Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен БҚО шұғыл штабының кезекті отырысында жекеменшік медициналық компанияларда коронавирус пандемиясына қарсы әрекет ету және оның алдын алу бағытындағы мәселе көтерілді.
Отырыс жұмысына «Медициналық орталық» ЖШС, «Талап» АҚ, «Интертич» ЖШС, «Юнисерв medical center» ЖШС, «Медикер Ақсай» ЖШС, «БатысАвигип» ЖШС сынды жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Өңір басшысы бүгінгі таңда алғашқы кезекте медициналық кеңес беруде жекеменшік медициналық компаниялардың қолдауы аса қажет екендігін баса айтты.
Сонымен қатар жекеменшік компанияларға жабдықталған ғимараттарда күндізгі стационарлар ашу ұсынылды.
- Біздің аймақта жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жұқпалы және провизорлық стационарларда 1100-ден астам адам бар. Басты күш әсіресе Орал қаласына түсіп отыр. Болжам бойынша, ауруханаларда орын болмауы әбден мүмкін. Сол себепті жекеменшік компанияларда жабдықталған ғимараттарда провизорлық стационарлар ашу керек, - деді.
Өңір басшысы жекеменшік компаниялардың басшыларын сындарлы сәтте облыс тұрғындарына толыққанды қолдау көрсетуге шақырды.
- Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бері жекеменшік компаниялар кәсіптерін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан ерекше қолдауға ие боп келеді. Сол себепті ендігі кезекте жекеменшік компаниялардың өңір тұрғындарына қолдау көрсетер сәті келді, - деді өз сөзінде Ғали Есқалиев.
Жекеменшік компаниялардың елге жасаған қолдауы провизорлық және күндізгі стационарлар ашу болуы тиіс.
Қазіргі таңда стационарларда сырқаттарды емдеу тариф төлемі жоғарылады, оны мемлекет төлейді.
Өңірдегі Call-орталықтарда "109" нөмірі жұмыс жасайды. Коронавирус инфекциясының алдын алуда жекеменшік секторлардағы жұмыста болсын, зейнеткерлік демалыста болсын, кезекті еңбек демалысында болсын жүрген дәрігерлердің қолдауы қажет. Олардың көмегімен тұрғындарға тәулік бойы көпарналы кеңес берілмек.
Жекеменшік компаниялар тарапынан жұқпалы және провизорлық стационарларда жұмыс жасағысы келетін дәрігерлерге қосымша үстемақы төлеу қарастырылған.
Отырыс соңында өңір басшысы тағы бір мәрте дәрігерлерді оқу орнын бітірген кезде берген анттарына сай қызмет етуге үндеді.
zhaikpress.kz