Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өз жұмысын Президент жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаларының аясында жүзеге асырып келеді. Бұл бастама азаматтардың пікіріне құлақ түріп, олардың өтініштеріне жылдам әрі әділ жауап беруді көздейді.

Мемлекеттік қызмет этикасының маңызды қағидаттарының бірі – халық мүддесіне бағдарлану. Яғни қызмет көрсетуші орган әрбір азаматты мемлекеттік қызметтердің толыққанды тұтынушысы ретінде қабылдап, олардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Мұндай тәсіл бюрократиялық кедергілерді азайтып, өтініштерді қарау барысында әуре-сарсаңға салуға жол бермеуді мақсат етеді.
Бүгінде Департамент жұмысының басты басымдығы – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл ретте азаматтардың құқықтарын сақтау және қажет болған жағдайда оларды қайта қалпына келтіру маңызды міндеттердің бірі саналады.
Департаментке түсетін арыз-шағымдар мұқият қаралып, өтініш берушілердің талаптары негізді деп танылса, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған тиісті шаралар қабылданып, уәкілетті органдарға ұсынымдар жолданады. Осылайша шағымдарды қарау үдерісі жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың заңды құқықтары мен мүдделері қорғалып келеді.
Мәселен, 2024 жылдың өткен кезеңінде Департамент 29 қызмет алушының құқығын қалпына келтіруге ықпал еткен. Ал, биылғы жылы тағы 22 азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Уәжі негізделген шағымдардың басым бөлігі жер учаскесін беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерге қатысты болған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы және автокөлік жүргізу салалары бойынша да құқықтары шектелген азаматтарға қолдау көрсетілді.
Мысал ретінде, бір азамат жер учаскесін тіркеу барысында ақпараттық жүйедегі қате мәліметтердің салдарынан ұзақ уақыт өз мәселесін шеше алмаған. Департаменттің араласуымен ақпараттық жүйеге қажетті түзетулер енгізіліп, жер телімі ресми түрде тіркелді.
Тағы бір жағдайда, техникалық себептерге байланысты жүргізуші куәлігінің тиісті санатын алу мүмкін болмаған азаматтың өтініші қаралып, Департамент мүдделі органдармен бірлесе әрекет ете отырып ақпараттық жүйедегі ақауларды жойды. Нәтижесінде өтініш беруші қажетті санаттағы жүргізуші куәлігін алды.
Департамент шағымдарды қарау барысында әрбір мәселені жан-жақты зерттеп, ешбір азаматтың құқықтық мәселесін назардан тыс қалдырмауға күш салады. Сонымен бірге қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың өзге де тиімді тәсілдері қолданылуда.
Соңғы үш жылда Департамент қашықтан бақылау тетігін белсенді пайдалануда. Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ақпараттық жүйелерге қолжетімділік арқылы қызметкерлер өтініштердің уақтылы әрі сапалы қаралуын онлайн форматта бақылап отырады. Бақылау нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданады.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесінде 98 қызмет алушының құқығы қайта қорғалды. Мысалы, Е-лицензиялау жүйесінде жер учаскесіне құқық беру қызметінің мерзімі өтіп кеткені анықталып, қызмет алушыға мүлде жауап қайтарылмаған. Департаменттің араласуымен бұл бұзушылық жойылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ бір ауданның жер комиссиясы уақытылы жиналмағандықтан 18 өтінім бойынша негізсіз бас тарту шешімі қабылданғаны белгілі болды. Мониторинг қорытындысы бойынша берілген ұсынымдардан кейін аталған өтінімдер комиссияда қаралып, азаматтарға тиісті шешімдер ұсынылды.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтер сапасын бақылауды күшейтіп, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.
Мұрат Байсалов,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша
департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы