10.08.2023, 10:15
Оқылды: 46

«Балапанды күзде сана...»

ҰБТ дүбірі аяқталып, қорытындысы да қолға тиді. Баға. Бұл күнде қайсысының еңбегі басым, қайсысынікі қалыс екенін біліп болмайтын мектеп мұғалімі, оқу орталықтарының оқытушылары, репетиторлар деген халықтың еңбек нәтижесі осы кезеңмен бағаланады қалай десек те. Сараптамасы кейін жасала жатар, әзірге оқуға түсіп, бөріктерін  аспанға ата алақайлап жүргендер басым сияқты. Құтты болсын! Білімді болған жақсы. Қажетті мамандыққа оқып, кейін «дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалана» алғанға, яғни өмірден өз орнын тапқанға не жетсін?!

dd843580-f85f-4f35-95b6-b6ad5716576f

Фото: pixabay.com

Орын демекші, балаға кәсіптік бағдар, ата-аналарға кеңес беру де мұғалімдердің бір міндеті екенін назардан тыс қалдыруға болмайды. Неге екенін айтайын, біріншіден, ол – сіздің «инемен құдық қазған» еңбегіңіздің түпкі нәтижесін көрсететін мәре. Екіншіден, алдыңызға келіп, қолыңызда өскен шәкіртіңіздің, яғни адамның тағдыры. Ал бағыт-бағдар сілтей алу үшін мұғалімнің өзі деңгейлі, қоғам тынысынан хабардар, жан-жақты болуы шарт.

Ел не деп жатыр екен, қоғам үніне құлақ түрелік. Алуан пікір, ағылған ақпарат. Соның ішінде біреулері «Бір грантқа 1,5 адамнан келеді, грант неге көп?», «Грантты үйіп-төгіп, топырлата бергеннен пайда жоқ, сабақ білмейтін бала диплом алып та жақсы маман болып жарытпайды», «Оқуға түсе алмағандарды қайтадан шақырудың қажеті жоқ. Оқу бітіріп, диплом алғандар жұмыс таппай сандалып жүргенде жұмыссыздардың қатарын көбейтудің керегі жоқ. Бар болғаны ректорларға ақша түскеннен басқа ешкімге пайдасы жоқ...» десе, екіншілері «Бұл – орташа көрсеткіш қой. Қазақстанда орташа жалақы 250 000 деген секілді, шынтуайтында,  ның ішінде де мән беретін, ойландыратын мәселелер көп...» деп жатыр екен.

Биылғы грант бәсекесінде халықаралық қатынастар, экономика, құқық маман-дықтарына бір орынға 10-15 адам таласыпты. Ал техникалық мамандықтардың кейбіріне бір де бір адам құжат тапсырмаған!

Су шаруашылығы (Гидромелиорация) – бір орынға 0,0 адам, сумен жабдықтау және су бөлу – 0,2 адам, материалдар өндірісі (әйнек, қағаз, пластик, ағаш өңдеу ) – 0,04 адам, көлік құрылысы – 0,1, химия инженерлері және химиялық үдерістер маманы – 0,2, мал шаруашылығы – 0,2, гидротехника құрылысы және су ресурстарын басқару – 0,4, механика және металл өңдеу  – 0,4, информатика мұғалімі  – 0,4,  агроинженерия – 0,4 адам  (деректер интернет желісінен алынды).

Мектепте кәсіптік бағдар беруге мән берілуі керек екені айдан анық көрініп-ақ тұрған жоқ па осы жерде? Кәсіптік бағдар жұмысы екпетінен түсіп, төрт тағандап жатқанын мойындауымыз керек. Ата-аналар мұндай мамандықтың барын білмеуі де мүмкін, ал мұғалімдер білуі тиіс. Осы тұста Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім грантына қолы жетпегендерге былай деп кеңес береді:

«Білім грантын жеңіп алмағандарға әлі де ақысыз оқуға түсуге мүмкіндік бар. Неге? Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған грантты ұтып алуға болады. Алтыншыдан, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім. Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады».

Назар аударыңыз! «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2023-2024 оқу жылына 850 білім грантын бөлген. Бұл бағдарлама бойынша конкурсқа биыл ҰБТ тапсырған (қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ сертификаттарының бірін ұсынуға болады) және ЖОО-ға түсу үшін шекті балдарды жинаған түлектер, ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар, жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары, 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары түсе алады.

Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.

Өтініш беру мерзімі: 10-17 тамыз. Құжаттарды  жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы тапсыру керек. Грант иегері оқуын аяқтағаннан кейін оны өтеуге міндетті емес. Толық ақпарат @qazaqstanhalqyna.kz қорының сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланған.

«Үзіліс» арнайы беті грантқа ие болып, қалаған оқуларына  түскен барша түлекті, олардың ата-аналары мен ұстаздарын шын жүректен құттықтайды!

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале