Жеке тұлғалардың банкроттығын реттейтін заң жобасын таныстырған Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов банкроттық рәсімдеген азаматтар неше жыл несие ала алмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төлем қабілетін қалпына келтіру деп аталатын жеке тұлға банкроттығының үшінші жолы борышкерге сот арқылы қарызды төлеу бойынша шегерімдер беруді көздейді. Ол үшін төлем қабілетін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу керек. Бұл жоспар қаржылық басқарушының атсалысуы арқылы әзірленеді. Жоспарға кредидор мен борышкердің екеуі де келісім беруі қажет. Борышкердің мүлкін сату сияқты шаралардың бәрі тек осы жоспарға енген жағдайда ғана іске асады. Жоспарға кірмеген шаралардың бәрі қарызды қайтару үшін қолданылмайды», - деді комитет өкілі.
Оның сөзінше, Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның мойнында проблемалық борыш бар. Бірақ оның бәрі жеке тұлғаның банкроттығыны рәсімдейді деген сөз емес. Өйткені банкроттық рәсімдеудің де салдары бар.
«Банкроттық рәсімдеген борышкер 5 жыл көлемінде банктер мен микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала алмайды. Шетелге шығуға 3 жыл бойы тыйым салынады. Бұл тыйымға шетелде емделу, білім алу, туысқанын жерлеу рәсіміне қатысу және жұмысқа орналасу себептері кірмейді. Бұл себептер болған жағдайда тиісті құжаттарды көрсету керек болады.
Екінші рет банкроттық рәсімдеу үшін алдыңғы банкроттықтан кейін 7 жыл уақыт өтуі керек. Заң жобасында осындай негізгі базалық қағидаттар енгізілген», - деді Қайрат Миятов.