еліктегіш келетін кезеңі. Бір жағынан әлеуметтік желілердегі небір ақпараттардың қолжетімділігінің де ықпалы бар шығар?! Өйткені «Ұят», «Ар», «Намыс», «Тәрбие» деген ұғымдардың ұмытыла бастауына ғаламтордың, әлеуметтік желілердің әсері бары белгілі.

«Тәрбие –  тал  бесіктен»

Өңірдегі «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сахиев бүгінгі жасөспірімдердің бұзақылық пен алаяқтыққа үйір болуы мінез-құлқының тұрақсыздығынан деп ойлайды. Айта кетейік, бұл қоғамдық бірлестік өңірдегі жастар мен жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа және олардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде тәрбиелік маңызы зор бірқатар жобаны жүзеге асырған. Сонымен қатар мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, құқықбұзушылық профилактикасына бағытталған бейнероликтер әзірлеп жүр.

– Жасөспірімдердің тәрбиесіне отбасындағы ата-анасы, ағайын-туыстары көңіл бөлуі керек. Өйткені балалардың арасындағы қылмыс та сол отбасындағы келеңсіздіктер мен қолайсыз жағдайдан, күнделікті сабаққа бармау, қараусыз қалу, сондай-ақ өзі-
нің құқығын дұрыс білмеуінен шығады. Осы секілді әсер ететін факторлар толып тұр. Десе де, бірінші кезекте әке мен ананың тәрбиесінен басталады. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Оларды дұрыс жолға бағыттау үшін кейде психолог мамандарының кеңестеріне де жүгініп отырған артық етпейді, – деді Болатбек Жеткергенұлы.

Әр баланың құқықбұзушылыққа баруының артында түрлі себеп болуы мүмкін. Оған айналасындағы келеңсіз жағдайлар, өз ортасымен тү-сініспеу немесе қаржылай қажеттілік секілді жағдайлардың әсер ететіні анық. Ал қаладағы Б. Момышұлы атындағы №46 жалпы орта білім беретін мектептің психолог маманы Айнагүл Хаби-ева мұның бәрін ғаламтор мен әлеуметтік желілердің ықпалынан деп есептейді екен. Сонымен қатар ол балаларды рухани тұрғыда жалғыз қалдырмау керектігін айтты. Психологтың ойынша, ата-анасы баласына белгілі бір уақытты арнап, ашық әңгімеге тартып отырғаны дұрыс. Баланың не ойлап, қандай іспен айналысып жүргені, алдағы жоспарлары турасында сұрау керек.

– Шыны керек, бүгінде балалардың көбінде агрессия басым. Олар көңілі қалаған нәрсеге қолы жетпесе, тез ашуланып қалады. Өйткені уақыттарының көп бөлігін телефонға телмірумен өткізеді. Осындайда баланы сөзге тартып, бірлесе жоспар құруға, жиі серуендеуге бейімдеген жөн. Кейбір балалардың құқықбұзушылыққа баруына әке тәрбиесінің жетіспеушілігі айтарлықтай ықпал етеді. Жасөспірімдердің ортамен, достарымен қарым-қатынасын да қадағалап тұру артық емес. Ал негізгі мәселенің туындауы дәл бүгінде ғаламтордағы пайдасы жоқ ақпараттардан басталады. Олардың мінез-құлқының өзгеруіне, қоғаммен байланысының жоғалуына осы себеп. Сосын да көп жағдайда бала зиянды әрекеттерге бейімделе береді. Мұның арты қылмысқа душар етуі мүмкін, – дейді Айнагүл Жамбылқызы.

Қорыта айтқанда, жасөспі-рімдер қылмысы азаймай тұр. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін тауып, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу, қылмыстың алдын алу құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігінде болу керек.

Аманжол Рахымжанұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале