Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі - азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.

Қызмет алушылардың заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, Департаментке келіп түскен арыз-шағымдар жан-жақты қаралып, уәждерінің расталуы жағдайында бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған тиісті ұсынымдар жолданады.
2025 жылдың 1-тоқсаны қорытындысы бойынша, Департамент тарапынан 6 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Мысалы, тракторшы-машинист куәлігін беру қызметі бойынша қызметті беруші жергілікті атқарушы орган тарапынан қызмет алушыға негізсіз бас тарту фактісі анықталды. Департаменттің ұсынымы негізінде азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, куәлік берілді. Аталған бұзушылыққа жол берген тұлға тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Департаментпен қашықтықтан бақылау жүргізу нәтижесінде қосымша 6 қызмет алушының құқықтары қорғалды.
Сыртқы байқау барысында Е-лицензиялау ақпараттық жүйесінде жарамсыз ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға рұқсат беру қызметіне түскен өтінімнің тіркелмегені анықталды. Қызметті беруші жергілікті атқарушы орган тарапынан орын алған бұзушылықты жою жөнінде Департаменттің ұсынымы жолданып, қызмет алушының өтінімі тіркеліп, құқығы қалпына келтірілді. Жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті