Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 20 өрт оқиғасы тіркелді, - деп жазады kaz.inform.kz.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның салдарынан 2 адам қаза тапса, жарақат алғандар болған жоқ.
Елдос Нұрланұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы осы мерзімде 18 өрт болған еді. Биылғы өрттің 15-і тұрғын үй секторына тиесілі. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (9) салыстырғанда, едәуір артық.
- 2025-2026 жылғы жылыту маусымына орай тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алуға арналған профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 778 отбасы болса, олардың тұрғын үйлеріне 703 улы газ датчигі орнатылды. Қамту деңгейі 90,3 пайыз болды, - деді Е.Батталов.
Департамент бастығының орынбасары тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салды.