30.03.2026, 16:30
Оқылды: 16

Батыс Қазақстанда ауыл тұрғыны жаралы аққуды даладан тауып алды

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылының тұрғыны жаралы аққуды қорада ұстап отыр.

ae0f5137-5fc2-4f9e-bcf6-6407f1a6910a
Фото: Kazinform

Аталмыш ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікқали Нұрадиловтің мәлім еткеніндей, көршісі Нұрлыбай Құспанов мотоциклмен қой бағып жүріп, 29 наурыз күні ауылдан үш шақырымдай жерден жаралы аққуды тауып алған.

- Содан кейін «Жүре алмай тұр, түлкі, қарсақ жеп кете ме деп қорқып тұрмын», деп маған хабарласты. Көлікпен барып, үйге алып келдім. Қазір қорада тұр, жем-суын бердім. Суын ішкен сияқты. Аудандық ветеринарлық станцияға хабар бердім. Ертең мамандарды күтіп, сосын Жақсыбай өзенінің қамысы, қоғасы қалың жеріне жібермек ойым бар, - деді С.Нұрадилов.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі облыстық экологиялық-биологиялық орталық директоры Гүлжайна Нұралиеваға хабарласқан еді.

Маманның сөзіне қарағанда, орталықта аққулар тұратын орын тар. Ол жерде солай жараланған аққулар тұр. Сырттан келген аққуды сыйыстырмай талайды.

- Аққуға бидай, арпа, сұлы, үгітілген сәбіз, орамжапырақ қабығын, асқабақ беруге болады, көк шөп жейді. Ас үйден қалған қалдық тамақты бермейді. Бейнетаспадан көрініп тұрғандай, тұмсығынан жараланған, ұшып келе жатып, қалып қойған болуы керек. Маман қараса, ішіне зақым келмесе, қорқынышты емес. Қазір күн жылы, ондай құстарды емдеп, табиғатқа жіберу керек, - деді Г.Нұралиева.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале