11.04.2025, 14:30
Оқылды: 480

Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы

Қазақстанда қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында ілкімді шаралар қабылдануда. Бұл ретте, облысымызда да мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту тоқтаусыз жүзеге асырылып келеді.

мурат байсалов

Өңірлік кадрлық резервтің құрылуы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста өңірлік кадрлық резерв құрылды. Бұл бастама өңірдің дамуына жас талантты басқарушыларды тарту арқылы кадрлар пулын қалыптастыруды көздейді. Іріктеуден өткен 30 азамат екі жыл бойы резервте болады. ​
Резервке алынған адамдар жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурс өткізілместен орналаса алады.
Осылайша, бүгінгі күнге резервшілер қатарынан 11 адам меритократия принциптері негізінде жоғары тұрған лауазымға ілгерілетілді.
Жастарды қолдау шаралары.
Жастарды мемлекеттік қызметке тарту және оның тартымдылығын арттыру мақсатында жоғары оқу орындарының үздік дипломмен бітірген түлектеріне ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі енгізілді.
Бұл шара жас мамандарға мемлекеттік органдарда мансабын бастауға мүмкіндік береді. Норма енгізілгеннен бастап мемлекеттік лауазыдарға 53 жоғары оқу орындарының түлектері орналасты (2023 жылы – 9, 2024 жылы – 40, 2025 жылы - 4). ​
Конкурс рәсімдерінің жаңашылдықтары.
Мемлекеттік органдардағы лауазымдарға орналасу үшін конкурс рәсімдері автоматтандырылды. Бұл формат кандидаттарды іріктеу кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа тәсіл онлайн-тестілеу мен бейне сұхбаттарды пайдалануды қамтиды, бұл субъективті факторларды азайтып, кәсіби және жеке қасиеттерге баса назар аударуға мүмкіндік береді. ​
Осылайша, азаматтарымыз әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында «eqyzmet.gov.kz» сілтемесі арқылы сыртқы интернет-порталға тіркеліп, конкурсқа ондайн форматта қатыса алады.
«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасалды. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есеге, 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Өз кезегінде, тестілеуде шекті мәнді еңсермеген қатысушылар тестілеуге үш күннен кейін және тестілеу тәртібін бұзған жағдайда бір айдан кейін қайта жіберіледі.
Конкурстық комиссия құрамының үштен бір бөлігі бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда үш жыл жұмыс тәжірибесі бар бағалаушылардан тұрады.
Нәтижесінде, осы жоба азаматтарға шынайы бәсекелестікке жол ашатын, іріктеу кезеңдеріне ыңғайлы уақытта қатысуға мүмкіндігін беретін, рәсімдері толық цифрландырылған іріктеу жүйесі болып, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте, аталған прогрессивті өзгерістерді бекітіп одан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту мақсатында әзірленген.​
Яғни, Тұжырымдаманың басты мақсаты – адамға бағдарланған мемлекеттік қызметтің сервистік моделін қалыптастыру. Бұл модель азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беретін, ашық және тиімді мемлекеттік аппаратты құруды көздейді.
Тұжырымдама келесі қағидаттарға негізделеді:​
• Адалдық пен ашықтық: Жұмысқа алу және қызметте ілгерілеу процестері қоғам үшін ашық әрі түсінікті болады.​
• Меритократия: Мемлекеттік қызметке іріктеу мен қызметте ілгерілеу еңбегі, құзыреті және кәсіби дағдыларына негізделеді.
• Икемділік: Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер, инновациялар мен технологиялар енгізіледі.​
• Үздіксіз оқыту: Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен біліктілігін арттыруға баса назар аударылады.​
• Клиентке бағдарлану: Қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.​
• Прагматизм: Практикалық пайда мен тиімділікке қол жеткізу үшін түрлі құралдар қолданылады.​
• Жауапкершілік және есептілік: Мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілігі күшейтіледі.​
Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманы іске асыру барысында келесі нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарлануда:​
• Клиентке бағдарлану деңгейі: 2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша қанағаттанған көрсетілетін қызметті алушылардың үлесі 70% құраса, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 75% жетеді деп күтілуде.​
• Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік құқық бұзушылықтарының үлесі: 2024 жылы бұл көрсеткіш 2% болса, 2029 жылы 1,5% дейін төмендету жоспарлануда.​
• Кәсіби даму: Мемлекеттік қызметшілердің бір орынға кандидаттар санының артуы және ғылыми дәрежесі бар қызметшілердің үлесінің өсуі көзделуде.​
• HR-процестерін цифрландыру: Цифрландырылған HR-процестерінің үлесін 2024 жылы 25% бастап, 2029 жылы 50% дейін арттыру жоспарлануда.​
Бұл ретте, қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеріп, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.

Мұрат Байсалов,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале