
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразәлиев тұрғындар алдында есеп беру барысында кеңінен баяндап, өңірдегі криминогендік ахуалға жан-жақты тоқталды.
Жалпы алғанда, соңғы бес жыл ішінде облыстағы қылмыс деңгейі 40,5%-ға төмендеген. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша құқықбұзушылықтар саны 4,3%-ға азайған. Атап айтқанда, қарақшылық қылмыс екі есеге жуық қысқарып, 50%-ға төмендеген. Сонымен қатар тонау – 4,4%, ұрлық – шамамен 13%, ал мал ұрлығы 11%-ға азайған. Қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтар 11,2%-ға көшелерде орын алатын қылмыс саны 4,5%-ға кеміген. Сондай-ақ алаяқтық, интернет-алаяқтық және есірткі қылмыстарын ашу көрсеткіштері де жақсара түскен. Дегенмен полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажеттігін атап өтті.
Бағусыз малдың кесірінен 193 жол апаты тіркелді
Облыстық полиция департаменті бастығының баяндамасында мәлім болғандай, өңірде тіркелген мүліктік қылмыстардың басым бөлігін бөтеннің мүлкін ұрлау мен алаяқтық құрайды. Бұл екі санаттағы құқықбұзушылық тұрғындарды ерекше алаңдатып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіретін мал ұрлығы мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Статистика көрсеткендей, мал ұрлығының басым бөлігі – қараусыз жайылған малға қатысты. Яғни қылмыстың 96%-ы жайылымнан, тек 4%-ы қорадан қолды болған. Өткен жылы ұрланған 534 бас малдың 203-і иелеріне қайтарылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 59 қылмыс ашылып, мал ұрлығымен айналысқан
8 ұйымдасқан қылмыстық топ пен 44 қылмыскер ұсталды. Мәселен, қыркүйек айында үш адамнан құралған қылмыстық топ ұсталып, олар ұрланған жылқыларды сойып жатқан жерінде қолға түсті. Осындай нақты шаралар қылмыстың алдын алуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар қараусыз жүрген малдың жолға шығып кетуі де алаңдатарлық жағдай. Өткен жылы осы себептен 193 жол-көлік оқиғасы тіркеліп,
1 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алған. Жергілікті атқарушы құрылымдар қараусыз жүрген малды уақытша қамауға арналған 125 қора салды, оған 7 мыңнан астам мал қамалды. Малын қараусыз жайылымға жібергені үшін 4 мыңға жуық мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
25 жыл бұрынғы қылмыс ашылды
Өңірде пәтер ұрлығы да толық бақылауда. Бұл бағыттағы қылмыс саны 2,7%-ға төмендеген. Өткен жылы 142 күдікті ұсталып, олардың бірқатары бірнеше қылмысқа қатысы бар екені дәлелденген. Дегенмен мамандар тұрғындарға қарапайым қа-
уіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Терезелерге қорғаныш торларын орнату, дабыл жүйелері мен бейнебақылау құралдарын қолдану – бүгінгі күннің талабы. Жалпы, былтыр облыста 63 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластау, ұсақ бұзақылық, алкогольді ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтыну деректері жиі кездеседі.
– Қала тыныштығы – құқық қорғау құрылымдарының жіті назарында. Соңғы жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде бірқатар ұйымдасқан қылмыс әшкереленіп, олардың жолы кесілді. Әсіресе жастар арасындағы құқықбұзушылықтарға тосқауыл қою маңызды бағытқа айналды. Қаладағы колледждердің бі-рінде студенттерден құралған топ ұзақ уақыт бойы бірінші курс студенттерінен күш көрсету арқылы ақша бопсалап келген. Тергеу барысында осындай тоғыз дерек анықталып, қылмысқа қатысы бар тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олар бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.Түнгі өмірдің тасасында жасырынған заңсыз әрекеттер де назардан тыс қалмады. Қаладағы түнгі клубтардың бірінде клубқа келушілерге әдейі дене жарақатын салған 17 адам ұсталып, олардың сегізі қамауға алынды. Бұл оқиға ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін тағы да көрсетті. Қауіпті қылмыстың бірі – адам өміріне қол сұғу деректері бойынша да ілгерілеу бар. 2024 жылдан бері іздеуде жүрген, шолақ мылтықпен адам өлтірген күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс сот қарауына жолданды. Сонымен қатар жылдар қойнауында қалған ауыр қылмыстар да ашылып жатыр. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2000 жылы Орал қаласында аутокөлікте екі адамды атып өлтіру дерегі бойынша тапсырыс беруші мен орындаушылар анықталды. Сот үкімімен олар 19 және 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл – жазаның кешіксе де, әділ болатынының айқын дәлелі. Заңсыз қару айналымына қарсы күрес те жүйелі түрде жүргізілуде. Профилактикалық іс-шаралар барысында 19 қару мен 701 оқ-дәрі тәркіленді, – деп атап өтті Арман Оразәлиев өз есебінде.
2 миллиард теңгеге алданған
Қазіргі таңда алаяқтықтың ең қауіпті түрлерінің бірі – интернет-алаяқтық. Бұл қылмыс барлық алаяқтықтың 68%-ын құрайды. Өткен жылы тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асқан. Өкінішке қарай, бұл қаражаттың аз бөлігі ғана қайтарылған. Бұған басты себеп – азаматтардың полицияға кеш жүгінуі. Алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған хабарландырулар жариялап, несие алуға көмектесеміз деген желеумен немесе туыс болып хабарласып, ақша сұрау арқылы тұрғындарды алдайды. Осыған байланысты полиция тұрғындарды «цифрлық гигиенаны» сақтауға шақырады, белгісіз адамдарға жеке деректерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, кодтарды жарияламау – басты талап.
Төрт кәсіпкер лицензиясынан айырылды
Есірткі қылмысы да қоғам үшін аса қауіпті мәселе болып отыр. 2025 жылы облыста 262 есірткі құқықбұзушылығы анықталып, заңсыз айналымнан 269 келіден астам есірткі тәркіленген. Сонымен қатар есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталып, арнайы зертханалар мен жасырын орындар жойылған. Жаңа заң талаптарына сәйкес, «күлкі газы» деп аталатын азот тотығын заңсыз таратқандарға қатаң жаза қарастырылған.
– Өткен жылы қоғамдық тәртіп саласында 63119 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 3688 адам қоғамдық орындарды ластап, коммуналдық қалдықтарды шығарған, 778 ұсақ бұзақылық жасаған. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкен 8767 адам ұсталды. Адамдардың қоғамдық орындарда мас күйінде жүруіне көңіл көтеру орындары мен дүкендерде алкоголь өнімдерінің еркін және тәулік бойы сатылуы әсер етеді. Көңіл көтеру орындарынан 1359 хабарлама түсті, соның негізінде олардың қауіпсіздік рейтингі жасалды. Ең көп қоңырау шалатын 7 көңіл көтеру орны анықталып, ерекше бақылауға алынды («The Bar» түнгі клубы – 99, «Али» кафесі – 49, «Central kараоке» бары – 31, «Эльдивино» түнгі клубы – 31, «Моnreal» түнгі клубы – 28, «Чечел Паб» түнгі клубы – 23, «Лас Вегас» түнгі клубы – 22, «Алғабас» кафесі – 28). Жалпы көңіл көтеретін жерлер маңында демалыс күндері жабылғанға дейін арнайы мобильдік топтар қызмет атқарады. Осындай 14 мекеменің жұмыс уақытын шектеу туралы 18 ұйғарым жергілікті атқарушы құрылымдарға жолданды. Ал заңсыз алкоголь өнімін сатқан 190 жеке кәсіпкер анықталып, 4 кәсіпкер сот шешімімен лицензиясынан айырылды, 159 кәсіпкердің жұмысы әртүрлі мерзімге тоқтатылды. Облыста спирттік ішімдіктен бас тартқан елді мекен саны 25-ке жетті, бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар емдеу-профилактикалық мекемесіне мәжбүрлеп емдеуге 183 адам, уақытша бейімдеу орталығына 9923 адам жеткізілді. Азаматтарды тексеру кезінде, көшелерде және қоғамдық орындарда бір жарым мыңнан астам суық қару тәркіленді (пышақтар, кастеттер және басқа да сұғып-кесу заттары) Тағы бір мәселе – отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстар. 2024 жылдан бері заң күшейтілді. Соған қарамастан қылмыс үй жағдайында, сенім артқан адамдар арасында, тіпті ерлі-зайыптылар арасында жиі болады. Өткен жылы осындай 192 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Тәртіп сақшысы қаншалықты кәсіби маман болса да, бұл қылмыстардың алдын алу көп жағдайда мүмкін емес. Сол себептен отбасы құндылықтарын сақтау үшін әрбір адам өз-өзімен жұмыстануы керек, – деді Арман Оразәлиев өз баяндамасында.
Баяндамадан ұққанымыздай, бүгінде полиция қызметінде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Облыс аудандарында жедел басқару орталықтары құрылып, жүздеген бейнебақылау камерасы орнатылған. Тек бір жылдың ішінде бейнебақылау арқылы 115 қылмыс ашылып, 23 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Сонымен қатар дрондар, жылдамдықты бақылау жүйелері, «Кибер-шериф» құралдары жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Жол бойында 81 адам қаза тапты
Былтыр өңірде 1120 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 81 адам қаза тауып, 1980 адам жарақат алған. Апаттардың негізгі себебі жүргізушілер-дің жол ережелерін сақтамауынан болып отыр. Әсіресе мас күйде көлік басқару ауыр зардаптарға әкелуде. Бұл бағытта мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 164 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өткен жылдың 5 сәуірінен бастап «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопедтер (қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышымен жабдықталып, ең жоғары жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын) ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Осыған байланысты оларды міндетті түрде тіркеуден өткізу және А1 (немесе А, В) санатындағы жүргізуші куәлігін алу талап етіледі.
– Алайда статистика алаңдатарлық. Былтыр мопед жүргізушілерінің қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 38 адам жарақат алды. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 300 дерегі бойынша 178 мопед жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 8 жасөспірім мен 28 ата-ана бар. Өкінішке қарай, мопедтерге қатысты жол апаттары әлі де толастар емес. Биылғы 16 наурызда қала орталығында кәмелетке толмаған жас-өспірім басқарған мопедтің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 16 жастағы жүргізуші ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы әлі де ауыр күйінде қалып отыр. Әсіресе ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс. Жол – баршаға ортақ, ал қауіпсіздік – әркімнің жеке жауапкершілігі. Сондай-ақ мопед жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар енгізіліп, оларды міндетті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу қажеттігі белгіленген, – деп сөзін сабақтаған облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразәлиев тұрғындарды жолдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіне білуге шақыр-
ды.
Жиында 2026 жылдың 2 наурызынан бастап «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енгені де атап өтілді. Бұл заңның басты ерекшелігі – жазалаудан гөрі алдын алуға басымдық берілуі. Енді құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысына тек полиция ғана емес, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтардың өзі де белсенді қатыса алады. Сонымен қатар азаматтарға құқықбұзушылық туралы фото немесе бейнематериалдар арқылы хабарлағаны үшін ынталандыру қарастырылған.
Брифинг барысында «Погонды журналист» байқауына қатысқан бірнеше жергілікті БАҚ өкілдері және нашақорлықтың алдына алу жөніндегі кеңестің жұмысына белсене атсалысқан кеңес мүшелері түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Жайық пресс» сайтының журналисі Мейрамгүл Мұхамбетқалиева, «Приуралье» газетінің тілшісі Евгения Максимова, «Жайық-Арена» спорт кешенінің директоры Артур Шерғалиев және басқалар бар.
Түйін
Қоғамдық қауіпсіздік – тек құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптасады. Полиция департаменті тұрғындарды құқықтық мәдениетті арттыруға, сақтық шараларын күшейтуге және кез келген күмәнді жағдай туралы дер кезінде хабарлауға шақырды. Есеп беру жиынының соңында облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразәлиев тұрғындар сұрағына жауап беріп, азаматтарды қабылдады.
Гүлжамал Жолдығали,
"Жайық Пресс"