Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 80 мыңнан астам адамның құқығы қалпына келтірілді, - деп жазады Kazinform.

БҚО прокуроры Серік Шалабаевтың мәлім еткеніндей, соның ішінде балалар құқығын қорғау ерекше назарда.
Серік Рысқалиұлының сөзіне қарағанда, алимент төлемеушілік ең өткір әлеуметтік мәселелердің бірі болып қалып отыр.
- Тек биылғы жылы прокуратуранының араласуымен 5 қылмыстық, 111 әкімшілік іс қозғалды. 1 мыңнан астам балаға қатысты 400 млн астам алимент берешегі өндірілді, - деді облыс прокуроры.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды бағыт – инвестициялық жобаларды қолдау. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Фронт-офис алаңында барлық уәкілетті органдармен бірлесе отырып, 180 млрд теңге болатын 15 жобаны жүзеге асыруға көмек берілді. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 8 млрд астам теңге түсті.
- Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл – әр отбасына келген тұрақтылық, әр азаматтың ертеңіне деген сенімі. Алайда қоғамдағы тыныштық тек экономикамен өлшенбейді. Қауіпсіздік – кез келген өркениетті мемлекеттің іргетасы. Сол себепті қылмыстың алдын алу – біздің басты міндеттеріміздің бірі, - деді С.Шалабаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңгенің мемлекетке қайтарылғанын жазған болатынбыз.