18.04.2018, 14:19
Оқылды: 165

Бата беріп, бас жүлдені жеңіп алған  

 

 Ertay SerdalinКөпшілік бас қосқан жиын-тойда ақсақалдардан бата сұрасаң, тілек айтып кететінін көргенде, қынжылып қалатынымыз рас. Алайда жұртшылықты сөйлеген сөзіне ұйытып, өнеге-тәрбиеге үндейтін ғибратты бата бере білетін ақсақалдар да бар. Сондай дана қарттарымыздың бірі – Атырау қаласында өткен «Батаменен ел көгерер» аймақтық батагөй қариялар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылының тұрғыны Ертай Сердалин ақсақал. Облысымыздың намысын қорғап, абыройын асқақтатып оралған Ертай Нығметұлы байқаудан алған әсерімен ықыластана бөліскен еді.


 

b642db6f-b97e-4d85-85d6-9df66ecc76af-Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған бұл байқау Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Біздің өңірден қатысатын қос қария - былтырғы өткен облыстық байқаудың бас жүлдегері, тасқалалық Жұмагелді Үмбетқалиев екеумізді БҚО ардагерлер ұйымының төрағасы Мырзағали Мұханбетов бастап барды, - деп бастады әңгімесін Ертай аға. - Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы сында елімізге телгілі, тарихта аты қалған тұлғалардың батасын беру талап етілді. Мен атақты Сүйінбай ақынның көпшілікке арнаған батасын айтып бердім. 692a1592-ae81-4d66-97f7-d972d8bf7001Келесі кезеңнің шарты бойынша әр үміткер өз батасын беруі тиіс болатын. Осыған орай жұртшылық назарына ұсынған өзімнің әскерге шақырылған сарбаздарға беріп жүрген батамды қазылар алқасы да, қалың жұртшылық та жылы қабылдады. Үшінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты қойылған сауалдарға жауап беруге тиіс болдық. Маған түскен «Қонақасы деген не?» деген сұраққа: «А, құдайым, би қылмасаң да, би түсетін үй қыл» деп өмір сүрген қазаққа қойылатын сұрақ емес екен. Дегенмен жауабын берейін» дегенімде, зал толы көрермен ду күлді. Әйтеуір, Алла абырой беріп, өзіме артқан ел-жұрттың сенімін ақтап, жеңіс биігінен көріндім. Өкінішке орай, бірге барған Ж.Үмбетқалиев орынға іліге алмады.

5b57a2a5-3100-49bf-9079-40af8e9b3927Жалпы, атыраулықтардың ұлттық өнерді ұлықтауы мен үлкендерге көрсеткен сый-құрметіне өте риза болдым. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов бастаған басшылар мұнайлы өлкеге табанымыз тигеннен тік тұрып қызмет етті. Барғаннан қарсы алып, жанымыздан табылған Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мұханбетов, облыстық тарихи-өлкетану мүзейінің директоры Рашида Харипова, музей қызметкерлері Светлана Нұрпейісова, Ғалия Қанатова, Бұйраш Сейілханға ризашылығымыз шексіз. Алтын Орданың жазғы астанасы болған Сарайшық қалашығының орнындағы мұражайын, қаланың басқа да көрнекті орындарын тамашаладық. Әсіресе, әр жайылған дастарханның басында Мұхит пен Ғарифолла әндерінің әуелеуі жүрегіме қуаныш ұялатты.

Ержүрек халқың батыр-ау,

Зерттелмей тарих жатыр-ау.

Өшкенің жанып, өркендеп,

Асқақтай бер, Атырау!

Жаңғырып дәстүр-салтымыз,

Қуанып жатыр халқымыз.

Жалғасын тауып жақсылық,

08aeef99-8550-4c1d-841b-3f82bd54e5d7Оралсын болмыс-қалпымыз, - деп атыраулықтарға өз батамды беріп кеттім.

Айта кетейік, батыс аймағының төрт облысынан қатысқан 21 үміткердің өнерін бағалаған қазылар алқасы батысқазақстандық батагөйге бірауыздан жоғары баға беріп, бас жүлдеге лайық деп тауыпты.

-Қаратөбелік кәсіпкер інім Жарқын Тәжіғалиевке мың да бір алғыс. Атырауға аттанарда ақ жол тілеп шығарып салып, қайтар жолда күтіп алып, сыйлап жатқан құрметі Алладан қайтсын!, - деді Ертай ақсақал бізбен әңгімесінде.

Айгүл Ахметова

zhaikpress.kz

7bcb7d7a-b751-46e6-9275-886acfd5115d

759d4303-4cfb-4de1-a3de-7208daa51746

 

Сүйінбайдың батасы

Ағайындар, туғандар,

Жүрген жерің нұр болсын!

Тыңдағаның жыр болсын!

Жолымыз басқа болғанмен

Тілегіміз бір болсын!

Әуелі Алла қолдасын,

Оң жағыңнан толғасын!

Жан-жағыңнан қорғасын!

Бақыт пен дәулет қатар кеп,

Мыңғырып өссін мал-басың!

Ұрпағымыз мол болсын!

Қайда барса жол болсын!

Қария мен қарт әже

Ақ тілегі оң болсын!

Жаппар ием құдірет,

Айтқан сөзім қабыл ет!

Қазынасы кең құдайым

Орындалар ақ тілек!

Ағайын-бауыр, туыстар,

Сәл-сәл ғана сабыр ет!

 

Болашақ сарбазға бата

 Азамат үйде жатар ма?

Қосылдың, балам, қатарға.

Аттанғалы жатырсың

Әскерге, ұзақ сапарға.

Отанды қорғау –борышың,

Ұл болып тудың сол үшін.

Бабалар жанын қиыпты

Жер үшін, осы ел үшін.

Отаның – анаң, бесігің

Болашаққа ашқан есігің.

Отаныңның жауына

Болмасын еш кешірім.

Жеріңді қорға – аманат!

Жоламасын жаманат!

Алаңсыз халқың ұйықтасын

Дұшпанға қылма қанағат!

Дарысын жақсы қасиет,

Жақсыға дәйім бас иед(і).

Жаратқан ием жар болсын,

Атаңның сөзі –өсиет!

Сәтті болсын қадамың,

Дұрыс болсын заманың.

Қиындыққа тап болсаң,

Таусылмасын амалың!

Киесі дарып батаның,

Шықсың даңқың-атағың!

Аман боп халқым, Елбасы,

Тыныш болсын Отаның!

Отаныңды қорғайтын

Көбейе берсін қатарың!

Аман барып, сау қайт деп

Тілегің тілеп жатамын!

 

Түлектерге бата

Оқуға түс, аман бол

Бітіріп жақсы маман бол!

Билік тисе қолыңа,

Халқыңды ойлап алаң бол!

Тура жолдан таймассың,

Кеудеңде намыс қайнасын!

Қара басты күйттемей,

Халқыңның ойла пайдасын!

Үлкеннің тілін алғайсың,

Көпшіл бол, жалғыз қалмайсың!

Еңбегің сіңіп еліңе

Халқыңның ұлы болғайсың!

Қиындықтан қашпағын,

Дәулет бітсе, таспағын!

Бақ пен сордың арасы

Қашық емес, қас-қағым.

Анық бас, қалқам, ақырын,

Ақ батам, осы ақылым.

Қиянат қылмай ешкімге

Көп болсын досың, жақының!

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале