Шілденің 28-інде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын шығармашылығына ой толғату арқылы қатысушылардың сөздік қорын молайту, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында «Жақсы сөз - жанның тынысы» атты онлайн байқауын өткізді.
Барлығы 9 мекеме-ұйым өкілдері қатысқан онлайн байқау тартысты өтті.
Дәстүрлі байқауға төтенше жағдайлар департаменті алғаш рет «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Орал қаласы)» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінен «Құтқарушы-тілшілер» атты тобын құрап, үкілеп жіберді. Байқау таныстыру (3 минуттық бейнеролик), Әл-Фараби мен Абай өлеңдерінің негізінде эссе жазу, «Өнерліге өріс кең» атты Абай шығармашылығынан ой-толғау сынды үш негізгі бөлім тапсырмаларынан тұрды.
Осыған орай «Құтқарушы-тілшілер» өз қызметтері туралы бейнеролик, Әл-Фараби мен Абай шығармашылығы туралы эссе, Абай шығармашылығы туралы бөлек ой-толғау әзірлеп, тыңғылықты дайындықпен келгендігі байқалды. Тартысты өткен сөз сайысында «Өрт сөндіру және авариялық- құтқару жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің аға инженері Р. Жирентаев, кадр саясаты бөлімнің инспекторы А.Айболатова, №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі А.Даракчян, «Жедел-құтқару жасағының» құтқарушысы А.Ниязов өздерінің сөз саптаудағы шеберліктері мен ұлы ақынның шығармашылығын талдауда шешендіктерін көрсетті. Әсіресе, топ басшысы Рустам Жирентаевтың бұл - тіл бәйгесіндегі екінші рет бақ сынауы. Өткен жылы ол Қызылорда қаласында ұйымдастырылған «Полиглот» сайысында үш тіл білетін өрт сөндіруші-құтқарушылар арасынан топ жарып, бас бәйгені алған-ды. Бұдан бұрын ұжым қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Абай оқулары» сайысында да үздік өнер көрсетіп, 1-орынды иеленіп, мерейі үстем болған. Осылайша әділ қазылар алқасы бас жүлдені бірауыздан сөздің парқын білетін өрт сөндіруші-құтқарушы жігіттерге берді.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz