21.12.2023, 11:00
Оқылды: 90

Батыс Қазақстанда бірнеше әкімнің атына шаруа қожалығы тіркелген

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында төрт мәселе қаралды. Алдымен Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылдық округінің әкімі Мұрат Жұмашевқа қатысты тәртіптік іс материалдары талқыланды.

 адеп кенеси

Бұл мәселе бойынша Ақжайық ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ізбасар Дәуітов хабарлама жасады.

Оның баяндауынша, Базаршолан ауылындағы Ғ. Махамбетов атындағы орта мектептің екі мұғалімі Мұрат Махатұлының үстінен арыз жазған. Соған сәйкес аудан әкімінің 2023 жылғы 14 қарашадағы өкімімен тәртіптік тергеп-тексеру комиссиясы құрылған. Яғни қазанның 6-нда ауылдық мәдениет үйінде «Qazaq Кalium Ltd.» ЖК-ның Сәтимола кен орнын игеруі жөнінде қоғамдық тыңдалым өткен. Ауыл әкімі жиынға төрағалық етіп, жүргізіп отырған. Жиналыс барысында әкім логопед пен дефектологқа «Сіздер не істеп отырсыздар?» деп дауыс көтеріп сөйлеген. Хабарламашы Ізбасар Дәуітов ауылдық округ әкімінің қызметтік автокөлікті мақсатсыз пайдаланғанын да айтты. Алайда іс материалдарындағы фотода қызметтік көліктің нөмірі, ал бейнежазбада әкімнің бет-бейнесі көрінбейді деді. Осылайша қызметтік көліктің мемлекеттік нөмірін және көлікте Жұмашевтың болғанын нақты дәлелдейтін айғақ, фото және бейнежазба жоқ боп шықты. Сөз кезегі өзіне тигенде Базаршолан ауылдық округінің әкімі Мұрат Жұмашев ауылда өткен жиналыста дауыс көтеріп сөйлегенін мойындап, Әдеп жөніндегі кеңес қандай шешім шығарса да қарсы еместігін айтты. Ал ешқандай қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланбағанын мәлім етті. ҚР МҚІА БҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев аталған іс бойынша тексеріс нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, округ әкімі М. Жұмашевтың жиналыс кезіндегі теріс іс-әрекеті әкім аппараты ұсынған материалдар және өзінің берген түсініктемесімен расталған. Тәртіптік ісі қаралған әкімнің жалпы еңбек өтілі 22 жыл 4 ай болса, мемлекеттік қызметтегі өтілі – 1 жыл 7 ай. Әкімге берілген қызметтік мінездемеде оның ауылдың әлеуметтік, экологиялық мәселелеріне баса мән беріп жұмыс істейтіні сипатталған. Оның атқарған жұмысына қарамастан ауыл тұрғындарының жиі шағымданатыны, әріптестері және ауылдастарымен үнемі сөз таластыратыны мәлім болған. Ауыл тұрғынының шағымы бойынша жұмыссыздар есебін жүргізуде кемшіліктерге жол беріп, міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін аудан әкімінің сәуір айының 14-і күні шыққан өкімімен М. Жұмашев сөгіс алған. Әдеп кеңесінің отырысынд барлық іс материалымен танысқан соң, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов ауылдық округ әкімі М. Жұмашевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Кеңес мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдады.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында департаменттегі басқарманың бас маманы Самат Есқалиев мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін баяндады. Аталған комиссиялар биылғы 3-тоқсандағы жұмыс барысында бұзушылықтарға жол берген. Мәселен, мемлекеттік қызметшіде «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза болса, екінші жасаған тәртіптік теріс қылығы үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» немесе «лауазымын төмендету» түріндегі жаза қолданылуы тиіс. Алайда Сырым ауданында аталған талап сақталмаған. Аудандағы Сарой ауылдық округі әкімінің екінші теріс қылығы үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Сондай-ақ отырыста жергілікті және орталық атқарушы құрылымдардың, тексеру комиссиясы мен мәслихат аппараттары мемқызметшілерінің мүлікті сенімгерлікке басқаруға беру мәселесі айтылды. Мемлекеттік қызметшінің педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін қызметпен, кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы жоқ. Алайда Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Е. Тналиевтің «Димаш» ШҚ, Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б. Хамидуллиннің «Шідерті» ШҚ және Теректі ауданындағы Шалқар ауылдық округінің әкімі Ш. Тілешжанның «Тілешжанов» шаруа қожалығы тіркелгені анықталған. Бүгінде егіндікөлдік әкім мен бөлім басшысының міндетін атқарушының шаруа қожалықтарын таратуға декларациялар тапсырғаны белгілі болды. Ал шалқарлық әкімге қатысты мониторинг жалғасуда. Сондай-ақ Сырым ауданындағы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі А. Балғалиевтің «Атамекен-Сырым» АӨК және ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының бас маманы С. Қодаровтың «Қали 2017» АӨК құрамында тіркелгені анықталған. Департамент жүргізген талдау нәтижесінен соң олар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің құрамынан шығарылған. Әдеп кеңесінің отырысында мемқызметшілердің ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптарын сақтауына жүргізілген талдау нәтижелері айтылды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале