Оралдың көшелерінде аяқ бассаң маңдайшасында «Альфа банк», «Каспий банк», «Евразиялық банк» деген жазуы бар ғимараттардан көз сүрінсе, қоғамдық көліктер мен сауда орындарында «Кто молодец? АТФ банк молодец!» деген жарнамалардан құлақ тұнады. Көшедегі қаптаған баннерлер мен экрандардан сүйкімді қыздың несие алуға шақырған жарнамасын көргенде еріксіз несие алуға банкке тартып кеткің келеді. Бізге банк несие рәсімдейтін, жалақы беретін орын ретінде таныс. Ал, шын мәнінде оның еліміздегі даму деңгейі қандай? БҚО банктік жүйесінің жағдайы қалай? Осыған тоқталсақ.
1867 жылы Жәңгір хан Бөкей хандығында «Казначейство» ашқан
Банк - қарапайым тілмен жеткізгенде ақша қаржылары мен қорларын жинақтау, несие беру, мемлекеттер, кәсіпорындар, мекемелер мен жеке адамдар арасындағы өзара төлемдер мен ақшалай есеп айырысуда делдалдықты жүзеге асыру, ақшаның белгілі бір түрін айналымға қосу, ақша мен құнды қағаздар шығару, алтынмен, шетелдік валютамен түрлі операциялар жасау сынды қызметтер атқаратын қаржы мекемесі. Ал енді банк ұғымына тоқталатын болсақ, “Банк” сөзі ағылшын тілінен аударғанда “banko” “айырбас үстелі” дегенді білдіреді. Тарихқа үңілсек, Қазақстан тарихындағы алғашқы банк 1871 жылы Петропавлда ашылған екен. Банктер кейін Семейде (1907 ж.), Ақтөбеде (1910 ж.), Павлодарда (1914 ж.), Верныйда (1912 ж.), Өскемен мен Зайсанда (1914 ж.) жұмыс істеген. Мемлекеттік банк бөлімшелері болмаған аудандарда қазыналық банк қызмет атқарды. Ал Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанның өзінің банктік жүйесі болған жоқ, себебі республика аумағында КСРО-ның орталықтандырылған несие жүйесінің филиалдары мен бөлімдері қызмет етті. Сондықтан Қазақстанда банк жүйесінің қалыптасуы мен дамуы қазан төңкерілісіне дейінгі патшалық Ресейдің және КСРО-ның банк жүйесінің тарихымен тығыз байланысты.
Қазақстанда банктер қалыптасуының 2-ші кезеңі тәуелсіздік жылдарынан бастау алды. Қабағы қатулы қариядай нарық келді. Дәл осы кезде банктердің пайда болуы жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай әсер қалдырды. Тарихи деректерге сүйенсек, олардың саны 1991 жылы - 72, 1992 жылы 150-ге жуық болған. Қазіргідей екінің бірінің ауызынан еститін несие, депозит деген ұғым ешкімнің санасына ұялай қоймаған шақ еді. Себебі мынау. Мәселе банктердің санында емес, олардың өз жұмысын сапалы әрі тиімді атқара алуында. 1993 жылы елімізде 240 банк болыпты. Бірақ олардың көпшілігі өз фунциясын орындауға дәрменсіз еді. Елдегі ең ірі банк саналатын «Тұранбанк» және «Алем банк Қазақстанда» да жағдай мәз емес еді. Олардың қызметі елдегі экономикалық жағдайға біршама ықпал ететін болғандықтан Ұлттық банктің ұсынысымен мемлекет екі банкті де сатып алды. 1997 жылы екі ұйымның бірігуінен «ТұранАлемБанкі» пайда болды. Жалпы алғанда ҰБ қатаң талаптар қоя біліп, қаржылық операция орындауға мүмкіндігі жоқ банктерді біріктіру арқылы банк секторын «тазалады». Яғни халықаралық стандарттарға сай жоғары капиталды банк қызметтерінің жаңа кезеңі басталды. Елдегі банктердің қарқынды даму кезеңі 2000 жылдан бері қарай болды. Банктер нарыққа біртіндеп еніп, халықпен тығыз жұмыс істей бастады.
Батыс Қазақстан облысында банктердің тарихы сонау ХҮІІІ ғасырдан бастау алады. 1867 жылы Еділ мен Жайық аралығын тұрақтаған халыққа сауда-саттық нарығын дамыту және елдегі қаржы саясатын тұрақтандыру үшін Жәңгір хан Бөкей хандығында «Казначейство» мекемесін ашқан болатын.
Қазіргі таңда елімізде 33 екінші деңгейлі банк қызмет атқарса, Батыс Қазақстан облысында 14 екінші деңгейлі банк өз филиалдары арқылы жұмыстарын жүргізуде. Біз өңірдегі банк филиалдарының жұмысымен танысқан болатынбыз.
Ұлттық банк – тұрақтылық кепілі
Өңірдегі банк ұйымдарының басын қосқан реттеуші - Ұлттық Банктің БҚО филиалы. Ол өңірдегі қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ұлттық банк БҚО филиалының директоры Қ.Құлбарақовтың айтуынша, облыс аумағында екінші деңгейдегі банктердің 14 филиалы, банк филиалдарының 68 бөлек үй-жайлары, 20 сақтандыру компаниясының 22 филиалы, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялары бар 34 заңды тұлға, 119 айырбастау пункті, соның ішінде 68-і екінші деңгейдегі банктердің, 49-ы уәкілетті ұйымдардың, 2-і пошта байланысы ұйымының пункттері, филиалда есептік тіркеуден өткен 9 микроқаржылық ұйымдар қызмет атқарады. Банк филиалында мамандардың 83 пайызы жоғары білімді, бес адам қаржы және экономика саласы бойынша магистратура бітірген. Филиалдың жеті қызметкері «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне еңбегі сіңген қызметкер» мәртебесіне ие. Филиалда 20 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Л.Рогова, Н.Рысқалиев, М.Солдатова, Д.Шүйіншәлиева, А.Ерғалиева, Б.Әлиева, М.Дүйсенғалиев, Л.Истомина белсенді еңбек етіп, облыстың банк саласының дамуына үлес қосуда. 1998 жылы қараша айында ұлттық валюта - теңгенің айналысқа енгізілуінің 5 жылдығына арнап ашылған мұражай жұмыс істейді. Мұражайға өңірдегі банк жүйесінің құрылу және даму тарихы, тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық валютасын енгізу кезеңдері, Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты, Қазақстан Теңге сарайы шығаратын бағалы монеталар туралы сыр шертетін бұйымдар қойылған.
2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста айналымдағы төлем карточкаларының саны 500,6 мың дана (2016 жылдың сәйкесті күнімен салыстырғанда 2,2%-ға көп), карточка ұстаушылар саны 455,9 мың адам құрады (2,2%-ға артқан). Облыста 365 банкомат (1,4%-ға көп), 3951 POS-терминал (17,9%-ға артқан), 49 банктік киоск (31,0%-ға аз) жұмыс істейді.
Филиал алтын және күмістен жасалған инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуды жүзеге асырады. 2017 жылдың қаңтар - қыркүйегінде құнды металдардан жасалған 371 монета сатылды. 2017 жылы Ұлттық Банк «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Грейг қызғалдағы», «Шығыс күнтізбесі» сериясынан «Ит жылы», «Қазақстан халқының ертегілері» сериясынан «Неміс ертегісі» (Бремен музыканттары), «Республика игілігі» сериясынан «Алтын дән даласы», «Қазақстанның бейнелеу өнері» сериясынан «Ы. Алтынсарин», сондай-ақ «Игілік монетасы» («Тасбақа») монеталарын шығарды.
Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алтын құймаларды Қазақстан теңге сарайы дайындады және 10, 20, 50 және 100 грамм болып төрт түрде ұсынылады. Қазіргі кезде Орал қаласында алтын құймаларды Қазақстанның Халық банкі, Еуразиялық банк және Цеснабанк филиалдарынан сатып алуға болады.
«Каспий банкке» сенім мол
Келесі бас сұққан банк көрсетілетін қызметтің ауқымы мен сапасы жөнінен халық арасында үздік деп табылатын «Каспий банк» болды. Бірыңғай киім үлгісіндегі банк қызметкері сұхбат барысында банктің қызметі жөнінде толық мәлімет берді. Жалпы бұл банк қашан да қызмет сапасын арттырып, бірқалыпты дамуға ден қойған консерваторлығымен ерекшеленеді. «Каспий банктің» командасы көрші нарықтарды бағындырмаса да, ел ішінде қазақстандықтар мен қазақстандық бизнеске ерекше мән береді. Мұндай шешімнің себебі де қарапайым. Тұрғындардың жақсы банк қызметі мен сенімді қаржы серіктесіне мұқтаждығы. 1 миллионнан астам адам бүгінде «Каспий банктің» клиенті, соның ішінде 8 мыңнан астамы орта және шағын компаниялар. Банк - ең ірі филиалдар желісінің бірін құрды және адамдар көптеп сауда жасайтын үлкен дүкендердің кез-келгенінен «Каспий банктің» қызметкерлерін кездестіре аласыз. Банк кассалық есеп айырысу қызметі, несие, депозит, тағы басқа бірнеше қызметтерді жүзеге асырады. Соның ішінде банк клиентке қызмет көрсету сапасы мен шапшаңдыққа аса мән береді. Батыс Қазақстан облысында «Каспий банк» АҚ-ның 50-ден астам бөлім-бөлімшелері бар. Мұнда 200-ден астам адам қызмет етеді. Ірілі-ұсақты сауда орындарында 500-дің үстінде терминалдар жұмыс жасайды.
Алдымен мені банктің депозит жүйесі қызықтырды. Бұл банкте депозит ашудың артықшылықтары мол. Депозиттің шарттары өз депозитіңіз бойынша кез келген уақытта: комиссиясыз, айыппұлсыз және сыйақыны жоғалтпай қаражат салуға және алуға мүмкіндік береді. «Каспий банк» - 2008 жылдың 31 қазанынан бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы. Банкте депозит ашу оңайдың оңайы. Ол үшін жеке куәлігіңізді алып, аптаның кез келген күні, тіпті демалыс күндері келіп, үш жерге қол қойсаңыз жетіп жатыр. Айтпақшы, депозитті кез-келген уақытта, кез-келген терминалдан саласыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
«Банк Центр Кредит» алғашқы коммерциялық банктің бірі
1988 жылдың 19 қаңтарында құрылған «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы Қазақстандағы алғашқы коммерциялық банктердің бірі болып табылады. Банктің негізгі мақсаты – клиенттерге жаңа өнімдер мен қаржылық қызмет түрлерін ұсына отырып, сапалы қызмет көрсету. Қазақстанда кең таралған банк желісі клиенттерге барлық қажетті қызметтер мен өнімдерге еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін 20 филиалдан, 180 бөлім-бөлімшеден, 541 банкомат пен 1350 пос-терминалдардан тұрады.
Банктің «BS Invest» АҚ активтерді басқару жөніндегі брокерлік дилерлік қызметі, «Орталық Лизинг» ЖШС және «Жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, Ресей Федерациясымен еншілес «Банк БЦК-Москва» банкі мен Қырғызстан және Украинада өкілдіктері бар.
«Банк Ценрт Кредит» АҚ Орал қаласындағы филиалының кассалық операциялар бөлімінің басшысы Ақмарал Ерғалиеваның айутынша, филиал 1991 жылдың қараша айында ашылған. Филиалдың алғашқы кеңсесі Достық даңғылы бойындағы ғимаратта орналасқан. Бұл 100 шаршы метрлік шағын бөлмеде тек 10 қызметкер жұмыс істеді. Клиенттік база тек 10 ұйымнан және 25 жеке тұлғадан құралды. Ол кезде банктің несиелік және депозиттік қоры іс жүзінде нөлдік деңгейде болды. Бұл қиын және қызықты кезең болатын.
Біртіндеп клиенттік база өсті. Филиалдың алғашқы клиенттерінің арасында «№1 КСК», «Аэрофлот» агенттігі, «Көмек» сақтандыру компаниялары болды. Осы клиенттердің арқасында филиал өзінің табысын арттырып, өз салымшылары мен қарыз алушылары арасында сенім мен құрметке ие бола бастады. Клиенттік база өскен сайын филиал өсіп, кеңейе бастады. Филиал жаңа ғимаратқа көшуге мүмкіндік алды. Жаңа кеңсе Пролетарская көшесі мен Достық даңғылы қиылысында орналасты. 1998 жылы «Банк Центр Кредит» АҚ «Тұрғынүйқұрылысжинақ» ЖАҚ-мен бірігуіне орай филиал кеңсесі қала орталығында орналасқан кең де жайлы «Одақтар үйі» ғимаратына көшті. Мұнда банк қызметі ұлғайып, филиал қызметкерлері екі есеге көбейді. Клиенттер банк қызметтерімен қатар жаңадан құрылған «Капитал» ЖЗҚ АҚ-ның аймақтық кеңсесінен зейнетақымен қамсыздандыру бойынша кеңес ала бастады. 2008 жылы «Банк Центр Кредит» АҚ Оңтүстік Кореяның «Кукмин» банкін жарғылық капиталға енгізгеннен кейін жаңа жаһандық деңгейге көтерілді. Филиал халыққа және бизнес-клиенттерге қызмет көрсету үшін ыңғайлы операциялық бөлмелерді ұсынды. 2009 жылы филиалдың орталық кеңсесі қаланың орталығында орналасқан 4 қабатты зәулім де жаңа заманауи ғимаратқа көшті.
Бүгінгі таңда банк қаржылық қызметтердің толық мүмкіндігін ұсына отырып, өзінің қызметкерлері мен клиенттері үшін семинарлар, тренингтер жүргізеді. Банк коммерциялық компанияларға да, қарапайым азаматтарға да қолайлы қызмет көрсету үшін барлық жағдайды жасайды. Банк қызметкерлері бірыңғай жастардан құралған. Орал қалалық филиалында 160-қа жуық менеджер жұмыс істесе, әрқайсысы өз жұмысының білікті мамандары. Филиалда 7 құрылымдық бөлімше бар, олардың біреуі Ақсай қаласының тұрғындарына қызмет етеді. Қазіргі таңда Орал филиалында жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары жетекшілеріне банктік шот ашу, тендерлік кепілдіктер алу, сыртқы экономикалық келісімшарттарды тіркеу және валюталық төлемдерді жүргізу бойынша барлық қызмет түрлерін көрсетеді. Облыс аумағында тәулік бойы қызмет көрсететін 41 банкомат жұмыс жасайды.
2011 жылы Орал филиалы өзінің 20 жылдығын атап өтті. Банктің өзіндік беделі, көрсетілетін қызметтердің сапасы және банктің жұмыс істеу қағидалары филиалдың Батыс Қазақстан облысының қаржы нарығындағы орнын ұстап тұруға мүмкіндік береді. «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның филиалы көп жылдар бойы аймақ клиенттері үшін шынайы сенімді серіктес болды.
Бүгінде банктің Орал филиалы республикадағы 20 филиалдың ішінде көшбасшы банктің бірі. Өңірдегі филиалдың нарықтық үлесі бизнес клиенттерді несиелендіру бойынша 40 пайызға, төлем карточкалары бойынша 12 пайызға, халықтың салымы бойынша 14 пайызға жетті. Сондай-ақ, Орал филиалы басқа да банктік өнімдерге қол жеткізді. Банк жұмысының алға басуы клиенттік базаға тікелей байланысты. Банк өзінің алғашқы клиенттері «Универтекс» ЖШС, «Орда» ЖАҚ, «Батыс Болашақ» ЖШС, «Пэтформ» ЖШС, «Ақас» ШҚ-мен әлі күнге бірлесе жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, бүгінде филиал БҚО-дағы ірі-ірі бірнеше компанияларға қызмет көрсетеді. Олардың арасында «Орал-терминал» ЖШС, «Гидромаш-Орион»ЖШС, ГК «Хладоленд» ЖШС, «Уралметаллинвест» ЖШС бар.
Банк қызметкерлерімен ғана емес, ең алдымен клиенттерімен танымал. Егер даму жолының басында филиал 10 заңды тұлға мен 25 жеке тұлғаға қызмет көрсетсе, бүгінде олардың саны 2600 заңды және 69542 жеке тұлғаға жетті. Тиісінше саланың басқа да көрсеткіштері өсті. «Банк Центр Кредит» АҚ «Даму» қорының шағын және орта бизнесті, ауылшаруашылық жобаларын қаржыландыруға қатысады. Банк бүгінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының сенімді әріптестеріне айналды. Банк аталмыш қормен 10 бағдарлама бойынша шарт жасасып, ынтымақтастықта жұмыстануда. Банк «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 11 жобаны қаржыландырып, өңірде ірі инвестициялық жобалардың іске асуына атсалысты. Атап айтсақ, «Орал газтурбиналық электр станциясы» ЖШС-іне 54 МВт газтурбиналық электр станциясын, «Кәсіпкерлікті қолдау» ЖШС-іне спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын, «Талап-құрылыс» ЖШС-не фитнес орталығының құрылысын қаржыландырса, «Болашақ» ЖК-нің «Болашақ» тіл үйрету оқу орталығын ашуға, жеке кәсіпкер Евгеневаның кондитер өнімдерін өндіру ісіне үлесін қосты.
Ия, нарық заманында әр банктің дамуы әрқилы. Қалай болғанда да біздегі банктік жүйе Европа нарығын бағындырмағанмен Орталық Азияда өзіндік беделге ие. Олардың қатарында «Сбербанк», «Халық банк» сынды банктерді атауға болады. Ал бізді БҚО-дағы банктердің жаңа технологияда дамуы, қызмет сапасының жоғарылығы ерекше таңғалдырды. Тағы бір айта кететін ерекшелік, банк саласында мемлекеттік тілде қызмет көрсетіледі.
– Қазақстан Республикасындағы банк жүйесінің дамуы халқымыздың өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына, елдегі қаржы нарығының өркендеуіне тигізетін пайдасы зор. Соңғы бірнеше жылда, әсіресе 2000 жылдан бастап банк жүйесі қарқынды дамуда. Дегенмен банк жүйесіне мемлекеттік қолдау әлі де жеткіліксіз дәрежеде болып отыр, - дейді банк саласы мамандары. Мұндай кемшіліктерді жою үшін банк жүйесінде жаңа бағдарламалар, реформалар жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана банк нарыққа емес, халыққа қызмет көрсететін орынға айналары хақ.
Надежда ЕСЕТОВА,
Батыс Қазақстан облысы