2021 жылы – миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өткен болатын. Осы туралы да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сөз қозғаған [1]. Мемлекет басшысы көрсетіп кеткендей ұлттық тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Сол себепті де білікті мамандар тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеп, жүйелі зерттеумен айналысуы керек.
1920 жылы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы пайда болып, республиканың және жалпы Кеңестердің басына түскен бірінші сынағы – 1921-1922 жылдары орын алған аштық болатын.
Осылайша, Қазақстанның едәуір бөлігінде алдымен күшті жұт болып, кейін 1921 жылдың жазында қазақ даласы құрғақшылыққа ұшырады. Осы кезеңде 80%-ға жуық малдың өлімі орын алған. 1921 жылдың қарашасында аш адамдар саны 1 миллион 508 мың адамды құрады, бұл республика халқының 1/3 бөлігін құраған еді. Ал 1922 жылдың наурызына қарай бұл сан 2,3 миллионнан астам адамға жетті. Тек Батыс Қазақстанда ғана 1922 жылдың маусымына дейін аштық пен науқастардың саны жалпы халықтың 82%-на жетті. 1921 жылдың жазында Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен аштыққа ұшыраған аймақтар санына мына губерниялар қосылды – Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айжан Қапаеваның мәлімдеуінше «аштық» деген кезге көп жағдайда 1930 жылдардағы аштық бірден еске алынады. Ал 1920 жылдардағы ашаршылық әлі күнге дейін мүлде толыққанды зерттелмеген [2].
Тереңірек алып қарасақ ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының басында орын алған ашаршылықтың себебі егіннің нашар шығуынан ғана емес, сонымен қатар «әскери коммунизм» саясатының салдары мен азық-түлік салымынан туындады. Бұл кезеңде Қазақстанда 1 миллионға жуық адам аштық пен аурудан қайтыс болды.
Тарихшылардың пайымдауынша, аштыққа әкеліп соққан партиялық құжаттарда көрсетілген себептердің қатарында кәсіпкерлікті жою, өнеркәсіпті ұлттандыру, сыртқы сауданы монополияландырумен бірге қатар жүрген, «әскери коммунизм» саясатының негізінде туындаған елдегі төтенше экономикалық жағдайдың салдары, мәжбүрлі еңбек және азық-түлік диктатурасы да болуы мүмкін. Мұның бәрі ұлттық экономикаға, әсіресе аграрлық секторға ауыр соққы берген еді [3].
1921-1922 жылдары аштық жайлаған аумақтың ішінде Батыс Қазақстанның территориясы да болатын.
Ашаршылықтан қатты зардап шеккен Қазақстанның аумақтарының арасында Орал мен Бөкей губерниялары бар. Бұл кезеңде орын алған қатты құрғақшылықтан Орал мен Бөкей губернияларының тұрғындары еккен бидай өнбеді. Жайылымдағы шөп те сол себепті жанып кеткен еді. Бұған қоса, облыстан Самара және Саратов губернияларына миллион пуд астық жіберіліп, халықтың онсыз да қайғылы жағдайын одан әрі ушықтырды. 1921 жылдың тамызында Орал мен Бөкей губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілген болатын.
Бүгін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты қорында 1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы құжаттар баршылық. Жеке өзім де осы құнды деректермен танысып шықтым. Олардың бірінде Қырғыз-Орынбор өлкетану бөлімінің тілшісінің ашаршылық туралы «Орал губерниясындағы ашаршылық сұмдығы» атты мақаласы бар.
Бұл мақалада Орал губерниясының тұрғындары құстардың, иттердің, мысықтардың, жәндіктердің етімен тамақтанғаны туралы, тіпті каннибализм фактілері кездескені жайлы айтылады. Мысалы, Ілек ауданының Иртек ауылында үйлердің бірінен кішкентай баланың кемірілген қалдықтары табылды. Осыған байланысты, Ілек ауданында адамдарды жеу фактілерін тексеру үшін комиссия құрылған болатын. Дәл сол комиссияның жұмысы барысында Грязно-Иртекск селосында барлық тіршілік иелері, оның ішінде мысықтар мен иттер толығымен желінгенін растайтын фактілер анықталды. Сондай-ақ, егер тұрғындарға азық-түлік көмегі көрсетілмесе, барлық адамдар аштықтан көз жұматыны ескертілді [4].
1921 жылдың 30 қарашадағы Губстатбюро басшысының есебінде жүргізілген халық санағы туралы ақпарат беріліп, сол кезде Орал губерниясының халқы 525 600 мың адамды құрайтыны туралы мәлімденеді. Сонымен қатар, аш адамдар саны туралы деректер келесі уездер бойынша келтірілген: Орал уезінде – 38 мың адам (жалпы халық санның 30%), Ілек уезінде – 90 мың адам (жалпы халық санның 70%), Жымпиты уезінде – 33 мың адам (жалпы халық санның 35,5%), Калмыков уезінде – 42 мың адам (жалпы халық санның 70%), Гурьев уезінде– 24 мың адам (жалпы халық санның 20%) [5].
Сол жылдары қазақ даласында болған қиын-қыстау кезеңде көптеген балалар өзінің ата-анасынан айырылып, жетім қалғаны бәрімізге мәлім. Осы кезде Калмыковск және Жымпиты уездеріне жетім балалардың үлкен легі ағылды. Басқа аймақтардан балалар үйіне күн сайын 30-50 бала қабылданатындықтан, мұндағы тұрғындар нормасы 3-4 есе асырылды. Мысалы, бір балалар үйінде балалар саны 120-дан асатын. Орынның болмауына байланысты балалар үйінде жұқпалы аурулардың өршуі, ластану, антисанитарлық жағдайлар мен паразиттердің таралуы жиілеп кеткен болатын. 1922 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалар үйінде 1 500 бала есепте тұрды, олардың 89-ы ауырып қалды, 69-ы қайтыс болды. Осы орайда жетім балаларға көмек көрсету мақсатында 200 адамдық орыны бар 3 балалар үйі салынған болатын [6].
Аш халыққа көмектесу мақсатында атқару комитеті аштықпен күресу бойынша бірқатар шаралар жүргізе бастады. Бұл жұмыс аясында Орал губерниясында комиссия құрылып, көктемгі егіс науқаны кезінде губернияның барлық жерінде екі апталық «Красный пахарь» акциясы, ауыл шаруашылығына қатысты конференциялар ұйымдастырылды. Аштықпен күрес туралы губерниялық саяси ағарту бөлімінің үгіт хатында былай жазылған еді: «Аштықпен күресу мақсатында орталықтан аштыққа ұшыраған Орынбор, Ақтөбе және Орал губернияларына 1 миллион пұт дәнді дақыл жіберілді». Сонымен қатар бұл құжатта Украинадан Орал губерниясына тұрақты көмек аясында 23 вагон азық-түлік жөнелтілгені көрсетілді [7].
1921 жылдың 25 тамызы мен 31 желтоқсан аралығындағы аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жұмыстары туралы Орал губерниялық комиссиясының есебі мен баяндамасында көмек көрсетілгендігі туралы мәлімденеді. Әсіресе, Орал қаласында 4 450 адамға арналған 5 асхана ашылып, аштыққа ұшырағандар қорына түсетін салық жинау жұмысы ұйымдастырылды [8].
Осындай қазақ тарихындағы зұлмат жылдар кезінде республиканың интеллигенциясы да үлкен белсенділік танытқаны мәлім. 1921 жылы Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Сұлтанбек Ходжанов, Қоңырходжа Ходжиков, Санжар Асфендияров, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов, Сәкен Сейфуллин, Әшім Омаров пен Уалихан Омаров, және т.б. «Ақ жол» газетінде үндеулерін шығарған. Мұнда: «Аштықтан зардап шеккен аймақтарда бауырларымыз қаңғырып, шыбындай өліп жатыр ... қарны тоқ бауырлар көмек қолын созады деп үміттенеміз ...», – делінген. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Тлеу Кульбаев өзінің «Великая трагедия степи голод 1918-1924 годов» атты мақаласында сөз қозғайды [9].
1921-1922 жылдары Жаһанша Досмұхамедовтың өзі комитет атынан Пржевальск қаласында болып, онда азық-түлік жинағын ұйымдастырды. Кейін, ол Қазақстанның солтүстік пен батыс облыстарына жіберілді.
Бұрынғы Алашорданың тағы бір көсемі, ақын-жазушы Міржақып Дулатов та губернияның барлық қазақ жұмысшысын ерікті садақа түрінде мал жинауға жұмылдырып, оны даладағы аштыққа ұшыраған аймақтарға жеткізуді ұсынды. Жаз бойы ол бірнеше округтердің көшбасшылары мен үгітшілерінің бірі ретінде саяхаттап, нәтижесінде 15 мыңға жуық ірі қара мал жинаған.
Демек, еліміз үшін ең қиын уақытта қазақ қайраткерлері қоғамға шын жүректен қызмет еткенін байқаймыз. Және олардың осы ұлтжандығы үшін кейін совет өкіметі тарапынан қатаң жазалауға ұшырады. Осылайша, сөзімді қорытындылай келе, бұл тақырыптың әлі де ашылмай қалған тұстары көп екеніне көз жеткізе аламыз. Сол үшін осы құпия мен сырын ішіне бүгіп жатқан аштықтың ақиқатын тереңдеп зерттеу, халыққа жариялау керек.
Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Жаңаша ойлау мен қайта құру ақыл-ой, сана, рух бостандығына қол жеткіздік. Жариялылық жалауы да желбіреді. Еркін пікірлесуге, ой-тұжырымымызды ашық айтуға, бұрын «құпия» болған тақырыптарға зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасалды. Егеменді мемлекеттің толыққанды тарихы болуы тиіс. Және осы егемендікке жету жолында қуанышынан қайғысы басым болған қазақ ұлтының қандай қиын заманды бастарынан кешіргендері, еліміздің асыл тұлғаларының өз өмірлерін қиғаны мен аянбай еңбек еткендері туралы өскелең жас ұрпақ ешқашан естерінен шығармауы керек деп есептеймін.
Нәдия Жастілек,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
Суреттің дереккөзі: baribar.kz