Кеше бірінші лигаға шығатын жергілікті «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері тағайындалды. Енді команданы тәжірибелі тарлан Прохницкий Игорь Иванович баптайды.
Игорь Прохницкий - «УЕФА Pro» санаты бар қазақстандық маман. Командамен болған кездесуде жас ойыншылардың мықты тұсын ашуға бар күшін салатынын айтты. Бүгінде ол командамен бірге алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.
Игорь Иванович бапкерлік мансабын 1990 жылы бастаған. Әр жылдары "Ақтөбе" футбол клубының жастарын, "Ақтөбе-Жас" командасын баптаған. 2012 жылы Қазақстан U-17 құрамасы бапкерінің ассистенті болған. 2013-2014 жылдары "Каспий" ФК бас бапкері қызметін атқарды. Одан кейін "Ақтөбе" ФК бас бапкерінің ассистенті, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған арнайы футбол мектебінің директоры, "Ақтөбе" ФК бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметтерінде болды.
Екі мәрте бірінші лига жеңімпазы атанған бапкер жастар командалары арасындағы ел біріншілігін бес мәрте жеңіп алған. Көпке танымал Дидар Жалмұқан, Игорь Трофимец, Абылайхан Тотай, Әділхан Таңжарықов, Мұхамбет Тамабай сияқты футболшылар кезінде Игорь Ивановичтің қол астында жаттықты.
Арал Болпышұлы
zhaikpress.kz