Әлемге әйгілі, ең ірі – энергетикалық компаниялардың бірі – «Шеврон» компаниясы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерден алыстаған емес. «Шеврон» Қазақстандағы ең ірі халықаралық инвестор ретінде Қарашығанақ жобасына қатысу үлесіне ие, Каспий Құбыр Желісі Консорциумының ең ірі жеке акционері және Атырау қаласындағы полиэтилен құбырлар зауытын басқарады. Қазақстанға 1993 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-ны құрып келген алғашқы шетелдік энергетикалық компания болды. Отыз жылға жуықтаған уақытта компания еліміздің сенімді серіктесіне айналып үлгерді. Қазақстандағы көптеген әлеуметтік жобалардың инвесторы.
Компания әлеуметтік нысандарда заманауи технологияларды пайдалануға мүмкіндік бере отырып, жас ғалымдардың, мектеп мұғалімдерінің білімін жетілдіруге қолдау көрсетуде. Мәселен, «National Geographic» журналымен бірге білім саласына пайдалы әлеуметтік жобаны қолға алған.
– Жалпы «National Geographic» журналының еліміздегі алғашқы саны 2016 жылдың ақпан айында жарық көрді. Міне, содан бері алты жылдан асып барады. 134 жылдық тарихы бар, әлемдік брендке айналған журналдың жоғары сапалы ғылыми-танымдық контенті қазақтілді оқырманға да қолжетімді.
Бірақ өкінішке орай, журналға жазылым мәселесінде көпшіліктің қолын қаржы байлайтыны белгілі. «Шеврон» компаниясымен ынтымақтастығымыз да бірнеше жыл бұрын осы жазылым мәселесінен басталды. Аталған компания өзінің әлеуметтік бағдарламасы аясында әлемдік сападағы қазақтілді контенттің мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің бірнеше өңірінде мектептерге қолдау көрсетіп, «National Geographic» журналын жаздырып берді.
Бүгінде осы ынтымақтастық жаңа белеске көтеріліп, оқу-ағарту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз, - деді «KAZMEDIA HOLDING» ЖШС-ның басқарушы директоры Қанат Абашов.
Қанат Нұралы жобалардың мақсатына да толығырақ тоқталды.
– «National Geographic» журналын қазақ тілінде басып шығару – біздің, яғни «KAZMEDIA HOLDING» компаниясы қызметінің бір бағыты. Бұдан бөлек, біз оқу-ағартушылық бағытта да жұмыс істейміз. Айталық, әлемдік «National Geographic» – бұл бір ғана журнал емес, ол – бірнеше журналы мен телеарналары, интернет порталдары бар үлкен қоғам. Оның оқушыларға, мұғалімдерге арналған, заманауи озық технологиялар мен соңғы ғылыми-танымдық жаңалықтарды қамтитын, арнайы бейімделген оқу-ағартушылық бағыттағы ресурстары да бар. «KAZMEDIA HOLDING» соңғы жылдары осы ресурстарды Қазақстандағы мектеп мұғалімдеріне таныстырып, оларды сабақ барысында қосымша материал ретінде пайдалану жолдарын үйрететін семинарлар өткізуді қолға алдық. Бұл – үлкен, ауқымды жоба. Оған арнайы сертификатталған, үш тілді бірдей меңгерген отандық тренерлерді жинадық. Жобаға «National Geographic»-тің мамандары да шақырылады. «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Қызықты ғылым» жобасын бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Жобаның негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі сапалы ғылыми контенттердің қазақ тіліндегі қолжетімділігі аясын кеңейту. Яғни қазақ тіліндегі контент жетіспеушілігі проблемасын шешкіміз келеді. Бұл ретте компания республика мектептерінің кітапханаларын журналдың қазақ тіліндегі жиынтық топтамаларымен қамтамасыз ету жұмысын атқаруда. «Шеврон» компаниясының атсалысуымен жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысының және Астана, Алматы қалаларының мектептеріне журнал топтамалары тегін тапсырылады, - деп баяндады «KAZMEDIA HOLDING» директоры.
Жобаның тағы бір мақсаты – қоғамның ғылымға деген қызығушылығын арттыру. Компания мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арнайы тақырыптық семинарлар өткізіп, әлемдік ғылыми-ресурстарды сабақ барысында қалай қолданып, оқушыларды қалай қызықтыруға болатынын үйретеді. Тіпті оқушыларға берілген мәліметтерді ғылыми жоба жазарда қалай дұрыс пайдалану керектігін жан-жақты түсіндіреді. Себебі бұл ресурстардағы еңбектердің барлығы ғылымда расталып, дәлелденген әрі авторлық құқығы қорғалған зияткерлік меншік нысаны.
Екі серіктес ұйымдастырған семинардың қатысушысының да пікірін білдік.
– Дүние жүзіне әйгілі журналдың қазақ тілінде басылып шығып жатқаны қуантады. Ұжымымызбен оқимыз. Мұғалімдерге, оқушыларға аса қажет ғылыми жұмыстар қазақ тілінде тым аз. Ал «National Geographic» журналы мен «Шеврон» компаниясы білім саласын дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ютуб каналдарындағы ғылыми жұмыстардың енді қазақ тілінде де субтитрі бар екендігі бізге өте тиімді. Семинар барысында біліп түйгенімізді енді практикада жүзеге асыруымыз керек, - дейді Астана қаласындағы №90 мектеп-лицейдің география пәнінің мұғалімі, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Жансая Жасанбаева.
Бұл әлеуметтік жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болса, қазақ ғылымына тың серпіліс әкелері сөзсіз.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz