14.01.2026, 12:30
Оқылды: 136

Бапкер Азамат

Азамат Ибатов өңір спортсүйер қауымына етене таныс есім. Облыс көлемінде өткен футбол және футзал жарыстарында бірде ойыншы, бірде сары жейдесін киіп, төрелік жасап жүрген оны бұрыннан сырттай білетін едім. Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуі оның болмысының айқын көрінісі. Кездескен жерде ағалық ілтипатпен амандасып, хал-жағдай сұрасып өтетін қарапайым мінезі де көпке үлгі.

WhatsApp Image 2026-01-14 at 12.47.28 (1)
Өткен жылы Алматы облысында ұйымдастырылған ауыл спортының олимпиадасы саналатын «Ақ бидай» ойындарына өңір футзал командасын бастап барған Азамат Ибатовпен жақынырақ танысудың сәті түсті. Алаң шетінде тыным таппай, команданың тактикалық ойынын түзеп, әр соққан голға балаша қуанып, ойыншыларын жігерлендіріп жүрген бапкердің ең басты ерекшелігі сабыр мен сенім. Қарға бойлы, қарадомалақ жігіт өзгелердей ұрысып-жекімей, керісінше: «Логиканы қосыңдар! Аяқпен емес, баспен ойнаңдар» – деп, спортшыларға ойлы ойынның маңызын ұғындырады.

WhatsApp Image 2026-01-14 at 12.47.28
Осы мақалада талай жасты спортқа баулыған ауыл бапкері туралы толығырақ жазуды ұйғардық. Азамат Ибатов 1993 жылы Қазталов ауданында дүниеге келген. Теректі ауданына қоныс аударғанына он жылдан асты.
– Спортқа үшінші сыныпта келдім. Футболды таңдадым. Бұл салада жүргеніме 22 жылға жуықтапты. Қазір Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етемін, – дейді ол.
Тоғыз жыл ішінде Азамат Алматұлы аудан, облыс, республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда өнер көрсете алған талай шәкірт тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттерінің бірқатары оқуын тәмамдап, үлкен спортта өз бағын сынап жүрсе, енді бір тобы аудан намысын түрлі жарыстарда қорғап келеді.

WhatsApp Image 2026-01-14 at 12.47.28 (2)
– Шәкірттерім жетістігім жайында көп сұрайды. Айтқым келмейді. Бірақ, сіздің жолыңыз бізге үлгі өзіңіздей болғым келеді деген соң жігерлендіру үшін айтып беруге тура келеді,– дейді ол.
Жастар арасында облыс чемпионы, облыстық жоғары лига жеңімпазы атанған бапкер ауданның «Ең үздік спортшысы» аталымын иеленіп, футзалдан екі мәрте кубок жеңіп алған. 2022 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлері арасындағы спартакиадада чемпион атанып, Спорт және туризм министрлігінің төс белгісімен марапатталды. Өзін үздіксіз дамытып, жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген спорт маманы ересектер арасында өткен екі дүркін «Ақ бидай» республикалық ауыл ойындарында Теректі құрамасын бастап, жеңіс тұғырынан көрінуге елеулі үлес қосты.

WhatsApp Image 2026
Ал былтыр Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиадада «Үздік жаттықтырушы» атанып, Қазақстан футбол федерациясының төс белгісін иеленді.
– Қазір футбол секциясына тұрақты түрде 90-ға жуық оқушы қатысады. Балалардың спортқа деген құлшынысы ерекше. Бірде-бір жаттығуды қалдырмай, уақытынан бұрын келуге тырысады. Сонымен қатар шәкірттерімнің бір бөлігі «Батыс Қамқор», «Бәйтерек» секілді командаларда шыңдалып жүр. Әрқайсысынан үлкен үміт күтемін, – дейді ол.

WhatsApp Image 2026-01-14 at 12.47.29
Футболды өмірлік мұратына айналдырған Азамат Ибатов үшін ең үлкен жеңіс шәкірттерінің жетістігі мен спортқа деген адалдығы. Осындай жанашыр бапкерлер барда ауыл спортының болашағы жарқын болары сөзсіз.

Арал Болпышұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале