20.10.2023, 16:30
Оқылды: 64

Бас хирург Ипмағамбетов

Батыс Алаш Орда қозғалысының қайраткері Нұрғали Ипмағамбетов 1883 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысының Төлектөбе ауылында дүниеге келген.

жп дала

Алғашында болыстық төрт класты орыс-қазақ мектебінде оқып, кейін Бақытжан Қаратаевтың қолдауымен Орал реальдық әскер училищесіне түседі. 1904-1911 жылдары Петербордағы әскери-медицина академиясында оқиды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Кавказ майданына жіберіледі. 1915-1916 жылдары Кавказ майданындағы орыс армиясының Бас хирургі болып тағайындалады. Әскери шені медицина қызметінің полковнигі.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде елге келіп, Алаш қозғалысына араласады. Сол кездегі Алаш қайраткерлері Б.Қаратаев, Ғ.Әлібеков, А.Кенжин, С.Қаратілеуов, Ғ.Есенғұлов, М.Ипмағамбетовтермен бірге Алаш қозғалысын ұйымдастырып, Алаш идеясына қолдау көрсетеді.

1917 жылғы шілдеде Ойыл бекінісінде өткен ІІ Қазақ-орыс облыстық сиезіне Қараоба болысынан делегат болып сайланады. Н.Ипмағамбетов І және ІІ Жалпықазақ сиезіне делегат болған адам. Сиезде Алаш орда үкіметі мен Алаш партиясын қолдап дауыс береді.

1918 жылғы шілдеде өткен Орал облыстық «Солдат, жұмысшы-шаруа және қазақ депутаттарының» құрылтай сиезіне қатысып, облыстық кеңестік атқару комитетінің денсаулық сақтау комиссарлығына сайланады.

1919 жылы Жайық өңірін жайлаған сүзек індетін жоюға қарсы Жымпитыда, Қаратөбеде стационарлық емдеу лазареттерін ашып, санитарлық өңдеу және індет ошақтарын жою шараларын ұйымдастырады.

Алайда 1922 жылы қайталап соққан сүзектен елді арашалап жүргенде жаман ауру Н.Ипмағамбетовтың өзіне жұғып сол жылдың 13 тамызында 39 жасында сүзектен қайтыс болады.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале