Ақ Жайық өңірі – өзен-көлге бай. Бірақ балық шаруашылығының дамуы әнебір ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес. Саладағы ахуал мен даму бағыттары облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Іс-шарада балық шаруашылығын дамыту жолдары, өзекті мәселелер мен оларды шешу тетіктері қарастырылды.

Қазіргі кезде облыста жергілікті маңызы бар 176 балық шаруашылығы су айдыны тіркелген. Оның ішінде 57 су айдыны 42 табиғат пайдаланушыға бекітілген, ал қалған 119 су айдыны резервте тұр. Сонда су айдындарын жалпы бекіту деңгейі 32%-ды құрайды. 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін ұлғайту, аквакультура құру және су айдындарын бекіту арқылы жету жоспарлануда. 2025 жылға тауарлы балық өсіруді 1055 тонна көлеміне жеткізу жоспарланды. Алайда ондай көлемге жету әдірә қалып, 636 тонна тауарлы балық өсірілді. Ал биыл тауарлы балық өсіру көлемін 1 мың 767 тоннаға жеткізу межеленген. «Мәселе көрсеткіште, жоспарда емес,оның артында халықтың әл-ауқатын жақсарту, жұмыс көзі, табыс табу мәселелері тұр», – деген Қалияр Шадиярұлы су айдындарын пайдаланғысы келетіндерге су көздерін бекітуге сергек қарауды тапсырды.
Су айдындарын игеру бәсең
Мамандардың айтуынша, жоспардың толық орындалмауына бірқатар себеп әсер еткен. Атап айтқанда, кейбір кәсіпорындардың өндірістік қуаты бастапқы жоспарға сәйкес келмеген, қаржылық қиындықтар салдарынан жекелеген жобалар іске аспаған. Сондай-ақ резервтегі су айдындарын бекіту бойынша конкурстардың уақытша тоқтатылуы кесірін тигізді. Соған қарамастан, жекелеген аудандарда оң нәтижелер байқалады. Мәселен, Бәйтерек ауданында жоспар 114%-ға орындалса, Казталов, Бөкей ордасы және Сырым аудандарында 100% көрсеткішке қол жеткізілген.
Аудандарда балық шаруашылығына қажетті су айдындарын игеру бәсең. Кей аудандарда көрсеткіш мүлдем төмен. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің айтуынша, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Жәнібек аудандарында бірде-бір су айдыны балық шаруашылығымен айналысуға (төмендегі сызбада) тіркелмеген. Оның өзіндік себептері бар, өйткені 2024-2025 жылдары бұл мәселе бойынша мораторий жарияланды. Биыл оның күші жойылды. Биыл 32 су тоғаны конкурсқа шығарылуда.
| Аудандар | Балық шаруашылығы су айдындарының саны | Бекітілген су айдындар | Бекітілмеген
су айдындар |
Пайыздық көрсеткіш |
| Бөкей ордасы ауданы | 1 | 1 | 0 | 100% |
| Казталов ауданы | 14 | 9 | 5 | 64% |
| Жаңақала ауданы | 8 | 4 | 4 | 50% |
| Бәйтерек ауданы | 44 | 16 | 28 | 36% |
| Шыңғырлау ауданы | 9 | 2 | 7 | 22% |
| Ақжайық ауданы | 21 | 10 | 11 | 47% |
| Теректі ауданы | 37 | 13 | 24 | 35% |
| Орал қаласы | 5 | 1 | 4 | 20% |
| Сырым ауданы | 7 | 1 | 6 | 14% |
| Бөрлі ауданы | 9 | 0 | 9 | 0% |
| Тасқала ауданы | 16 | 0 | 16 | 0% |
| Қаратөбе ауданы | 4 | 0 | 4 | 0% |
| Жәнібек ауданы | 1 | 0 | 1 | 0% |
| Барлығы | 176 | 57 | 119 | 32% |
Салғырт кәсіпкер, орындалмаған міндеттеме...
Дархан Закариннің баяндауынша, былтыр жергілікті бюджеттен аквамәдениет өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 10,491 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні оның 9,347 млн теңгесі игерілді. Балық отырғызу материалдарын сатып алуға жұмсалған шығыстарды өтеу үшін 9,124 млн теңге сомасына төрт, биологиялық негіздеме сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін 223 мың теңге сомасына екі шаруашылық субсидияланды. 2026 жылға жергілікті бюджеттен 26 млн 491 мың теңге бөлінді.
Мемлекеттің қолдауы болса да, кей кәсіпкерлер өз міндеттеріне «жүрдім-бардым» қарайды. БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлсара Ермаханованың баяндауынша, балық шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін бірқатар түйткіл бар. Соның бірі – шарттық міндеттемелердің орындалмауы.
– 2021 жылдан бері шарттағы міндеттемелерді жосықсыз орындағаны үшін балық шаруашылығын жүргізуге қатысты 11 келісімшарт бұзылды. Оның ішінде Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау аудандарының әрқайсысында үш шарттан, Бөрлі ауданы және Орал қаласында бір-бір шарттан бас тарттық. Өз ісіне салғырт қараған 7 субъектінің келісімшарттары ұзартылмады, – деді Гүлсара Ермаханова.
Кейбір су айдындары ұзақ уақыт бойы игерілмей, резервте қалуда. Осыған байланысты 2026 жылы балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасы негізінде БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасы балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша конкурс өткізу кестесін бекітті. Көл-тауарлы шаруашылық қызметін жүргізуге неғұрлым перспективалы 17 балық шаруашылығы су айдынын және кәсіпшілік, спорттық-әуесқойлық бағытта балық аулауды жүргізуге арналған 15 су айдынын бекіту жоспарланды.
Балық өсіруге жер алу қиын
Өңірде тек өндірісті дамыту ғана емес, балық қорын сақтау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Мәселен, 2026 жылы балықтардың жаппай қырылуына жол бермеу мақсатында 493 мыңнан астам ұңғыма бұрғыланып, 668 мұз ойығы жасалды. Бұл жұмыстарға 1500-ден астам адам жұмылдырылған. Сондай-ақ 2025 жылы су айдындарына 678 мыңнан астам балық шабақтары жіберілді.
Басқосуда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері, балық инспекциясы және басқа да жауапты мекемелер саладағы түйт- кілдерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Жиында сөз алғандар балық өсіруге қажетті су учаскесін алудың қиындығын ортаға салды.
«Маған конкурста су айдыны учаскесін аласыз деді. Жыл соңына дейін конкурс өтпеді. Содан жыл аяғында барсам, сіз сұраған учаске санитарлық белдеуге кіреді дегенді алға тартты. Суды қорғау белдеулері қағидасын қарағанымда, шағын өзендерге 500 метрге дейін жер берілмейді. Ал менің сұраған жерім өзеннен 720 метрдей қашықтықта жатыр. Осы жерде қай уақытта су болғанын ешкім білмейді», – деді Қаратөбе ауданының тұрғыны Руслан Әлжанов.
Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев түсінік берді. «Осы мәселе бойынша тыңдалым өткіздік. Мәселені қарастырып отырмыз. Нақты жауабын береміз. Былтыр ол жер су қорғау аймағына еніп кеткен. Оны жекеге пайдалануға беру үшін облыс әкімдігінің қаулысына өзгеріс енгізу керек», – деді ол. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының БҚО-дағы өкілі Қанат Өтеғалиев балық шаруашылығына су қорғау аймағы кедергі келтірмейтінін нақтылады. Аталған инспекция балық өсіруге келісім береді. «Өйткені жаңа Су кодексі бойынша балық шаруашылығымен айналысуға толықтай жағдай жасалған», – деді Қ. Өтеғалиев.
24 келінің орнына 3,9 келі балық тұтынамыз
Жиында белгіі болғанындай, өңірде төрт кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен балық өсіруді қолға алған. «Ақжайық» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақовтың айтуынша, бағдарлама бойынша несие алғандар балықты тор қоршама ішінде өсіреді. Алайда өңірімізде тор қоршама шаруашылықты дамытуға қолайлы емес. Өйткені ондағы судың тереңдігі 7 метрге дейін жету керек. Ондай тереңдіктегі су айдыны аз. Одан гөрі бассейндік жағдайда балық өсіру тиімді. Тоған шаруашылығы үшін жер бөлу мәселесі бар. «2024 жылы екі рет Түркістан облысына аудандардан делегациямен барып келдік. Оларда бассейндік шаруашылықтар қатты дамыған. Біз несие алуға келгендерге бассейндік шаруашылықты дамытуға кеңес берудеміз. Бірақ олардың ондай шаруашылыққа бет бұрғысы жоқ», – деді Ержан Досмақов.

Жалпы алғанда өңірімізде балық шаруашылығы саласы әлеуеті жоғары бағыттардың бірі болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты жоспарлар белгіленіп, инфрақұрылым дамуда. Дегенмен саланың толыққанды дамуы үшін инвестиция тарту, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру және резервтегі су айдындарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Балықтың адам ағзасына пайдасы мол. Ол жүрек-қан тамыры жүйесін нығайтып, ми жұмысын жақсартады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымына сүйенсек, әр адам 24 келі балық өнімін тұтынуы тиіс. «Әлемдегі 200 мемлекеттің ішінде Қазақстан балық тұтыну көрсеткіші бойынша 180-орында тұр. Қазір бір адам жылына орта есеппен 3,9 келі балық жейді. Қабылданған 2021-2030 жылға дейінгі бағдарлама аясында осы көрсеткішті 12 келіге жеткізуіміз керек. Мұның өзі нормативке жетпейді. Сондықтан бар айдындарды игеру – басты мақсатымыз», – деді Қалияр Айтмұханбетов жиынды қорытындылап.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшылары мен аудан әкімдеріне балық шаруашылығын дамытуға, оның жолындағы әкімшілік кедергілерді жоюға тапсырмалар берді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»