Ұлы Жеңісті жақындатып, өздері Отан қорғау жолында опат болған боздақтардың есімі де, ерлігі де ұмытылмақ емес. Өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай, батысқазақстандық үш азамат Ресейдің Псков облысына қарасты Невель қаласына барып, сондағы «Бауырластар зиратына» Кеңес Одағының Батыры, даңқты пулеметші Мәншүк Мәметоваға арнап, ескерткіш тұрғызып қайтты. Олар кімдер еді? Таныс болыңыз: Орал ақпараттық-технологиялар колледжінің АӘД пәнінің оқытушысы Марат Аққалиев, Ауған соғысының ардагері Нұрлан Мұхамбетқалиев және Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің АӘД пәнінің оқытушысы, тәжік-ауған соғысының ардагері Манарбек Әмірғалиев. Аға ұрпақтың ерлігін ардақ тұтқан, елсүйер, патриоттық істері жайлы бұл азаматтар сол кезде дабыра жасап, ешқайда жар салмаған. Бәзбіреулер құсап, «біз сөйттік, біз бүйттік» деп телевидение мен радионы жағалап, газеттерге жарнамаламаған. Азаматтардың осы қадамдары жайлы әңгімені кездейсоқ естіп қалған біз қарап отыра алмадық. Ескі жылды түйіндеп, жаңа жылға қадам басып жатқан алғашқы күндерде аталған үш азаматтың бірі – Манарбек Орынғалиұлымен кездесіп, әңгімеге тарттық.

Әңгімені әріден бастасақ, аталған үш азамат 2025 жылдың сәуір айының соңына таман Ресейдің Невель қаласына өз көліктерімен жолға шыққан. Псков облысына қарайтын бұл шаһардағы «Бауырластар зиратында» сұрапыл соғыста қаза тапқан талай боздақтар мәңгілік ұйқыда. Олардың арасында қазақтың батыр қызы, жерлесіміз Мәншүк Мәметова да бар. Азаматтар бұл жорығында Жеңістің 80 жылдығына орай батыр апалары Мәншүкке арнап ескерткіш орнатуды жоспарлап барған. Олар бұл сапарларын бір жыл бұрын қамдап, тастүйін дайындалған.
Тәжік-ауған соғысының ардагері Манарбек Әмірғалиевтің айтуынша, олар Невель қаласындағы «Гвоздика» атты іздестіру тобының мүшелерімен бұрыннан байланыста болған. Бұл топ жыл сайын сол жерде Жеңіс мерекесінің қарсаңында қазба жұмыстарын жүргізеді екен. Оралдық үш азамат осы сапарларында солармен бірге екі күн Невель қаласының іргесіндегі 80 жыл бұрын қанды шайқас болған маңайда іздестіру жұмыстарына қатысады.
– Сол іздестіру жұмыстары барысында 30-ға жуық жауынгердің мәйітін таптық. «Ерлігі үшін» медалі табылды. Қару-жарақтар, әскери киімдер шықты, – дейді Манарбек Орынғалиұлы.

Бұдан соң өздерінің бастапқы мақсаттары бойынша «Бауырластар зиратындағы» жауынгер Мәншүк Мәметованың жерленген орнына ат басын бұрады. Батыр қыздың қабіріне пулеметтің макеті қойылып, оған «1943 жылы 1 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді» деп жазылған екен. Тағы бір айта кетерлігі, «Бауырластар зиратының» дәл іргесіндегі өзен жағалауындағы жерді Сергей Капосов деген кәсіпкер сатып алып, демалыс орнын салып тастапты. Әрине, бастапқыда жергілікті тұрғындар «Бауырластар зиратына» төтелеп баратын жолды жауып тастаған кәсіпкерге қатты наразылық танытқан. Осындай оқиғадан кейін «Бауырластар зиратына» келіп, сол маңайды аралап, зерттеп жүрген қазақстандықтарға да тұрғындар күдікпен қараған. «Сірә, бұлар да жерді алғалы жүрген біреулер ме?» деп қалса керек. Оралдық жігіттер өздерінің келу мақсаттарын түсіндіргеннен кейін ғана тұрғындардың көңілдері жайланып сала берген. Осы сәттен бастап жерлестеріміздің барлық шаруасы сәтімен жүзеге асып, қолға алған жұмыстары дөңгеленіп жүре берген.

Ескерткішті тұрғызу үшін «Бауырластар зиратына» таяу жерге палатка құрып, түнемек болған оралдық үш азаматқа сол жерге демалыс орнын салған, жоғарыда айтқан кәсіпкер Капосов та қолдан келген көмегін ұсынып, жататын орынмен қамтамасыз еткен. Сөйтіп іске кіріскен қазақ азаматтарына алдымен Мәншүк Мәметова зиратының қоршауы ішінде биік өскен қос қарағайды кесіп тастау керек болады. Манарбек Орынғалиұлы жұмыс барысында қиындықтардың да кездескенін жасырмады:
– Қанша дегенмен Қазақ-станнан тыс жер, өзге мемлекет, өзге ұлттардың ортасы. Өзіміз тірлік жасамасақ болмайды, аяғымызбен сол маңдағы ауылды кезіп, техника және құрылыс материалдарын іздеуге тура келді. Ниетіміз түзу болғандықтан, іздегендеріміз алдымыздан табылды. «Бауырластар зиратына» баратын айналма жолды ағаштардан тазартуға келген Невель муниципалды округінің жұмысшылары қарағайларды кесіп берді. Іргедегі ауылда тұратын Петр есімді жігіт өз тракторымен теректің түбін қопаруға тегін жәрдемдесті. «Бауырластар зиратына» ескерткіш тұрғызуға келдік» деп едік, жақын маңдағы ашық кеніш (карьера) жұмысшылары да қиыршықтасты жеңілдетілген бағамен түсіріп берді. Сөйтіп зираттағы Мәншүк апамыздың ескерткіші қойылатын орынға 40 шаршы метр өрнектас төсеп, айналасын реттедік. Оған да жергілікті жерден жұмысшыларды көмекке тарттық, – дейді М. Әмірғалиев.
Ал ескерткішті жасау үшін Псков облысына бір ай бұрын тапсырыс беріліп қойылған еді. Салмағы үш тоннаға, биіктігі екі метрге жуықтайтын ескерткіш 9 мамыр мерекесі қарсаңында дайын болған. Бұдан соң алып ескерткішті Псков облысынан 250 шақырым қашықтықта жатқан Невель қаласына жеткізу мәселесі туындайды. Сол кезде Марат Ізімғали-ұлы Астана қаласында тұратын Арман есімді бұрынғы десантшы азаматқа хабарласып, көмек сұраған. Көп кешікпей Псков облысындағы десанттық-шабуылдау әскери бөлімінен Игорь есімді жігіт хабарласып, ескерткішті діттеген жеріне жеткізуге әскери жүк көлігін жүргізушісімен бірге тауып беруге уәде береді. Осылайша қазақстандық және ресейлік десантшылар арасындағы достық байланыстың арқасында жат жердің, өзге жұрттың «салқындығы» сезілмей, қайта бауырмалдық, жолдастық қарым-қатынастың арқасында үш азаматтың шаруалары алға баса береді.

Сөйтіп, 7 мамыр күні Мәншүк Мәметоваға арналған ескерткіш өз тұғырына қонды. Келесі күні салтанатты түрде ашылды. Оған Невель муниципалды округінің басшысы Олег Майоров, мектеп оқушылары, тұрғындар қатысқан. Сонымен қатар соғыс кезінде із-түссіз жоғалып кеткен аталарын іздеп Қазақстаннан Невельге келген петропавлдық Камит Биманов пен БҚО-дағы Ақсай қаласынан Уәли Айсиев ұлы Талғатпен және немересімен бірге осы шараның куәсі болған.
Ескерткішке келер болсақ, онда Мәншүк Мәметовамен бірге атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовтің суреті қоса бейнеленген екен. 281 фашисті жер жастандырған жамбылдық жауынгердің де соңғы шайқасы даңқты пулеметші Мәншүк Мәметова қатысқан 1943 жылғы Изочи стансасында өткен еді. 100-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында Невель қаласын жаудан қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан қос майдангер де Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда жоғары на-граданы Мәншүкке ғана беру туралы шешім қабылданып, Ыбырайымға Ленин ордені беріледі. Дегенмен туған елі Ы. Сүлейменовті ұмытпады, ерлігін жоғары бағалап, оған 2022 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Есімдері аңызға айналған қазақстандық қос батыр Невель қаласындағы «Бауырластар зиратында» қатар жатыр. Ержүрек қазақ жауынгерлерін бөліп-жармай, екеуіне арнап ескерткіш тұрғызған үш қазақстандыққа ресейліктер де риза болып, алғыстарын жаудырған. Көнекөз қариялар майдангерлер туралы естеліктерімен бөлісіп, соғыстың зардабы туралы ес-
тіген әңгімелерін де айтып берген.
Ескі фотосуреттің тарихы
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан 72 жастағы Александра Власенкова өзімен бірге ескі фотосуретті ала келіпті. Ленинград облысынан келген қарияның отбасымен Невель қаласындағы «Бауырластар зиратына» жиі келіп тұрады екен. Ол қолындағы ескі фотосуретті көрсетіп, оның тарихын әңгімелеп берді.

– Мәншүкке қатысты енем айтқан бір дерек есіме түсіп тұр. Енем мен оның әпкесі Невель қаласында тұрған. Осы жерде соғыс басталғанда енем 16 жаста екен. Олар соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін Невель қаласына «Бауырластар зиратына» тасығандарын айтып отыратын. Енемнің әпкесінің айтуынша, Мәншүктің ұзын бұрымы болған. Кейін 1980 жылы Мәншүк Мәметованың немере сіңлісі Шолпан Мәметова келгенде енеммен кездесіп, түскен суреттері де бар. Жанында менің 5 жасар қызым да болды. Шолпан менің енеме қазақтың ұлттық кәжекейі мен әдемі орамалын сыйлапты. Сол киімдерді әжесі менің кіші қызыма табыстады, Ленинградтағы үйінде әлі күнге сақтаулы тұр. Бұл – біз үшін құнды сыйлық. Осы жолы бізге Мәншүк Мәметованың ескерткішінің ашылу салтанатын көру бақыты бұйырғанына қуаныштымыз, – дейді А. Власенкова.
ОҚЫ ДА, ЖОЛДАСЫҢА БЕР.
Қызыл армияның жоғарғы саяси басқармасы.
ГЛАВНОЕ ПОЛИТИЧЕСКОЕ УПРАВЛЕНИЕ КРАСНОЙ АРМИИ.
Листовка посвящена доблестной дочери казахского народа
Герою Советского Союза Маншук МАМЕТОВОЙ.
Воениздат НКО 1944 г. НА КАЗАХСКОМ ЯЗЫКЕ. Г532736.
Тағы бір жәдігер – листовка
Әңгіме барысында ардагер Манарбек Орынғалиұлы тағы бір қуанышты жаңалығын жеткізді.

– Невель қаласында жүргенде мені әріптесім Марат Ізімғалиұлы «Патриот 60» іздеу-қазба жұмыстары тобының мүшесі Юрий Воднев деген азаматпен таныстырды. Ол ескерткіштің ашылу салтанатына 80 жастан асқан әкесімен бірге қатысқан болатын. Сол кездесу барысында Юрий Воднев Марат Ізімғалиұлына – 1941-1945 жылдары осы маңайда болған соғыстың картасын, ал маған қазба жұмыстары кезінде өзі тапқан жәдігерлерін тарту етті. Телефон нөмірлерімізді алмастық. Юрий бір әңгімесінде «Менде аукционнан досым ұтып алған Мәншүк Мәметоваға қатысты листовка бар» деді. Кейін біз елге оралғаннан кейін маған хабарласып, өзі айтқан листовканың сканерленген нұсқасын электронды поштама салып жіберді. Ол листовканы досынан 2020 жылы алған екен. Тарихи жәдігердің түпнұсқасын Невель қаласындағы музейге тапсырып тастаған. Өзіне сканерден өткізіп, көшірмесін алып қалған. Мінекей, сол құнды дүние Мәншүк апамыздың туған жерінен барған менің қолы-ма тиді, – дейді жерлесіміз.
Расымен де, бұл тарихи маңызы зор жәдігер екені сөзсіз. 1944 жылы «Отан соғысының батырлары» үшін қазақ тілінде таратылған листовкада М. Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы жазылған. Оның бір бұрышында Сталиннің сөзі, ал листовкада М. Мәметованың өмір жолы және батырлық істері келтірілген. Төмендегі мәтін де сол листовкадан алынды:
«...Жолдастар, Мәншүк өзінің Совет Отанын жақсы көрді. Ол біздің бәрімізді жақсы көрді. Ол өзінің Совет Отаны үшін, өз бауырлары орыс, украин, беларус және басқалары үшін жаумен аянбай шайқасты, ол осы жолда жанын да қиды. Мәншүк үшін солдаттық борыш – қасиетті, жоғарғы дәрежелі борыш болды.
Қазақтар, Қызыл армияның жауынгерлері, өз халқыңның аманатын есте сақтаңдар! Неміс сұмырайларын Мәншүк Мәметова сияқты жойыңдар, ол айуандарды өз інінде құртыңдар!

«Бізді қан майданда қаза тапқан боздақтардың әруағы қолдаған шығар...»
– Негізінен сол сапарымыз сәтті болып, бір тылсым күш барлық әрекетіміздің оңынан болуына септігін тигізді. Сондай-ақ бұл игілікті сапарға қолдау көрсетіп, қомақты қаржы жинап берген батысқазақ-стандық қайырымды азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деп ағынан жарылды Манарбек Орынғалиұлы.
Осылайша 2025 жылдың 24 сәуірінде жолға шығып, 2 мың шақырымды артқа тастап, екі күн жол жүріп барған жерлестеріміз екі апта Невель қаласында болып, осындай сауабы мол жұмысты тындырып қайтқан.
Сөз соңында Манарбек Әмірғалиев туралы да айта кеткеніміз жөн болар. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз бұл салада 30 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Облыстағы үздік алдыңғы қатарлы оқытушылардың бірі, санаты – педагог-сарапшы. Республикалық, халықаралық, облыстық әскери жиындарда шәкірттерімен бірге жеңімпаз атанып, топ жарып жүретіні тағы бар. Сонымен қатар тарихқа да қызығушылығы ерекше азамат іздеу-қазба жұмыстарымен де айналысады. «Менің патриоттық ұстанымым – жастарды отаншылдыққа баулу, патриоттық тәрбие беру, оларға өзімнің шынайы әрекеттеріммен үл-гі болу», – дейді Манарбек Орынғалиұлы.
Ләззат Қажымова,
Орал қаласы