ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, оқиға Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округі Новенький ауылынан 1 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақас» агрофирмасы» ЖШС құс фабрикасында өткен желтоқсан айының аяғында болған, - деп жазады KAZINFORM.
Сурет: istockphoto.com
Астана қаласындағы аталған комитетке қарасты «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығында» жүргізілген зертханалық зерттеу қорытындысына сәйкес пастереллез диагнозы расталды.
Инспекциядан түскен мәліметке қарағанда, пастереллез анықталғаннан кейін Байқоныс ауылдық округінің 31 желтоқсандағы шешімімен құс фабрикасы аумағында шектеу шаралары енгізілді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының «Ветеринария саласындағы тергеп-тексеру жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 28 маусымдағы № 231 бұйрығына сәйкес Бәйтерек аудандық аумақтық инспекциясы «Ақас» агрофирмасы» ЖШС құс фабрикасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты «Ветеринария туралы» Заңның 11-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» БҚО филиалы уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын жою жұмыстарын атқарып жатыр.
— Инспекция 6 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының құс шаруашылықтарымен дөңгелек үстел отырысын өткізіп, онда эпизоотияға қарсы шаралар (құс ауруына қарсы вакцинациялау), сондай-ақ құстың жұқпалы ауруларына жол бермеу мақсатында ветеринариялық-санитарлық талаптар түсіндірілді. «Ақас» агрофирмасы» ЖШС құс фабрикасы жеке меншікте болғандықтан, инспекция оның кәсіпкерлік қызметіне араласа алмайды. Бәйтерек ауданында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Құс фабрикасына таяу жердегі Новенький ауылында мониторинг жүргізілуде. Содан кейін құс өлімі тіркелген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.