24.09.2020, 22:37
Оқылды: 3

Басшы бәріне жауапты

Бұл туралы бүгін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінде басқарма басшыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өткен кездесуде айтылды.

 ляз 1

Жиында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу  және оның алдын алу бойынша мәселелер талқыланды. Алдымен сөз алған департамент басшысы Рустам Ақмырзаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ең  бірінші басшының жауапқа тартылатынын атап өтті.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл еліміздің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Агенттік миссиясы – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл бағытта елімізде кең көлемде іс-шаралар қабылдануда. 2019 жылдың аяғында басшылардың дербес жауапкершілігі заңмен бекітілді. Яғни, бұдан бұлай қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, қылмысы дәлелденетін болса, онда басшының жауапкершілігі қаралады. Яғни, саяси қызметкер үшін отставкаға кетуі, ал әкімшілік мемлекеттік қызметкер басшылары үшін тәртіптік мәселесі қаралады. Айталық, облыстық жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің пара алу фактісі бойынша қылмыс жасағаны үшін полиция департамент бастығының бірінші орынбасары және жергілікті полиция қызметінің бастығы мен орынбасары қызметтен кетті. Сондай-ақ, Шыңғырлау ауданы әкімі мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының қызметтен кетуіне қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа бой алдыруы  негіз болды, - деп атап өткен Рустам Сапарбекұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 19 тамызда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы жиындағы бірнеше тапсырмаларына тоқталды.

ляз 2

- Президентіміз бұл жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеу керектігін ерекше атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны республика бойынша 11% артқан. Оның ішінде екеуі облыс әкімі болуы алаңдаушылық туғызады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн. Әр мемлекеттік мекеменің басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сапалы жүргізуі қажет. Өйткені, дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық көптеген адамның жарқын келешегіне  балта шабуы әбден мүмкін, - деді департамент басшысы Рустам Ақмырзаев.

Бұдан әрі департаменттің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин құқықтық статистика және мемқызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндап, осы бағытта арнайы дайындалған видеороликтерді көрсетті.

Ал әдеп жөніндегі уәкіл Айман Хайруллина мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, жұмыс барысында сөйлеу мәдениеті, жүріс-тұрысы, кез-келген уақытта арандатушылыққа жол бермей, азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға сабырмен жауап беруді,  жалпы моральдық-этикалық нормаларды сақтау керектігін түсіндірді.

Жиын соңында бкасқарма басшылары өзара пікір алмасып, жемқорлықтың алдын алу туралы ойларымен бөлісті.

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале