19.01.2024, 17:37
Оқылды: 38

«Батырлық деген – қызметіңе адал болу»

Әр адамның даналығы мен данышпандығын көрсететін бір ғана көрсеткіш бары бәрімізге мәлім. Адамның бойындағы жиналған ерекше қабілеттерден тұратын бұл көрсеткіштің атауы – тәрбие. 

Бірақ қазіргі қоғамда адамның тәрбиесін қалыптастыратын орта өте көп. Мысалы, сол тәрбиені қалыптастырушы адамдар әскери салада да қызмет етеді. Ал осы әскери саладағы тәрбиешілердің де өзіндік мерекесі бар.

d6e478d6-09f7-4e63-b125-deeee9995d94

1993 жылы 19 қаңтардағы мемлекет басшылығының жарлығымен еліміздегі әскери структураларда  тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс лауазымдары бекітілді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасы капитаны Танат Мансұрдың өмірі мен қызметі арқау болмақ.

- Танат Маратұлы, қазіргі таңда елімізде 30 жылдық тарихы бар тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс саласы қызметкерлерінің бірі екенсіз. Ең алдымен келіп жеткен мейрамдарыңыз құтты болсын! Жалпы бүгін сіз бізге ең алдымен өзіңіздің бойыңыздағы патриотизмді қалыптастырған орта және өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Армысыз, көп-көп рахмет! Мен 1994 жылы 21 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Марат, ауылда  өзінің жеке шаруашылығы бар. Ал анам Марияш сол ауылдағы мектеп интернатында тәрбиеші қызметінде жұмыс істейді.  Біздің отбасымызда  үш ұл, екі қыз бар. Сол үлкен отбасының екінші перзентімін. Жастайымнан атам мен әжемнің тәрбиесін көргендіктен шығар сірә,  бойымда бауырмалдық пен жауапкершілік қасиеттері өте жоғары деңгейде қалыптасты. Себебі бала кезімде атам көптеген ақын, жазушының нақыл сөздерін санама құятын. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев атамыздың «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» деген сөзі менің өміріме ерекше әсер еткен өсиеттердің бірі. Әрине, бала кезімде атам мен әжем бұл өмірге адам болып келген соң, адамгершілікті сақта, өз атыңа дақ түсірме, өмірді адал сүр деп әрдайым өздерінің өсиеттерін айтып жүретін. Осылайша бала кезімнен бастап  өзімнің артымнан ерген бауырым мен қарындастарыма қамқор болып қана қоймай, оларға үлгі болуға тырыстым. Бала күнімнен бастап өз ата-анама үй шаруасына көмектесіп, өзімнің қолымнан келгенін жасайтынмын. Әрдайым өзімнен үлкендердің сөздерін тыңдап ғана қоймай, артымнан ерген бауырларымның қамқоршысы болуға тырысатынмын.

4f992fdb-1d16-4555-bffd-057a3d257d81

- Қазақта атасы мен әжесінің тәрбиесін көру бала үшін де бір ғанибет. Ал сіз бала кезіңізде өте бауырмал болыпсыз Сол бауырмалдық мектеп қабырғасына келген соң өзгеріп кетпеді ме? Мектеп қабырғасында қандай болдыңыз?

- Мектеп кезінде сотқар балалардың басы-қасында өскенмін. Алайда бұл орта менің отанға деген ыстық ықыласыммен ілтипатымның жоғары болуына еш кедергісін келтірмеген. Амангелді ауылында кішігірім мектепте білім алдым. Сонымен қатар  спортқа деген құлшынысым  жоғары болып грек-рим, қазақ күресімен айналысқанмын. Балалық шағымда спортқа ғана көңіл бөлмей, ұлы ақын, жазушыларымыздың кітаптарын оқып, сол кітаптардан алған өнеге біліммен өскенмін.  Бала күнімнен арманшыл бала болып өстім. Қиялға беріліп көп армандайтынмын. 1999 жылы анамның інісі, менің нағашы  ағам Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институтты бітіріп біздің үйімізге әскери форма киіп келгенде қызығушылығым оянып, әскери салаға көз сала бастағанмын.  Осылайша әскери салаға деген қызығушылығым ашылып, бала күнімде иығыма пагон тағып, әскерилер қатарында болғым  келгендіктен мектеп қабырғасын аяқтаған соң Петропавл қаласында орналасқан әскери институтқа тапсырып көрген едім. Алайда әскери оқу ордасына түсу жолында  әскери институтқа үш жыл қатарынан тапсырғанмын. Алғашқы екі жыл қатарынан белгілі бір себептерге байланысты түсе алмадым. «Батыр айтпас, айтса қайтпас» дегендей  өз мақсатыма үшінші жыл қатарынан тапсырып жүріп жеткен болатынмын. Әскери институт қабырғасына түскен соң өзімнің өмірімді жас сарбаздар бойына ұлттық құндылықты, ұлттық мінезді қалыптастыру мақсатында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс кафедрасын таңдап, осы бағытта төрт жыл оқып шықтым.

- Әскери салаға келуіңіз шынында да оңайға соқпаған екен. Алайда сіз мақсатынызға жеттіңіз. Әскери саладағы еңбек жолыңызды және әскери саланың ішінде неге тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс кафедрасын таңдағаныңызды айтып берсеңіз?

- Әскери институт қабырғасын аяқтаған соң мен ең алдымен Ұлттық ұланның Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі  орынбасары қызметін атқарғанмын. Еңбек жолымды Жаңаөзен қаласынан бастадым. Арада уақыт өте келе мен Оралдағы Ұлттық ұланның  5517 әскери бөліміне ауысып келдім. 5517 әскери бөліміне алғаш келгенімде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс  бөлімшесі бастығының жастармен жұмыс жасау бойынша көмекшісі қызметіне тағайындалдым. Шынына келгенде жастармен жұмыс өзіме қатты ұнаған болатын. Бұл қызметте өзіңді тек әскери саладан ғана емес шығармашылық жақтанда шыңдауға болатын қызметтердің бірі. Ал міне қазір 5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Енді неліктен әскери тәрбиеші мамандығын таңдағанымды айтып берейін. Ең алдымен мен  әскерге келген жас сарбаздарға отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қасиеттерін қалыптастыру менің  осы кафедраны таңдаудағы басты мақсатым болды.  Әбу Насыр Әл-Фараби атамыз айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» демекші, әскерге келген әр жас сарбаз әскерде көп білім алады. Алайда білім мен қатар тәрбие жүрмесе бұл берілген білімнің еш пайдасы болмайды. Әскерге келген жас сарбаздарды әскери салаға келген сәттен бастап тәрбиелеу керек. Себебі әскери саладағы тәртіп, әскери өмірдің ең маңызды бөлігі. Ал бұл кафедраны таңдаудағы басты мақсатым менің өмірлік миссияммен парапар деп ойлаймын. Себебі әскери салаға келген жас сарбаздарға тәрбие беріп, өзімнің бір үлесімді қалдырсам менің өмірлік ұстанымым орындалады деп есептеймін.

6f256966-ddb9-40a7-a532-6a97bf1cbbe8

- Әскердегі жас сарбаздар бойындағы отансүйгіштік патриотизмді қалыптастыру бағытында қандай жұмыс жүргізіледі?

- Әскерге келген жас сарбаздарға біз, оқу пунктіне келген күнінен бастап, қызметке түсер барысында аптасына үш рет әр түрлі тақырыпта тәрбие сағаттарын, тақырыптық кештер өткіземіз. Осындай іс-шараларды өткізу арқылы біз жас сарбаздардың бойында отанға деген ыстық сезімдерді оятып, отансүйгіштікті қалыптастырамыз. Бұл шараларда көбінесе біз сарбаздарымызды, батырлар мен бабалар қалдырған із бойынша тәрбиелеуге тырысамыз. Өз басым, осындай тақырыптық кештер мен тәрбие сағаттарында Бауыржан Момышұлының, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Маметованың жүріп өткен жолдарын, бастарынан кешкен қиыншылықтарын ашып айтуға тырысамын. Көбінесе бұл шара барысында Ілияс Есенберлиннің өзіме ұнайтын «Көшпенділер» атты кітабынан үзінді оқығанды құп көремін. Біз қазіргі бейбіт күннің батырларын айтып, олардың жасаған ерліктерін көрсетеміз. Сонымен қатар біз сарбаздарға мемлекеттік құқықтық даярлық, атыс-өнері дайындығы секілді көптеген пәнді жүргіземіз. Себебі жас сарбаздар бойында батырларымызда бар қасиеттерді қалыптастыру біздің мақсатымыз. Батыр болу ол соғысқа барып жаумен соғысу емес, батырлық деген – қызметіңе адал болу, әр істі шын көңілмен істеу деп есептеймін.

- Иә, дұрыс айтасыз батырлық деген тек қолға қару алып соғысу емес, батырлық деген адам бойындағы қасиет. Ал сіз қазіргі заман жастарының бойындағы батырлық қасиетін қалай бағалайсыз?

Жастардың бойында отанға деген ыстық сезім бар.  Көптеген жас сарбаз әскерге отан алдындағы борышымды өтеймін деген мақсатпен келеді. Бұл әрине бізді әскери тәрбиешілерді қуантады.  Себебі біздің қазақ жастарының бойында бұл қасиеттер отбасынан бастап қалыптасады. Көптеген жастың көзінде әскерге келген шақтарында жалындаған от болады. Ал біз әскери тәрбиешілер осы отты оданда үлкен қылып жандырғымыз келеді.  Жоғарыда атап өткен кішігірім бөлігін әскерге келген кезден бастап отанға деген патриотизмді қалыптастыру  біздің жұмысымыз. Біз қалған жастардың көздерінде осы отты жағу үшін аянбай еңбек етеміз.

1f739bd9-968c-4213-b5a4-71e273a3cf6e

- Әрине, жас сарбаздардың көздеріндегі отты қалыптастыру да, оны жағу да сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Ал олардың бойындағы ұлттық мінезді қалыптастыру жолында қандай жұмыс атқарып келесіздер?

- Бұл бағытта жұмыс істеу үшін ең алдымен біз бұл қасиеттерді өзіміздің бойымызда қалыптастыру керекпіз. Сол үшін жас сарбаздар бойында ұлттық мінезді қалыптастыру үшін мен өз бойымда осы қасиеттерді арттыруға тырысамын. Былай қарап отырсақ, қазіргі жастар өте алғыр. Осындай қасиеттің арқасында сарбаздармен жұмыс істеу қатты қиынға соқпайды. Себебі қазіргі жастар ақылды. Білім мен біліктілігі бірдей десем де артық етпес. Ал олардың бойында ұлттық мінезді қалыптастыру үшін ең алдымен мен жұмысты еліміздің заңнамаларын үйретумен оқытудан бастаймын. Олардың бойындағы бұл қасиетті еліміздің тарихы мен көрген қайғы қасіреттерін ашып айту арқылы елге жерге деген көзқарастарын өзгертуге болады. Себебі, бала кезімде менің ұлттқа деген ыстық ықыласымды ашу үшін атам мен әжем желтоқсан оқиғасын, халқымыздың көрген қиыншылықтарын айтып беретін. Сол себепті жас сарбаздар бойында бұл қасиетті қалыптастыру үшін тарихтың беттерінен сыр шертеміз.

- Өте дұрыс айтасыз, шынымен адам бойындағы асыл қасиет ол ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдарын көрумен де пайда болатын дүние. Ал осы дүниелерді қалыптастыру барысында өз бойыңызда пайда болған қасиеттерді қалыптастыру үшін сіздеде бағыт бағдар беруші адам болуы керек. Өзіңіздің осы саладағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс барысындағы жетекшілеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

- Дұрыс айтасыз, әр адамның өмірде өзінің жетекшісі, пір тұтатын адамы болады. Менің де өмірімде тұлға санайтын адамым көп. Бала күнімде әкем мен атам, өмірде ұлы Абай, Бауыржан аталарым болса, әскери өмірде менің жетекшім деп білетін бірнеше адам бар. Атап айтар болсам, ең алғашқы осы саладағы жетекшім, Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары Асқар Мауғазин бола білді. Себебі, менің осы саладағы алғаш ұстазым менің жетістікке жете білгенім осы бір кісінің арқасы. Сонымен қатар өзіме үлгі ретінде Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазовты атап өтсем болады. Себебі осы адамдардың арқасында мен жас сарбаздармен жұмыс жасауды, тәрбиелік жұмыс жүргізуді және олардың бойындағы ұлттық мінез бен патриотизмді қалыптастыруды үйрендім.

- Өте керемет, қазіргі кезде сіздің жетекшілеріңіз сізбен мақтанатынына сенімдімін. Ал енді өзіңіздің өмірлік ұстанымыңыз бен жастарға берер кеңесіңізді айтсаңыз?

- Менің өмірлік ұстанымым Абай атамыздың «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету арманым» деген сөзімен ұштасады. Өмірге адам баласы болып келген соң, айналама зиянымды тигізбей тек пайдалы дүниелер берсем, жас сарбаздарға үлгі өнеге болатын адам бола білсем мен өмірлік ұстанымда өмірлік мақсатымда орындалар. Себебі адамгершік адам бойындағы асыл қасиет, иә әрине айтылған нақыл сөзі қысқа болса да, беретін өсиеті таумен бірдей. Бұл сөз менің өмірімде өте жоғары рөль ойнады. Ал жастарға беретін ақыл кеңесіме келсем, отанды сүю керек. Отанды сүйіп қоймай, отанға деген махаббатыңды іспен дәлелдеу керек деп, – кейіпкеріміз өзінің сөзін аяқтады.

«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр бір адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек.

Танат та осыдан тура үш жыл бұрын отбасын құрып, жұбайы Гүлайым екеуі үлкен өмірге қол ұстасып алғашқы қадамдарын басқан еді. Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш бала сүю демекші,  міне бүгінде бақытты отбасының Нағима есімді қызы бар.

Осылайша еңбек жолында жас сарбаздарға тәлім тәрбие берген Танат Маратұлы, отбасында қызын қылықты етіп тәрбиелеп, перзентінің бойында отанға деген махаббатты патриотизмі ояту жолында аянбай еңбек етуде. Бүгінде, Мансұрлар отбасы тек әскери өмірде тәлім тәрбие беріп қоймай, отбасында да тәлім тәрбие ұғымын әрқашан биық қойып жүрген отбасылардың бірі.

Бақдәулет Манарбек,

лейтенант

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале