Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Қадыр-қазына» жобасы аясында оқушылардың театр үйірмелері арасында «Күміс қоңырау» аймақтық-республикалық байқауы өтті. Бұл жоба театрландырылған қойылымдар арқылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттауға арналды.
А. Островский атындағы орыс драма театрдың сахнасында Бөрлі, Сырым, Казталов аудандарының, Орал қаласының, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының өрендері өнер көрсетті. Барлығы 14 балалар театр үйірмесі қатысты. Олар Қадыр ақынның балаларға арналған жырларынан театрландырылған көрініс қойды. Қазылар алқасының мүшесі жазушы-журналист, «Орал өңірі» облыстық газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин балалардың өнеріне баға берді. «Қазақта о заманда да, бұ заманда да, қандай қоғамдық формацияда да ақын аз болмаған. Бірақ көзі тірісінде үлкен-кіші бірдей абыз ақын, классик ақын деп мойындалған ақын өте сирек, некен-саяқ. Сол ілуде біреудің бірі – өзіміз көре қалған, сөзін тыңдай қалған Қадыр Мырза Әли. Қадақаңның қазіргі заманның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі өте зор. Соңында қалдырған мұрасы өте мол. Қадыр – поэзиямен қатар, балалар әдебиетіне, оған қоса драматургияға, эссе мен сын жанрына, қазақ әдебиетінің сан алуан жанрына үлес қосқан классик тұлға. Балалардың осындай рухани қайнар бұлақтан нәр алуға ұмтылуы, менің ойымша, ең алдымен, ұстаздардың, ата-аналардың арқасы. Ендеше, өзім байқаған балалардың жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып өтейін. Ақсайлық ұл-қыздар «Мектеп» деген қойылым қойды. Ақынның «Үзіліс» деген өлеңін оқып, «Жездеке» әнін шырқады. Осы балалардың өнері өте шынайы, өте табиғи шықты. Мен риза болдым. Ұстаздарының шәкірттерін жауапкершілікпен дайындағаны көрініп тұр. Қадыр ағамыздың өлеңіне қоса, ақынның өлеңіне жазылған екі бірдей әнді шырқады. Яғни олар байқауға музыка жанрында тыңғылықты дайындалып келген. Менің көзқарасымша, «Аңдар неге араз?» деген қойылымды қойған ұжым жан-жақты дайындалып келген. Олардың декорациясы мазмұнына сай, үстеріне киген аңдардың киім-кешектері әр персонаждың табиғатына, мінез-құлқына, тыныс-тіршілігіне сәйкес таңдалған. Қимыл-қозғалыстары да өте жарасымды болды. Бұл қойылымның мазмұнын ерекше ашты. «Бойкүйез» де сәтті шықты, бірақ басты кейіпкердің дауысы әлі де әлсіздеу, дауыспен, дикциямен жұмыс істеу керек. Келесі байқауларда жетілдіре түсу үшін жақсылықтарыңызды да, ағаттықтарыңызды да айтып жатырмыз. Маңғыстау облысынан келген өнерпаздар өте күрделі, өте көкейтесті, тек Қазақстанның бір өңірінде емес, айдай әлемге ортақ экология мәселесін көтерді. Біздің ұлттың, халықтың құрып кетпей, әрмен қарай өркендей түсуі жас перзенттерімізге байланысты. Сіздердің ұлы қазақ халқының мемлекеттігін нығайтатын, Отанымыздың ұлы мәртебелі тәуелсіздігін баянды ететін бір-бір қайраткер, бір-бір тұлға болып қалыптасуларыңызға тілектеспін», – деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Сондай-ақ ол байқауды ұйымдастырған Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымшыл ұжымына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы да барынша ақпараттық қолдау білдіргенін атап өтті. Қазылар алқасының мүшесі болған Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрдың актері Азат Мыңбаев байқаудың өте жоғары деңгейде өткенін айтты. Абыз ақынның шығармашылығын құрмет тұтып, іс-шараны қолдап келген балалар өнер ұжымдарына алғысын білдірді.
Киелі сахнаның төрінде өнерге деген ынта-ықыласын көрсетіп, таланттарымен тәнті еткен балалар театрларының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды. Бас жүлдені маңғаз Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды ауылынан келген «Дарын» балалар драма ұжымы иеленді. Ләйлә Сәдуова мен Бибігүл Ұлжабаева жетекшілік ететін ұжым «Табиғат және мен» қойылымын қойды. І орынды Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы №6 мектептің «Сахна әлемі» үйірмесі («Мектеп» мюзиклі, жетекшісі Айнұр Игібаева), ІІ орынды Оралдағы Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің «Қазақ театр» үйірмесі («Аңдар неге араз?» қойылымы, жетекшісі Надира Ниязбек) жеңіп алды. Жүлделі ІІІ орын Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театрына («Бойкүйез» қойылымы, жетекшісі Назерке Махамбет) және Ақтөбе қаласынан келген «Геолог» мәдениет үйі жанындағы үлгілі «Жыр жауһар» поэзия театрына («Алтын ұядан Атамекенге дейін» қойылымы, жетекшісі Жұлдыз Қожабекова) бұйырды. Сонымен қатар Оралдағы Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің «Қазақ театр» үйірмесі («Жаңғалақтар» қойылымы, жетекшісі Тимур Ниязбек) мен Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы «Жас өркен» үйірмесіне («Мектепке қадам» қойылымы, жетекшісі Назерке Сауырбаева) арнайы жүлде табыс етілді. Жүлдегер-жеңімпаз өнер ұжымдарына 50 000 теңгеден 200 000 теңге аралығындағы жүлде қоры табыс етілді. Өзге қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»