Облыстық кәсіпкерлер палатасында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда энергетика саласын жаңғырту, ҚР Құрылыс кодексі және облыстың биылғы құрылыс жоспары жөнінде айтылды. Кәсіпкер Жанна Тәжғұл төрағалық еткен кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, тиісті басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиев биыл жүзеге асырылатын құрылыстар жөнінде баяндады. Жоспар бойынша 645 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылу керек. Бүгінде Орал мен Ақсай қаласында екі-екіден 4 көпқабатты тұрғын үйдің (548 пәтер), сондай-ақ Теректі ауданының Подстепный ауылында 13 тұрғын үйдің (228 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінген 2,8 млрд теңгеге әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 205 пәтер (1,2 млрд теңге), жалғыз үйі апатты деп танылған тұрғындарға 131 пәтер (2,5 млрд теңге) сатып алу жоспарланған. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен қосымша 3,7 млрд теңге қажет. Бұл апатты үйлердің иелеріне берілетін пәтердің 105-і Орал қаласында болса, 26-сы Тасқала ауданында.
– Орал қаласындағы Ақжайық шағынауданында мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен сатып алуға жоспарланған 1000 пәтердің құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі таңда шағынауданда өз меншігінде жер телімдері бар мердігерлер мен «Aqjaiyq» ӘК» АҚ арқылы жер телімдерін алуды жоспарлаған мердігерлер тарапынан коммерциялық тұрғын үйлер салу жоспарлануда. Қазір бюджет қаражаты есебінен 2 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ал білім беру саласында 9 мектеп салу жоспарланған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Казталов ауданының орталығында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында көпсалалы орталық аудандық аурухана қайта жаңғыртылуда. Осы мақсатта арнаулы мемлекеттік қор есебінен 9,9 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен Ақжайық ауданында екі спорт кешенін салу көзделген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2026 жылға өтпелі үш мәдениет үйінің құрылысы жалғасып жатыр. «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен Бәйтерек ауданындағы Достық ауылдық клубының және Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылында мәдениспорттық кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын.
Былтыр желтоқсанда «2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (МЭКС) ұлттық жобасы бекітілді. Ол жылу, электр және сумен жабдықтау желілері мен нысандарын, сондай-ақ су бұру жүйелерін кешенді жаңартуды көздейді. Бұл бастама Мемлекет басшысының инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин осы жобаға сәйкес тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту жөнінде айтты.
– Қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы құрылымдарға облигациялар беріледі. Осыған сәйкес былтыр облыста 15 жоба мақұлданды. Ұлттық жоба аясында төрт ауданда электр желілерін ауыстыру үшін 10 млрд теңге, сумен қамтуға 5 млрд теңге және 4 млрд теңге жылу беру саласына бөлінді. 2026 жылға 18 жоба дайындалды. 2029 жылға дейін облыстағы инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін 11%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл желілердің тозуы 75,4%-ды құрап отыр. Ұлттық жобаға берілетін қаражат Ұлттық қордан бөлінеді. Сондықтан барлық қаражат кері қайтарылады. Яғни табиғи монополия субъектілері несие түрінде алған қаражатты үш жылдан соң тариф негізінде қайтарады, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның электронды сатып алу платформасы – meks.zakup.sk.kz іске қосылған. Онда бекітілгенбарлық жоба жарияланады. Жобаға қатысқысы келетіндер сол жерден таңдау жасайды. Жалпыұлттық жоба аясында атқарылатын жұмыстар тарифтің өсуін тежеуге сеп болмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй Батыс Қазақстан облысы инженерлік желілерді жаңарту бойынша өзге өңірлер арасында 15 жобамен үздік үштікте екенін атап өтті. Негізінен электр желілерін жаңғыртуға басымдық беріледі. Бүгінде өңірдегі 44 елді мекенде электр желілері қайта құрылуда. Қолға алынған шаралар әзірше ілкімді істің бастамасы ғана. Күні бүгінге дейін облыста бұл салада қазіргідей ауқымды жұмыс атқарылмаған.
Кеңес отырысында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мағжан Мұратов ҚР Жаңа құрылыс кодексіндегі өзгерістерді таныстырды. Биыл шілденің 1-інде күшіне енетін кодекс құрылыс саласына көп өзгеріс әкелмек. Ең алғашқысы, құрылыс саласы толықтай цифрландырылады. Ол үшін осы салада қолданылатын барлық платформа біріктіріліп, «eQurylys» платформасы құрылған. Сол арқылы әрбір құрылыс нысанына жеке нөмір беріледі. Осы нөмірмен салынатын нысанды жоспарлау, жобасын сызу, салу және пайдалануға беру, тіпті бұзуға дейінгі аралықты көруге болады. Мағжан Махамбетұлы бұл құрылыстың ашықтығын көрсетіп, жемқорлықты азайтуға себеп болады дейді.
– Кодекстегі тағы бір тың өзгеріс енді өрт қауіпсіздігі мамандары мен мемлекеттік сәулет-құрылыс құрылымдарының қызметкерлері құрылыс нысандарын қабылдауға қатысады. Яғни құрылыс аяқталған соң тапсырыс беруші осы мекемелерге міндетті түрде хат жолдайды. Тараптар бұрынғыдай қабылдау актісіне қол қоя салмайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс құрылымдарының мамандары техникалық қадағалаушының қорытындысына қол қойып, өзінің қорытындысын береді. Өрт қауіпсіздігінің мамандары халық көп шоғырланатын нысандарға, яғни тоғыз қабаттан асатын тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік сала ғимараттарын қабылдауға қатысады. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс құрылымдары салынатын күрделі нысандардың барлығын назарға алады. Сонымен қатар бұрын егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына жылына екі рет өзгерістер енгізіліп жүрді. Шілдеден бастап екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етіледі және өзгерістер міндетті түрде сараптамадан өтуі қажет, – деген ол құрылыс компанияларын бірыңғай цифрлық құрылыс платформасымен жұмыс істеуге шақырды.
Кеңес отырысында Мирас Рүстемұлы мен тиісті басқарма өкілдері кәсіпкерлердің құрылыс саласына қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Мәселен, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын құрылысқа тек заңды тұлғалар, яғни ЖШС-лар мен акционерлік қоғамдар тарта алады. Кәсіпкерлер осы орайда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға жеке кәсіпкерлерді де қосу жағы қарастырылса деген ұсынысты айтты. Облыс әкімінің орынбасары республикалық кәсіпкерлер палатасына бұл мәселе жөнінде хат жолдауды ұсынды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»