Оқырмандар назарына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің "Atameken Business" телеарнасының «Эксклюзив» бағдарламасына берген сұхбатын ұсынамыз.
– Ғали Нәжімеденұлы, өңірдегі коронавирусқа қатысты қазіргі жағдай қай деңгейде?
– Өзге өңірлердегі секілді күрделі, бірақ тұрақты. Күн сайын жаңадан дертке шалдыққан 35-40 адам тіркеліп, соншама адам жазылып шығуда. Көктемнің басында және жазда қиын болды, ауырғандар саны күрт өсіп кетті. Оған Ресейден және Атырау облысынан, өзіміздегі Чинарев кенішінен ауру жұқтырып келгендердің көбеюі әсер етті. Күніне 100-120 дертті адам анықталып отырды. Сол себепті оның алдын алу үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қажетті іс-шаралар алуда. Соның бірі – таяуда іске қосылатын жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасы. Қазір бізде 2 мың төсек резервте. Дертке шалдыққандар көбейсе, қабылдауға әзір. Дәрі-дәрмек те 1,5-2 айға толық жетеді. 39 жедел жәрдем көлігін алдық. Күні бүгін біз аурудың жаңа толқынына дайынбыз. Әрине, жүз пайыз кесіп айтуға болмайды, дегенмен әзірлігіміз жақсы деңгейде.
«БҚО-да коронавируспен күреске 12 млрд теңге бағытталды»
– Коронавируспен күреске қанша қаржы жұмсалды?
– Егер тек бюджет қаржысын айтатын болсақ, республикадан бөлінген қаржымен қосқанда 12 млрд теңгеге жуық. Қаржының көбі госпиталь құрылысына кетті. Халықтың денсаулығымен ойнауға болмайды, сондықтан тез құрастырылатын аурухана салуға шешім қабылданды. Қалған ақша шамамен 5 млрд теңгеге жуығы жеке қорғаныс құралдарын, жабдықтарды алуға жұмсалды.
– Өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары жеткілікті ме?
– Өзімізде 130-ы бар еді, демеушілердің көмегімен тағы қосымша 88 жаңа аппарат алынды.
– Ал жазда тұмшамен қамтылу деңгейі қандай еді?
– Тұмшадан мәселе туындаған жоқ. Біз өз қызметкерлерімізді, дертке шалдыққан жандарды, тәуекелді топқа кіретін адамдарды тұмшамен қамтамасыз еттік. Бүгін таңда біздегі қорда 2 миллионға жуық тұмша жатыр. Кәсіпкерлердің көмегінің арқасында өңірде тұмша бағасы 35 теңгеден аспады. Өзге өңірлерде 60 теңгеге жеткенін білеміз. Қазір баға одан да төмен.
– Дерт басталғалы бері қанша адам көз жұмды?
– Коронавирустан 144 адам, соның ішінде 4 медицина қызметкері көз жұмды.
– Тұтас алғанда азаматтарға жәрдем көрсететін дәрігерлер жеткілікті болды ма?
– Өкінішке қарай, өз міндеттерін орындау барысында бізде 495 медицина қызметкерлері ауру жұқтырды. Әрине, қызметкер жетіспеушілі болды, дәрігерлер, мебдикелер демалмастан 3-4 ауысым жұмыс істеді. Оларға ризашылығымды білдіремін. Мен олармен әрқашан байланыстамын.
– Ғали Нәжімеденұлы, бюджет қаржысы қалай бөлінеді? Алдағы жылға қанша қаржы қаралды?
– Бюджеттің 55-60 пайызы «әлеуметтік», яғни мәдениет, спорт, білім нысандарын ұстауға, жалақы, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да шығыстарды субсидиялауға жұмсалады. Қалған қаржы көшелерді, жолдарды жөндеуге, инфрақұрылым жасақтауға кетеді. Жыл басында біз сондай-ақ 15-20 млрд теңгеге жуық қаржыны даму жобаларына, яғни жаңа нысандарды салуға жоспарлаймыз. Күні бүгін имидждік тұрғыдағы, болашақта пайдасы жоқ тек шығын әкелетін нысандар құрылысын толығымен тоқтаттық. Болашақта да салмаймыз. Сонымен қатар бюджет қаржысы әуежай терминалын қайта құруға, үлкен Мәдениет сарайы құрылысына бағытталуда. Барлық жобалар белгілі, ашық, қоғамдық тыңдауларда мақұлданып, мәслихаттармен бекітілген. Барлық жобалар әкімдіктер мен халықтың ұсыныстары негізінде түзіледі.
БҚО әкімдігі 100 жаңа аутобус сатып алуды жоспарлауда
– Қоғамдық көлік паркі қаншалықты ескірді? Өңірлерде бұл өткір мәселе. Бізде көлік паркін жаңартудан Алматы мен Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Батыс Қазақстанда жағдай қалай?
– Қазір Оралда 500-дей аутобус жүреді. Тасымалдаушылар көп, олар мүмкіндіктерінше көліктерін жаңартуда. Бірақ ол үшін жаңа инвестициялар керек. Жуық арада біз тасымалдаушыларға көмектесу үшін бір шешім қабылдаймыз. Басқа қалалардағы сияқты тарифтерді дифференциациялау мәселесін де қарастырамыз. Дұрыс айтасыз, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көліккке жолақыны қолма-қол төлесең басқа тариф, ал карта арқылы аударсаң басқа тариф қолданылады. Осы тәсілмен жүреміз. Менің ойымша 2021 жылдың алғашқы тоқсанында аутобус паркін жаңарту жөнінде шешім алуымыз керек. Қазір ол өте баяу жүруде. Жаңа жылдың бірінші тоқсанында сыйымды, жайлы 100 жаңа аутобус, екінші тоқсанда да барынша көп аутобустар алу жопарда бар.
– Бюджетке қайта оралсақ. Әлеуметтік блокқа қанша қаржы қаралады? Биылға және алдағы жылға қанша қаржы жоспарланды?
– Биылға шамамен 320 млрд теңге. Облыс бюджетінің шамамен 55-60 пайызы. Алдағы жылы ол көбейеді.
– Бизнес туралы айтсақ. Сіздің облыстың бас санитарлық дәрігері принципшіл адам деп естиміз. Халықтың денсаулығы үшін бизнес өкілдерімен жиі жанжалдасады. Кәсіпкерлерді де түсіну керек, олар шығынға батуда. Осы орайда олармен байланыс қалай?
– Мұндай жағдайда бәрінің ойынан шығатын бір шешім шығару қиын. Сондықтан облыстың бас санитарлық дәрігерінің шешімдері өңір аумағында толық орындалуы тиіс. Бұл әкімдіктерге де қатысты. Әрине, тығырықтан шығатын жолдарды іздейміз. Коронавирус тек қана кәсіпкерлерге үлкен шығын әкелген жоқ, тума-туыстары көз жұмған немесе өздері қатты ауырған адамдарға да үлкен зардабын тигізді. Облыста көптеген ұйымдардың жұмысы ішінара тоқтады. Кәсіпкерлер тарапынан қолдауға келсек, биыл пандемия кезінде олар көп көмектесті. Шынын айтқанда, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жетіспеген алғашқы кездерде бюджеттен емес, демеушілердің қаржысына алынды. Олар дәрігерлерді тамақтандырды, зейнеткерлерге жәрдемдесті, дәрі тасыды. Қысқасы барлық кәсіпкерлер қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ.
– Ал әкімдік тарапынан қандай қолдау-көмек бар?
– Біз бірнеше жаңалық енгіздік.
– Қандай?
– Қызметтерді үшжылдық сатып алу жүйесін енгіздік. Мысалы, Тұңғыш Президент алаңына 1200 тал-терек және 20 мыңға жуық көпжылдық лдер ектік. Бұрын біз оған жыл сайын біржылдық гүлдерге қаралғандай көлемде қаржы жұмсайтын едік. Осы жүйені Нұр-Сұлтанды бастап, Батыс Қазақстанға әкелдік. Ол бізге не берді? Енді кәсіпкер орта мерзімді келісімшартты қолына алады. Үш жыл бойы өзі ұтқан аумақты күтіп-ұстап, ақша табады. Екіншіден – бізге делдал емес, өндірушінің өзі келеді. Себебі біз бүкіл төлемді үш жылға бөліп, 33 пайыздан аударып отырамыз. Мұндай шартқа тек өндіруші ғана келіседі, делдалда ондай мүмкіндік жоқ. Бір рет көпжылдық өсімдік егеді, бітті. Одан кейінгі жылдары біржылдық гүл егемін деп әуреге түспейді.
– Үш жылдық жұмыстарға қанша қаржы бағытталады сонда?
– Бұрын жылына 320 млн болса, енді биылғы бюджетті үшке көбейтіп, үш жылға бөліп тастадық, нәтижесінде 800-900 млн теңге болды. Мұның пайдасы сол, үш жылдан кейін мұндай ақшаны біз бюджеттен сұрамаймыз. Себебі аумақтарға жыл сайын тал-терек егудің қажеті болмайды. Осындай үш жылдық тәсілмен көптеген сатып алуларды өткіздік. Мәселен, қалаға бейнебақылау қойдық. Құралды өндіруші тендерді өзі ұтты, оралдық жігіттер софт ойлап тапты. Сөйтіп, 1,5 млрд теңге үнемдедік. Яғни әуелі бейнебақылауға 2,4 млрд теңге жұмсау жоспарланған болса, қазір 860 млн теңге жұмсалды. Бейнебақылау қондырғыларын үш жыл бойы күтіп-ұстау да осы ақшаға кіреді. Үш жыл бойы ол бейнекамералардың жұмысына жауап береді. Дәл осындай сатып алулар субұрқақтарды жөндеу мен қызмет көрсетуде, бағдаршамдарды орнату мен қызмет көрсетуде, қала көшелерін тазалауда қолданылды. Біз үш жылға бизнесті жоспарлауға мүмкіндік бердік және сыбайластық тәуекелдерін жойдық. Жыл сайын тендер ойнатпаймыз, өндірушінің тіке өзіне шықтық. Бір сөзбен айтқанда, қолында өзінің тауары бар адам ғана бізге оны үш жылға бере алады.
БҚО әкімі: «Маған ешкім «откат» ұсынған емес»
– Жергілікті журналистің мақаласын оқыдым. Онда ол сіз әкім болғалы тендер ойнату кезінде «откат» сұрау туралы әңгімелердің азайғанын жазады. Сізге жиі «откат» ұсына ма?
– Ешқашан ұсынған емес.
– Тұтас алғанда тендерлердің шарттары қаншалықты ашық қазір?
– Мен өзімнің орынбасарларыма, қарауымдағы қызметкерлерге «Мен ешкімнен «откат» алмаймын, сіздер де тіпті емеурін білдірмеулеріңіз керек» дегенді жиі айтып отырамын. Ұялы телефоным мен ватсабымды жарияладым, бәрі біледі. Егер кімде-кім әкімдік қызметкерлері тарапынан «откат» талап етуге емеурінді естісе немесе әңгіме қозғаса, бірден маған хабарласа алатынын айттым. Содан да болар ешкім тәуекелі барып ол туралы айтқан емес.
WhatsApp-қа келген хабарламалардың 15-20 пайызына БҚО әкімінің өзі жауап береді
– Өткен жылы сіз әлеуметтік желілерде ватсап нөміріңізді жарияладыңыз. Қазір ватсапты оқисыз ба? Мысалы, қазіргідей жолда келе жатқанда?
– Иә, өткен жылы жарияладым. Алғашқы 3-4 аптада хабарлама өте көп келді. Әрине, бәріне жауап беруге тырыстым, алайда ол қиын болды. Қазір аздау. Күн сайын болмағанмен 2-3 күнде бір рет міндетті түрде ашып оқып отырамын.
– Қай уақытта оқисыз, осылай жолда ма?
– Көлікте, үйде, кешкісін оқимын.
– Азаматтар көбінесе қандай мәселелерге шағымданады?
– Нөмірімді жариялаған уақытта шынын айтқанда мен өңірді дамыту бойынша, сыбайластық тәуекелдердің алдын алу туралы ұсыныстар күткен едім. Бірақ, сауалдардың шамамен 95-98 пайызы ағымдағы мәселелер турасында түседі. Азаматтар ауладағы қоқысты шығару, судың сапасы, суды жоғары қабаттарға көтеру секілді сауалдарын жолдайды. Оқып, қарауымдағы мамандарға мәселені шешу туралы тапсырмалар беремін және өзім үшін өңір тұрғындарын мазалайтын ауқымды жүйелік мәселелерді түсінуге тырысамын.
– Тұрғындарға өзіңіз жауап бересіз бе?
– Бәріне бірдей деп айта алмаймын, келген хабарламалардың шамамен 15-20 пайызына өзім жауап беремін, қалғандарын тікелей орындаушыларға жолдаймын.
– Тұрғындар тарапынан дөрекілік кездесе ме?
– Шынымды айтсам, жоқ. Сын бар, бірақ дөрекілік жоқ. Біздің адамдар тәрбиелі ғой.
– Күніне қанша хабарлама келеді?
– Міне, сіздің көзіңізше ватсапты ашайын, қазір көп емес. Шамамен 7 хабарлама келген. Басында күніне 200-300 хабарлама келіп жүрді.
– Жазылған хабарламаларды көрсете аласыз ба? Қандай мәселе барын білейік.
– Жақсы, көрейік. Мәселен, Зашаған кенті тұрғындары түтіннің қайдан келетінін білгісі келеді. Былтыр шаһарда үлкен мәселе болды. Зашаған кентіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонындағы қоқыс 3-4 күн сайын жанған шығар. Біз көптеген арыз-шағым негізінде жүйелі шешім қабылдап, бұл мәселені шештік. Биыл полигонның өртенуіне қатысты шағым болған жоқ. Тұрғындардан тарифтің аз-кем көтерілуіне қарсы болмауын сұрадық. Ал басқарушы компания ол жерде өрт болдырмайтын барлық техниканы сатып алуға міндетті болды. Осылайша тұрғындардың WhatsApp желісіне жолдаған шағымының арқасында мәселе шешілді.
– Ал әкімдермен, яғни әріптестеріңізбен сөйлесетін чат бар ма?
– Бар, бірақ барлығымен емес.
– Сонда жекелеген әкімдер ғана бар ма?
– Иә, 5-6 әкім ғана бар.
– Бәріңіз доссыздар ма? Достық чаты ма?
– Иә, бір-бірімізге көмектесіп, кеңес береміз.
– Олар кімдер? Айта аласыз ба?
– Осы чатқа қосылуға келіскен адамдар.
– Кім бастамашы болды?
– Басқа әкім. Яғни мені осы чатқа қабылдады.
– Топтың әкімшісі кім?
– Қазір әкімші жоқ, яғни достар арасында.
БҚО өңдеуші кәсіпорындары 7-8 млрд теңгенің кірісін ала алмады
– Коронавирус тұрғындардың денсаулығына ғана әсер еткен жоқ,барлық аймақтың бюджетіне де салқынын тигізді. БҚО-дағы жағдай қандай?
– Егер абсолютті сандарға тоқталсақ, жергілікті бюджет, салық түсімдері азайған жоқ, керісінше, асыра орындалды. Өңірде 11 айда өңдеуші сектор төмендеді. Өңдеуші кәсіпорындар 7-8 млрд теңге кірісті ала алған жоқ. Бұл 4%. Бұл негізінен өнімдерді РФ-ға экспорттаумен байланысты. Біздің негізгі қаржылай қиындығымыз мүмкін осы шығар.
– Жуырда ҚР энергетика министрі Н.Ноғаев еліміздің мұнайды 5 млн тоннағакем мөлшерде өндіре бастағанын айтты. Яғни бұрын 80 млн тонна болған болса, қазір 75 млн тонна. Батыс Қазақстан облысы бұдан қаржылай шығынға ұшырай ма?
– Біздің ең ірі компания – Қарашығанақ консорциумы. Керісінше, солардың қызметінің арқасында облыста газ өндіру, газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7-8%-ға артып келеді. Сондықтан бұл жайтқа қатысты мәселе облыста әлі сезілген жоқ.
– 2021 жылы бюджеттен қанша қаражат алғыңыз келеді?
– Біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар жалғасады деп сенеміз. Өңірдің дамуы үшін жылына ең аз дегенде 35-40 млрд теңге инвестиция қажет. Бұл біздің ең төменгі есебіміз. Ең алдымен жолдар, су құбырлары, құрылыс және білім беру нысандарын қайта жөндеу назарға алынады. Міне, осы басты бағыттарға республиканың көмегі қажет.
– Биыл қанша алдыңыздар? 35-40 миллиард па?
– Жоқ, 65миллиардтан артық болды. Биыл барлық аймаққа өте қиын тиді. Сондықтан Үкімет барлық облысқа тиісінше қолдау көрсетті. Мәселен, жолдар үшін 40 млрд, су құбырларына 9 млрд теңге бағытталды. Яғни бұл үшін 60-70 млрд теңгедей қажет.
2020 жылы Батыс Қазақстан облысында үй кезегінде тұрғандарға 1800 пәтер беріледі
– Енді тұрғын үй құрылысына тоқталсақ. Орал қаласының тұрғындары баспанамен толық қамтылды деп айтуға бола ма?
– Олай айта алмаймын. Орал қаласы бойынша 26 мың адам кезекте тұр. Биыл үй кезегіндегілерге 1800 пәтер берілді. Алдағы жылы да несиемен берілетін баспанаға екпін салғымыз келеді. Біздің өңір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» несие қоржынының көлемі, депозит базасы бойынша жақсы көрсеткішке ие. Он мыңдай салымшының депозитінде 3 миллион теңгеден астам қаржыжинаулы. Сұраныс бар. Нарықта ұсыныс жоқ. Сондықтан келесі жылы жаңа шағынауданның құрылысын бастаймыз. Бұл тұрғындарды баспанамен көбірек қамтуға мүмкіндік береді деген үміттемін. Қызметкерлерді ынталандыру үшін тұрғын үй сертификатын береміз. Өткен жылы 100 млн сертификат шығардық. Биыл сұраныс болды. Алдағы жылы жергілікті бюджеттен қаражат шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Қанша теңгеге?
– Кемі 100 млн теңгеге.
БҚО әкімі: «Өзің туған облысты басқару – үлкен жауапкершілік»
– Сіз облысты 2019 жылдан бері басқарып келесіз. Бұрын әкімнің бірінші орынбасары болдыңыз. Білуімше, осы аймақтансыз. Батыс Базақстан облысын көптен бері осы өңірдің тумасы басқарған жоқ. Бұл сізге жерлестеріңізді тартуға көмектесе ме?
– Әрине, бұның қандай да бір пайдасы бар. Былай айтсам дұрыс шығар. Яғни мен көбін танимын, олардың туыстарын, таныстарын білемін. Осы тұрғыдан алғанда маған жеңіл. Бірақ солай бола тұра бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.
– Бізде Нұр-Сұлтан қаласынан шығып, 10 шақырым жүргенде жол, жарық, су, жылу жоқ. Оралдан шыққанда да осындай жағдай кездесе ме?
– Әр бағытта жағдай әр түрлі. Бір жерде ұялы байланыс, интернет, республикалық жолдар бар, ал кей жерлерде интернет үзіліп кетеді. Біздің облыс ауылдық елді мекендердің көптігімен ерекшеленеді. Яғни елді мекендердің көпшілігіне жол, мектеп, медициналық мекемелер секілді әлеуметтік нысандар қажет. Елді мекендердің саны қажетті көмек көлеміне де әсер етеді. Бірақ жалпы алғанда биыл ауылдарға жақсы көңіл бөлінді. Біз едәуір үлкен тоғыз мәдени-демалыс кешенінің құрылысын бастадық. Олардың әрқайсысының құны миллион доллардан кем емес. Биыл үш мәдениет сарайын салуды бастасақ, осындай алты нысан күрделі жөндеуден өтуде. Үш мектептің құрылысы жүруде. 15 мектеп күрделі жөнделуде. Жөнделген 434 шақырым жолдың басым бөлігі ауылдық елді мекендерге тиесілі. Үш ірі жол қайта жаңғыртылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражаты ауылдық жерді көркейтуге, дамытуға жұмсалуда деп есептеймін. Таяуда бір ауылда құны 120 млн теңге болатын спорт кешенін аштық. Жеке кәсіпкерлер тұрғызды. Бұл да бизнестің мемлекетті қолдауы.
– Сіз бағаға қаншалықты жиі мониторинг жүргізесіз? Тауар өткізушілердің, жеткізушілердің арасында бағаға қатысты өзара келісім бар екенін байқайсыз ба?
– Азық-түлік дүкендеріне алдын ала хабарламай-ақ үнемі барамын. Базар мен бөлшек саудадағы бағаны маған көрсететін арнайы мониторингтік топ та бар. Әрине, жағдайды бақылаймыз. Бағаға қатыстыөзара келісім болуы мүмкін. Бірақ облыс кішкентай болғандықтан, бәрі көз алдымызда, ақпарат қолжетімді. Біз кімнің көтерме сауда жеткізушісі екенін, кімнің өндіруші мен бөлшек сауда арасындағы делдал екенін жақсы білеміз. Яғни бағаға қатысты өзара келісім бойынша соншалықты маңызды деректер көрген жоқпын.
БҚО әкімі: «Өңірдегі сыбайлас жемқорлық деректерін ашамыз»
– Сыбайлас жемқорлық мәселесі қандай? Мемқызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық деректері қаншалықты жиі ашылуда?
– Аймақтардың сыбайлас жемқорлық деңгейі – субъективті, түрлі рейтингтер бар. Жуырда БАҚ-та біздің өңір сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша бірінші орында деген ақпарат жаряланды. Алайда меніңше бұл сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсетудің нәтижесі секілді. Бізде жолдағы қауіпсіздік мәселесі өзекті. Полиция департаменті қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық деректері бар екені жөнінде көп шағым түсті, маған да шағымданды. Сондықтан полиция департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге мұндай деректерді анықтау және тіркеу, азайту бойынша іс-шараларды қолға алды. Сыбайлас жемқорлық деректерін ашамыз. Полиция қызметкерлері арасынан жосықсыз қызметкерлер анықталғандықтан тіркелген жағдайлардың саны да артты. Ал бұл біздің рейтингке кері әсер етті. Меніңше бұл жақсы. Біз мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерінің арасынан мұндай адамдарды анықтау үшін жұмыстанамыз. Осы бағытта жұмыс істейміз. Бүгінде әкімдік қызметкерлері арасында менің білуімше сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша сот шешімі жоқ. Әкімдіктерде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары емес.
– Жақын күндері облыс басшысы ретінде алдыңызда ұзақ және қысқа мерзімді қандай міндеттер тұр? Яғни ең үлкен және ең кішкентай міндет қандай?
– Жалпы негізгі міндет – әр адамның, тұрғындардың кірісін үнемі арттыру. Ол үшін шартты түрде айтсақ, түрлі көздер бар. Соның ішінде мемлекеттік бюджет және қысқа мерзімді міндет – мемлекеттік бюджет ішінен резерв іздеу, құжаттамаларды, жүйелі шешуді қажет ететін мәселерді талдау. Олар бюджет шығысын қысқартуға көмектесіп, ұсынылатын қызметті сапалы дамытуға немесе нысандардың құрылысына сапалы әсер етуі керек. Екіншіден, меніңше мемлекет бизнестің қолынан келетін нысандарды басқармауы және иеленбеуі керек. Біз үнемі осы бағытта жұмыстанамыз. Биыл біз колледж, спорттық нысандарды, коммуналдық базарды, қаңғыбас иттерді залалсыздандыратын қызметті және басқаларды бизнеске бердік. Ал ортамерзімді, ұзақ мерзімді міндеттер дегеніміз – табиғи монополия субъектілері ішінен резерв іздеу. Бұл су, жылу, электр жарығы. Бізде тұрғындар үшін салыстырмалы түрде тариф төмен. Сосын тұрғындар үшін тарифтің қолайлы деңгейін сақтау қажеттілігі бар. Енді ақшаға қатысы жоқ мақсатымыз -тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру. Өзімнің іс-әркеттеріммен, сөзіммен сенімді арттыруға тырысамын. Оған көп нәрсе байланысты. Егер барлық шешім тұрғындармен, тұтынушылармен талқылау негізінде қабылданатын болса, бізге жұмыс істеу оңай болады деп ойлаймын.
БҚО әкімі: «Жұмыста адал болсаң, біреудің алдында міндеттемең жоқ және саған ешкім міндетті емес»
– Сенім туралы айтсақ. Сұқбатты жазбас бұрын, сіздің жұмысыңызға мониторинг жүргіздім. Беделіңізді түсіретін бірде-бір жанжал кездестірмедім. Ал біздегі облыс, министрлік басшыларында туыстарына, қаражатты бөлуге қатысты қандай да бір жанжал жиі шығады. Бұл сенімсіздікті арттырады. Мұндай мінсіз беделді қалай сақтауға болады?
– Шындығында, бұл қиын емес. Жай ғана адал жұмыс істеу керек. Адал қызмет етсең, сондай жеңіл. Біреудің алдында міндеттемең жоқ және саған ешкім міндетті емес. Сен жұмыс істейтін қызмет, ақпарат, адамдар бар. Егер сен бәрімен адал болсаң, саған ешкімді алдаудың қажеті жоқ. Бұл қызмет етуге көмектеседі. Сәйкесінше, осыдан-ақ бедел қалыптасады.
– Сіздіңше бір ғана адалдық жеткілікті ме? Мысалы, бір министрдің ағасы жанжалдың ортасынан бір шығатын, қарауындағы қызметкер этикалық норманы бұзатын оқиғалар кездесіп отырады.
– Білесіз бе, мемлекеттік қызметте жақсы беделмен қалу өте қиын. Оған қандайда бір бұзушылық жасау себеп емес. Шалыс басуға әкелетін шектеулер, заңдық тұрғыдағы тосқауылдар жетерлік. Сондықтан ол туралы кесіп айту оңай емес.
– Сізді әлеуметтік желіде жиі сынай ма?
– Шынымды айтсам, барлық әлеуметтік желіге мониторинг жасамаймын. Facebook-те бармын, WhatsApp нөмірім ашық. Сын бар.
– Жұмысқа қатысы жоқ, жеке басыңызға қатысты, деструктивті сын болса қалай қабылдайсыз?
– Алғашқы жылдары, шынымды айтсам, аздап уайымдадым. Қазір ондайларға көңіл аудармауды үйрендім және ондай сын азайған да шығар. Конструктивті сынға оң қараймын. Яғни жүйелі шешу жолдарын іздеймін. Себебі конструктивті сын бір адамға қатысты болмайды. Ол тұрғындарға қатысты және аймақтың жалпы мәселесін көрсететін немесе биліктің сынға ұшырататын іс-қимылына қатысты болады. Сондықтан конструктивті сынды қабылдаймын. Сонымен бірге халықтың мәселелерді шешуге деген ынтасы ұнайды.
– Журналистерге көзқарасыңыз қандай? Мен сіздің журналистерді бір нәрсені жарнамалауға, нысанның ашылуына емес, қандай да бір мәселені шешуге жинайтыныңызды байқадым. Яғни БАҚ-ты жарнама құралы ретінде емес, ақпарат көзі ретінде пайдаланасыз.
– БАҚ-тың міндеті де сол. Халыққа биліктің шешімін жеткізу және керісінше, билікке тұрғындардың мәселелері мен талап-тілегін жеткізу. Сондықтан БАҚ-пен конструктивті жұмыс істегенді қолдаймын.
– Ал мұны тұрғындар теріс түсініп қалады деп қорықпайсыз ба?
– Мұндай тәуекелдер бар шығар. Қалай болғанда да менің жұмыс форматым осындай.
– Яғни жұмыс тәсіліңіз осындай болады?
– Өзгерту әзірге ойымда жоқ.
– Ғали Нәжімеденұлы, демалыс күні, жексенбіде уақыт бөлгеніңізге рақмет. Қызметіңізге сәттілік тілеймін.
– Жиі келіп тұрыңыз. Нағыз таза қала бізде. Әрдайым қуаныштымыз.
Мөлдір АБДУАЛИЕВА
https://inbusiness.kz/