9 желтоқсанда облыстық мәслихаттың кезектен тыс 40-ыншы сессиясы өтіп, оның жұмысына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Сессияның күн тәртібіне тоғыз мәселе шығарылды. Бірінші мәселе – БҚО мәслихатының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы №32-1 «2020-22 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, биылғы облыстық бюджет 5,4 млрд. теңгеге азайтылып, күні бүгін 240 млрд. теңге құрап отыр. 2021 жылға арналған облыстық бюджет 194,4 млрд. теңге болады деп күтілуде. Оның ішінде облыстық бюджет түсімдері 67,8 млрд. теңге, жалпы сипаттағы трансферттер (аудандық бюджеттен облыстық бюджетке білім, ветеринария, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің шығындарын беру) 75,3 млрд. теңге, облыстық бюджетке қайтарымдар мен басқа да түсімдер – 40,7 мың теңге.
– Инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік салаға 96,4 млрд. теңге бағытталады. Оның 85,8 млрд. теңгесі білім беру саласына (қаржы Казталов ауылындағы 600 орындық мектеп пен Оралдағы 300 орындық №33 мектептің құрылысын аяқтауға қаралды) жұмсалады. Денсаулық сақтауға 2,2 млрд.теңге, әлеуметтік қамтамасыз етуге 3,6 млрд. теңге, мәдениет, спорт, туризм, мұрағат, жастар саясаты, ақпараттық кеңістікке 4,8 млрд. теңге бағытталмақ. Сонымен қатар ауыл және орман шаруашылықтары, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария, жер қатынастарын дамытуға 7,4 млрд. теңге, кәсіпкерлікті қолдауға 1,9 млрд. теңге, тұрғын үй салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, газбен, сумен қамту нысандары құрылысын жалғастыруға және аяқтауға 2,6 млрд. теңге, жолдарды күтіп-ұстауға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу жүргізуге 1,6 млрд. теңге қаржы бөлінеді, – деді Т.Каюпов.
Сессияда «2016-2020 жылдарға арналған облыстың аймақтық даму бағдарламасы туралы» шешімге өзгерістер енгізу жөнінде, ауылда тұрып, мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерге коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және бюджет есебінен отын сатып алу туралы, «Батыс Қазақстан облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгеріс енгізу жайында хабарламалар тыңдалды. Барлық талқыланған мәселе бойынша тиісті шешімдер алынды.
Сессияда сөз алған БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және мұрағаттар басқармасы басшысының міндетін атқарушы П.Лежников өңірді интернетпен, сапалы ұялы байланыспен қамтуға қатысты қолға алынған жұмыстармен таныстырды.
Жиын барысында депутаттар тарапынан облыста ана мен сәби өлімінің көбеюіне, байланыс сапасының төмендігіне, бюджеттік сала қызметкерлеріне баспана беруге қатысты сауалдар қойылды.
– Мұғалімдерге, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне баспана мәселесін шешуіміз керек. Орынбасарым Т.Шәкімовке тапсырма бердім. Алдағы жылы арнайы бағдарлама жасалатын болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үй алуға, басқа да бағдарламалар шеңберінде 10 мыңнан аса адам қаржыларын (3 млн. теңгеден астам) жинақтаған. Яғни сұраныс көп, бірақ ұсыныс аз. Сол себепті 2021 жылдың көктемінде жаңа ықшамауданның құрылысы басталады. Ана мен сәби өліміне қатысты таяуда сала мамандарымен кездесу өткізіп, себеп-салдарларын талқылаймыз. Интернет, ұялы байланыс бойынша басқарма тарапынан талдау жасалды. Алайда ол аз, тағы да бір-екі ай уақыт берейік. Әр ауыл үшін нақты іс-шараларды анықтасын, – деді өңір басшысы.
Сессия соңында Ғали Есқалиев алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне орай депутаттар тобын алғысхаттармен марапаттады.
Тоқтар Ғабдірешұлы,
zhaikpress.kz