Әрбір мемлекет үшін республикалық, облыстық, қала берді қалаішілік жолдардың құрылысы мен сапасы маңызды міндеттердің бірі екенін және қордаланған мәселелердің қатарына жататынын білеміз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бес жылдан кейін жолдардың 95 пайызын жақсарту туралы Үкіметке тапсырмасын бергені естеріңізде болар.
“Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс“, - деген болатын Мемлекет басшысы.
Орал қалалық мәслихатының 7-8 шақырылымның депутаты Ашикова Нұргүл Әжібайқызына 23 жыл бойы ешқандай қатқыл жол көрмеген Ахмиров көшесінің тұрғындары келіп, асфальт төсету мәселесін көтерген болатын.
Тұрғындардың айтуынша, жол мәселесін көтеріп жүргендеріне бірнеше жыл болған. Қала, облыс әкімшілігіне және жауапты мекемелерге өтініштерін жазып, қабылдауларында да болған. Бірақ ешқандай тұщымды жауап ала алмаған. Басқа қайда барарын, кімге жолығарын білмеген тұрғындар «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, депутаттың жеке қабылдауына кірді.
- Осы көшеде 30 жылдай болды тұрып келе жатқаныма. Бірде-бір рет жол салынбады да, жөндеу де жүргізілмеді. Кішкентай ғана квартал болғасын бәлкім ешкім мән бермеген болар. Бірақ әр көктем-күз сайын балаларымызға, көше тұрғындарына қиын. Жаз уақытында шаң, есік-терезелерді ашу мүмкін емес. Бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға бардық. Бірақ әлі де ешқандай шара қолданылмады. Көше тұрғындары, бастауыш партия ұйымының мүшелері ретінде қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашиковаға жолықтық. Ол кісі бірден қолдай кетті, - деді қала тұрғыны Райса Бақтыгереева.
Тұрғындардың өтінішін жерге қалдырмай, бірден көмек қолын созған Нұргүл Ашикова өзіміз бірігіп жасамақ, ешкім жасамайтынын түсініп, бастауыш партия ұйымы болып құрылысты бастады. Осы ісімен көптеген кәсіп иелеріне, жалпы қала тұрғындарына үлгі болсын деп, «әлемді өзгерткің келсе, өзіннен баста» деген қағидатты ұстандық деді.
- Жоғарыда айтылған Ахмиров көшесіне осы көшеде тұратын кәсіпкерлер бірігіп, өз қаражатымыз есебінен асфальт төсеттік. Бұл қаламыздың орталығы саналғанымен, соңғы 23 жылда ешқандай жөндеу көрмеген, әрі тоз-тозы шығып жатқан көшелердің бірі болатын. Мәселені шешу үшін алдымен қала әкіміне көше тұрғындарының өтінішін депутаттық сауал ретінде жеткіздім. Дегенмен жергілікті атқарушы органдардың айтуынша, аталмыш көшенің жоспарға енгізілмеген, сол себепті бұл мәселені тікелей шеше алмайтындарын баса айтты. Осылайша ауызбіршілігі жарасқан кәсіпкерлерден құралған «AMANAT» партиясының «Саудагер» бастауыш партия ұйымы мүшелері бірігіп, халық үшін игілікті іс жасады. Бұл көпке үлгі боларлық үлкен сауапты іс деп ойлаймын! Жол салуға үлес қосқан барша жомарт жандарға айтар алғысымыз шексіз! Жаңа Қазақстанға апарар жол жаңа жол төсеуден басталсын!, - деді қалалық мәслихат депутаты Нұргүл Ашикова.
Партия белсенділері осындай игілікті іс жасағандары үшін, қаламыздың көркеюіне қосқан үлестері үшін «AMANAT» партияcы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бастауыш партия ұйымының мүшелерін алғыс хатпен марапаттады.
Айта кету керек, Ахмирова көшесіне жол салу процесі бір күннің ішінде біткен. Бір күннің ішінде салынған жолдың ұзындығы 200 м, ені 8 м көшеге асфальт төсеуге 10 миллион теңгенң 19 кәсіп иесі жинады.
Сонымен қатар осыдан бір ай бұрын қаламыздың Куренный ауданының тұрғындарының шақыртуымен қаланың ескі бөлігінің жай-күйімен танысып қайтқан болатынбыз.
- Қаланың бұл бөлігін жер үйлер құрайды. Осы кезге дейін бұл жақтағы көшелерге мүлдем асфальт төселмеген. Сондықтан көктем-күзде жаңбыр мен балшық, қыста қардың кесірінен орталыққа қатынау, мектеп пен балабақшаға тасымалдау жергілікті халықты біраз әбірге түсіріп, әбден қинап келген. Бұл жақтың тұрғылықты халқының ең басты өтініші көшелерге асфальт төсеу мәселесін көтерген еді. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда ескі асфальт қалдықтарын, яғни фреза төсеп беруді сұрады. Қалалық ТҮКШ басшысы Азамат Халелов қалалық мәслихат депутаты Нұргүл Ашиковамен кездесу кезінде аталмыш мәселені биылғы жаздан қалдырмай шешу жолын қарастыратынын жеткізген еді. Айтқандай-ақ, көп ұзамай бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, бұл аудандағы көшелерге, соның ішінде Средняя көшесіне фреза төсеу басталып кетті. Жөндеу тұрғындардың өтінішінен кейін жедел түрде басталып, бүгінде толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыс осымен тоқтаған жоқ. Алдағы уақытта қаланың ескі бөлігі саналып келген бұл ауданның көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын бақылауда ұстандығын жеткізді,- деді Нұргүл Әжібайқызы.
«AMANAT» партиясы
БҚОФ баспасөз қызметі