Батыс Қазақстан облысында еріген қар суы жолды шайып кетті.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 ақпан күні сағат 18.30-да Бөкей ордасы ауданы аумағында болды.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне қарағанда, Ұялы ауылы маңында облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 157-інші және 227-шақырымында тез еріген қар суы жолдың үстіне шығып кетті (ұзыны 4-5 метр, тереңдігі 15-20 см).
Соның салдарынан жол барлық көлік түрлері үшін жабылды. Жергілікті атқарушы органдар (9 қызметкер, 2 техника) және «Жолаушы-жол» ЖШС (20 қызметкер, 4 техника) күшімен инертті материал салынған 40 қап төселіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жолдың 157- шақырымында судың жолдан асып түсуі тоқтады. 25 ақпан күні жолды қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда республикалық және облыстық жолдарда қозғалысқа шектеу қойылғанын жазған болатынбыз.
inform.kz