«Орал өңірі» газеті – ғасырдан астам тарихы бар, облыстың айнасы саналатын беделді басылым. Ол өңірдің тыныс-тіршілігін, елдегі маңызды саяси, әлеуметтік және мәдени оқиғаларды шынайы әрі сапалы түрде халыққа жеткізіп келеді.
Газет – ұлттық мүддені көздейтін, халықтың үнін билікке, биліктің үнін халыққа жеткізетін сенімді ақпарат құралы. Оның беттерінде өңірдің дамуы, қоғамдағы өзекті мәселелер, тарихи-мәдени мұра, жастар саясаты мен экономикаға қатысты тың тақырыптар кеңінен қамтылады. Газеттің мазмұны терең, тілі шұрайлы, ал оқырмандары – оның ең үлкен құндылығы. Редакция қызметкерлері кәсібилігімен, әділдігімен және жаңашылдығымен ерекшеленеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері – «Орал өңірі» газетінің оқырмандары. Олар жыл сайын, көбінесе, бір жылға ұйымшылдықпен жазылып келеді.
Бұл басылымда біздің қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мақалалары жиі жарияланып тұрады. Газ жабдығын тұтыну қағидалары, өнеркәсіпте қолданылатын улы заттардың сипаттамасы мен олардан қорғану жолдары, мұнаралы крандарды пайдалану ережелері секілді басқа да қауіпсіздікке қатысты тақырыптар қамтылып жүр. Облыс халқының өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті апаттардың алдын алу, зардабын жою бағытында кеңестер беріледі. Осылайша Орал қаласы мен 12 ауданға тарайтын газеттің күшімен қауіпсіздік шаралары жүргізілуде. Яғни басылымды орынды пайдалану арқылы атқарып отырған қызметтің де тиімділігі артып келеді. Сондықтан облыстық басылымды қолдау – қазақ руханиятын, ұлттық идеологияны қолдау деген сөз.
Жергілікті халықтың сеніміне ие болған «Орал өңірі» газеті шынайы ақпараттың жаршысы ретінде беделін одан әрі нығайтып, болашақта да оқырманға сапалы журналистиканың үлгісін көрсетеді деп сенемін.
Жанболат Булекчурин,
БҚО ТЖД өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының бас маманы