Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері су айдындарына 855 рейд жасалып, оған 2 мыңнан астам адам тартылды, - деп жазады kaz.inform.kz.
Сурет: istockphoto.com
БҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, рейдтер қорытындысына сәйкес 1 заңды тұлға және 3 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, 74 708 теңге айыппұл салынды.
Оның сөзіне қарағанда, биыл автокөлік құралдарының қатысуымен 2 оқиға болып, соның салдарынан 4 адам абайсызда суға батып кетті.
- Өткен жылы су айдындарында 13 адам суға кетсе, соның алтауы – балалар. Профилактикалық жұмыстар барысында 20 адам құтқарылса, соның жетеуі – балалар. Адамдардың суға кетуінің басты себептері – өз күшін бағаламау, мас күйінде шомылу, балықшылардың қауіпсіздік ережесін бұзуы және балаларды қараусыз қалдыру, - дейді Р.Шариев.
Басқарма бастығының айтуынша, облыста 31 жағажай (10-ы коммуналдық, 21-і жеке меншік) болса, 2024 жылы соның 12-сі ғана жұмыс істеді.
- Қазіргі таңда жағажайлар санын көбейту мақсатында департамент әкімдіктермен бірлесіп, рұқсат етілген орындар тізіміне түзетулер мен толықтырулар енгізуде. Жобаға сәйкес жағажайлар санын 33-ке жеткізу ойластырылуда. Орал қаласында қосымша 2 жеке, Жәнібек пен Теректі ауданында бір-бірден коммуналдық жағажай ашу көзделуде. Бәйтерек ауданында 2 жеке жағажай жабылып, 1 коммуналдық орынға рұқсат етілмекші. Жаңақала ауданында 1 коммуналдық жағажай жабылуда, - деді Р.Шариев.
Шомылу маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 72 құтқарушы, 24 жүзу құралы, 3 қайық және 15 патрульдік көлік дайындалды. Оған қоса рейдтік іс-шараларға ТЖД, полиция департаменті және көліктік бақылау инспекциясынан 400-ден астам адам жұмылдырылады. Сондай-ақ еріктілер ұйымдарын тарту жоспарлануда.