Батыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалдарының директорлары жерлестеріне Конституциялық реформаның мазмұнын түсіндіруде. Әсіресе кәсіпкерлермен кездесуге Жаңақала аудандық филиалының директоры Гариб Асханбаев ерекше дайындықпен келген.
Гариб Асханбаев реформаның артықшылықтары, Қазақстанның демократияны нығайтуда қандай бағыттарды ұстанатыны туралы қысқаша баяндаған брошюраларды дайындаған. Әріптесіміз атап өткендей, бизнес субъектілері арасында өзара байланыс мығым әрі Жаңақала ауданы тұрғындарының алдағы референдумға ұстанымдары айқын.
- Жерлестерімнің басым бөлігі Президенттің бастамаларын қолдайды. Бұл Жаңақала ауданы тұрғындарының ішкі саясатқа қызығушылық танытатынын көрсетеді. Егер сіздің референдумға қатысты күмәніңіз болса, онда кітапшаның мазмұнымен танысып, елдің Негізгі заңы — Конституцияға енгізілген жаңалықтардың қаншалықты маңызды екеніне баға беруіңізді сұраймын. Аудан тұрғындары азаматтық ұстанымдарын танытып, жаңа бастаманы қолдайды деп сенемін, — деді Гариб Асханбаев.
БҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілі өз елінің патриоты санайтын әрбір қазақстандық ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен референдумға қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше өзінің таныстары, жақындары, әріптестері арасында Конституциялық өзгерістерді қолдау мақсатында үгіт-насихат жүргізуі тиіс деп есептейді.
Өткен аптада Гариб Асханбаев 50 кәсіпкерге, оның ішінде Жаңақала аудандық филиалына келушілер арасында Конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндірді. Әріптесіміз қоғамдық маңызы бар жұмысты апта бойы жалғастыруға ниетті.
Саида Төлегенова,
zhaikpress.kz