Құрметті жерлестер!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – қазақстандықтар аса жоғары бағалайтын бірлік пен бейбітшіліктің символы. Біз елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің мәдениеті мен әдет-ғұрпына құрметпен қараймыз және бұл біздің негізіміз бен күшіміз екені анық.
Мұны күні кеше елордамызда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын.
«Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығарылып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс. Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаттың нақты көрінісі» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қаймағы бұзылмаған алтын бесік – Ақ Жайық өңірінде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір қаншама ұлыстың өкілдері бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл - жұртымыздың айнымас достығының үзілмес дәнекері.
Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы арта берсін!
Құрметпен, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев