Өңірімізде әуесқой балық аулаумен айналысатын балықшылар жеткілікті. Ауа райына қарамастан әр түрлі жастағы тұрғындарымыз қармақтарын алып, су жағалайды. Алайда балық аулауға шықпас бұрын айдындардың бекітілгендігін немесе резервтік екендігін біліп алу керек. Өйткені бекітілген су айдындарында әуесқойлық балық аулауға тек жолдама алған жағдайда рұқсат етіледі. Жолдаманы арнайы орындардан, өзен-көлдердің басындағы қорықшылардан алуға болады. Балық аулауға шыққанда жолдамамен бірге жеке куәлігіңізді алып шығыңыз. Бекітілмеген су айдындарынан (резервтік) бір балықшыға 5 келіге дейін ешқандай рұқсатсыз тегін аулауға болады. Бекітілген су айдындарының тізімін БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы береді.
Фото дереккөзі: ru.oxu.az
Еліміздің аумағындағы қолданыстағы балық аулау қағидаларына сәйкес мынадай жағдайларда балық аулауға жол берілмейді:
1) бөгеттердің, шлюздердің және көпірлердің жанында, көлдерді өзара және негізгі өзенмен жалғастыратын тармақтарда, мелиорациялық жүйелердің арналары мен бұрмаларында, өзендер мен арналардың айдынға құятын тұсынан екі жағындағы 500 метрдегі қашықтықта балық аулауға;
2) осы балық аулау қағидаларында көзделмеген балық аулау құралдарымен;
3) қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде;
4) алкогольден немесе есірткіден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында;
5) уәкілетті құрылымның (органның) рұқсатынсыз тізбеге енгізілмеген балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерін қолданумен;
6) аулау құралдары өзеннің немесе өзен тармағы енінің үштен екіден астамын қамтығанда;
7) қыстау шұңқырларының, уылдырық шашу орындарының, балық шаруашылық учаскелері мен балық аулауға болмайтын орындардың шекаралары белгіленген бағаналарды, жүзетін тану белгілерін және аншлагтарды жою немесе бүлдіруге жол берілмейді.
Балық аулау барысында айдындарды ластауға және су биоресурстарының табиғи тіршілік жағдайын нашарлатуға тыйым салынады.
Балық аулауды сүйікті кәсібіне айналдырған жерлестерімізді балық аулау қағидаларын сақтауға шақырамыз. Олай болмаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 383-бабына сәйкес жеке тұлғаға 10 АЕК көлемінде, яғни 30630 теңге айыппұл салынады.
Гүлсара Ермұханова,
БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы