Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғылым мен ұстаздықты ұштастырған ғалым» атты көпшілік дәріс өтті.
Университеттің «Жастар бастамасын дамыту» орталығы ұйымдастырған іс-шараның басты кейіпкері — білім ордасында ұзақ жылдар қызмет атқарған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов. Жиынға басқарма басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студент-жастар қатысты.
Алдымен сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов кеш қонағы Қазыбай Қараұлының алпыс жылдық тарихы бар университеттің дамуына көп еңбек сіңіргенін, проректор және ректор лауазымдарын абыроймен атқарғанын атап өтті.
Бұдан әрі көпшілік дәрісте «ашық микрофон» форматында жалғасып, сөз тізгіні мейманға берілді. Ғалым-ұстаз Қазыбай Бозымов әріптестерімен, замандастарымен, жастармен кездесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
Ақжайық өңіріне 15 жасында табан тіреген қызылордалық бозбаланың оқушылық, студенттік жылдары мен кейінгі тағылымды еңбек жолы осы өңірде жалғасқан екен. Сол жылдардағы естеліктерімен бөліскен ғалым-ұстаздың өнегелі ғұмырының көп жылдары қазіргі Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланысты. Анасының ақыл-кеңесімен осы оқу орнында білім алып, университет қабырғасында жемісті қызмет атқарған.
«Басшы болу – міндет емес. Әр адам өмірден өз орнын табуы керек» деген Қазыбай Қараұлы жастарды ерінбей еңбек етуге, сабаққа көңіл бөлуге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға шақырды.
Кездесу барысында оқытушылар мен білім алушылар да өз сауалдарын жолдап, ғалым-ұстазға ақжарма тілектерін арнады.
БҚАТУ медиа орталығы